Шынын айтайық, «кен құтқарушылары тек кен орнындағы адамдарды ғана құтқарады, бар жұмыстары – осы» деп ойлағанбыз. Сөйтсек, ондай емес екен. Түсінікті болу үшін рет-ретімен тарқатайық.
Облыстық филиалдың баспасөз қызметінің жетекшісі Эльдар Зиядан бізді Риддер жедел әскерилендірілген тау-кен құтқару взводына бастап әкелді. Әуелі өндірістік-жөндеу шеберханасының жұмысымен таныстық. Бұл жерде құтқарушылар шахтаға адамдарды құтқаруға немесе өрт сөндіруге түскенде басына киетін асператор мен жер астындағы газ мөлшерін өлшейтін индикаторлық түтікшелер дайындалады екен. «Өндірістік цех 1965 жылы құрылған. Бұл – еліміздегі аталған сала бойынша жалғыз зауыт. Біз газдың бес түрін дайындаймыз. Осы газдар арқылы шахтадағы ауа құрамын анықтаймыз. Бұл не үшін керек? Шахтадағы адамдардың уланып қалмауы үшін керек. Біздің өнімдерді өңірдегі кен орындарының барлығы тұтынады. Бұрын жылына 3 миллион дана индикаторлық түтікшелер өндірілсе, қазір жылына 360 мың дана газ анықтауыш шығарып жатырмыз», дейді өндірістік бөлімнің бастығы Елена Григор.
Мұнда шахтадағы ауа құрамын күнделікті бақылаумен айналысатын арнайы бөлім бар. Бұл бөлімнің қызметкерлері күн сайын таңғы мезгілде шахтаға барып, ондағы ауаны арнайы ыдысқа толтырып әкеледі. Содан кейін әкелінген ауа құрамы мұқият тексеріліп, егер ауа құрамынан зиянды заттар анықталса шахта басшылығына ескерту жіберіледі. Бөлімнің мамандары ауадан бөлек шахтадағы шаң құрамы мен жер астында жүретін көліктерден шығатын түтіннің құрамын да тексеріп отырады.
Әрине, шахтада жұмысшылар лифті пайдаланатыны белгілі. Лифттің темір арқандардың көмегімен қозғалатыны айтпаса да түсінікті. Риддерде осы темір арқандарды қарап, тексеруден өткізетін арнайы бөлім жұмыс істейді. Бөлімнің бас маманы Оксана Ничаеваның айтуынша, жаңа темір арқан жылына бір мәрте, ал жұмыс барысындағы темір арқандар жарты жылда бір рет тексеруден өткізіледі. Тексергенде жұмыс істеп тұрған лифттің темір арқанының бір метрге жуық бөлігін кесіп әкеледі екен. Сосын оның 30 сантиметрін бөліп алып, әуелі жақсылап жуып, сындырып, мықтылығын тексеріп, қорытындысын айтады. «Әлі іске қосылмаған су жаңа темір арқандарды да ең әуелі біз тексереміз. Біздің рұқсатымызсыз пайдалануға берілмейді», дейді О.Ничаева.
Пресс-тур барысында тау-кен құтқарушыларының құтқару шаралары кезінде киетін респираторларын да көрдік. Респиратордың екі түрі бар екен. Бірімен екі, екіншісімен 4 сағатқа дейін тыныстауға болады. Бұл құрылғыларды олар негізінен төтенше жағдайлар, апаттар орын алған кезде пайдаланады. №2 апатты құтқару отряды командирінің орынбасары Дәурен Дидархановтың айтуынша, әр құтқарушының жеке респираторы, арнайы киімдері мен құрал-жабдықтары бар. «Құрал-жабдықтар кез келген уақытта дайын тұрады. Мәселен, сен ұйықтап жатқан кезде дабыл түссе бірден киініп, оқиға орнына аттануға тиіссің. Төтенше жағдай кезінде жер астына жедел жәрдем өкілдері де, өрт сөндірушілер де жіберілмейді. Ол жұмыстың бәрін тау-кен құтқарушылары істейді.
Сондықтан әрбір құтқарушының мейірбике деңгейінде медициналық білімі болуы қажет. Уланған адамды таза ауаға жалғау, жарақат пен сынықты таңу сияқты алғашқы медициналық көмектің бәрі соның мойнында. Жер астындағы апатты жою өте күрделі шаруа. Шақырымға дейін созылатын дәліздер бір түйір мақтаның түтінін кеніштің бір басынан екінші басына қас пен көздің арасында таратып үлгереді. Сондықтан өрт бола қалған жағдайда ең бірінші апатты аумақ оқшауланады. Ол үшін құтқарушылар бөрене тіреулер мен тақтай, тұмшалағыш маталар ала түседі. Осы арқылы олар улы түтіннің өзге аумаққа таралуын болдырмайды. Екінші кезекте зардап шегушілер құтқарылады. Ең соңында құтқарушылар қызыл жалынмен арпалысқа түседі», дейді ол.
Әр шахтада құбыр толы су қоры болады. Өрт кезінде құтқарушылар «әмбебап бұрғымен» әлгі құбырдың кез келген жерінен тесіп, өрт сөндіргіш шлангаға жалғайды. Апат ауыздықталған соң кеніштегі ауаның құрамы қайта тексеріліп, содан кейін ғана жұмыс жалғасады. Ал кеніштің төбесі опырылған жағдайда бірнеше тонналық үйіндіден адам денесін аршу, бұрыш-бұрышқа жан сауғалап кеткен кеншілерді іздеу, олар үшін бітелген дәлізден жол қазу, жараланғандарын зембілмен тасу да – тау-кен құтқарушыларының жұмысы. Олардың дайындықтары да өзгеше. «Диномометр» деп аталатын елу градустық ыстық бөлмеде 20 кило темірді көтеріп жаттығады. Бұл – біз куә болған бір сәт қана.
Тау-кен құтқарушысы Манарбек Мұқанов осында 20 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт мұғдарында әріптестерімен бірге 100-ден астам адамды құтқарғанын айтады. «Жер астында жұмыс істеудің өзі бір қауіп болса, сондағы жұмыскерлерге қауіп төнгенде қастарынан табылып, жандарын аман сақтап қалу да өте күрделі шаруа. Мұны осы жұмыстың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген тау-кен құтқарушылары ғана түсінетін шығар. Жүйкеге салмақ түсірген сәттер аз болған жоқ. Мәселен, осыдан 7-8 жыл бұрын Быструшинский кенішінде үлкен өрт болды. Сонда біздің бір әріптесіміз қатты құлап, белін сындырды. Көк түтін. Түк көрінбейді. Алып шығуға ғана шама келді», дейді ол.
Статистика бойынша әрбір мың тонна көмір үшін бір кенші өмірін қияды екен. Ал сол кеншілерді құтқарамын деп өз жандарын құрбан еткен құтқарушылар да бар. 2016 жылы Жезкент маңындағы Орлов кенішінде қайғылы оқиға орын алады. Тау-кен құтқарушылар С.Аухадиев пен Т.Асылбеков өрттен бой тасалаған кеншіні тауып, тысқа беттеген кезде, кенет ауа баптағыш іске қосылып, шахтадағы 50 градус ауа қапалақтың әсерінен 150 градустық ыстыққа айналып, кеншімен бірге екеуі де тірідей қақталыпты. Былтыр Жезкентте сол боздақтарға арнап ескерткіш тақта орнатылыпты.
Бір байқағанымыз, жұмыстары қауіп-қатерге толы кәсіп иелері қазіргі уақытта ел қатарлы 63 жаста зейнеткерлікке шығады екен. Бұрындары әскерилер сияқты 45 жастан зейнетке шығыпты.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы
Суретті түсірген Талғатжан МҰХАМАДИЕВ