Футбол • 24 Сәуір, 2018

Тісқаққан «Ливерпуль» мен мінезді «Рома»

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін түнде Чемпиондар лигасының жартылай финалдық алғашқы кездесуі өтеді. Ағылшынның «Ливерпулі» Италияның «Ромасын» қабылдайды. Жартылай финалға 10 жылдан кейін шығып отырған ағылшындар мен осы кезеңге соңғы рет 1984 жылы шыққан «Рома­ның» қайсысы күшті? «Энфилдтегі» матчта қайсысы басым­ болуы мүмкін?

Тісқаққан «Ливерпуль» мен мінезді «Рома»

Тарихтың қатпар-қатпарынан аршып алған бір статистикаға жол берсек. Дәл сол 1984 жылы «Рома» Чемпиондар лигасының финалына шыққан кезде пенальти сериясынан жеңіліп қалып еді. Жеңімпаз команда дәл осы – «Ливерпуль». Міне, содан бері «Рома» әлемдегі клубтық деңгейдегі ең ірі турнирде қайтадан британдықтармен кездескелі тұр.

Қос ұжым еурокубоктарда 5 мәрте кездескен екен. Соның қос матчтан тұратын текетіресінде «Ливерпуль» жеңімпаз атанып, келесі айналымға өтіпті. Ол ғасырлар тоғысында өткен 2000 жылғы УЕФА Кубогы жарысы еді. Мерсисайдтықтар «Олимпико» стадионында өткен алғашқы ойында 2:0 есебімен жеңіске жетті. Сырттағы ойында екі гол соққан Майкл Оуэн, жа­уапты ойын алдында үлкен басымдылық жасады. Алайда жауапты ойында керісінше «Рома» жеңіске жетті. Бірақ италиялықтардың соққан жалғыз голы келесі кезеңге өтуге мүмкіндік берген жоқ. Сол жылы УЕФА кубогын «Ливерпуль» жеңді.

Сонымен қатар бұл екі ұжым 2001/2002 жылғы Чемпиондар лига­сының топтық кезеңінде бір топқа түс­кен. Римдегі алғашқы ойында таблодағы көрсеткіш еш өзгермей, есеп 0:0 болса, «Энфилдтегі» матчта ағылшындар 2:0 ұтқан. Алдымен Яри Литманен пенальтимен есеп ашса, Эмиль Хески екінші голды соққан.

2016 жылы «Рома» мен «Ливерпуль» АҚШ-тың Сент-Луис қаласында жол­дастық кездесу өткізіпті. Онда италия­лық­тар 2:1 есебімен жеңген. Сол ойында бір қызығы Эдин Джекодан кейін, екінші голды «Ливердің» қазіргі лидері Мохамед Салах соққан.

Жалпы алғанда, Чемпиондар лига­сы­ның жартылай финалында «Ливерпуль» «Ро­маға» қарағанда көп ойнаған. 9 мәр­те жартылай финалда ойнап, соның тек екеуінде ғана финалға өте алмаған. Соң­ғы үш жартылай финалдың үшеуінде де «Ли­верпуль» отандас команда «Челси­мен» кездесіпті. Үш ойынның екеуінде фи­налға өтіп, тек біреуінде ғана «ақсүйек­терге» жол берген.

«Романың» бір ерекшелігі, алғашқы кездесуде жеңіліп қалса да, мінез көрсетіп келесі айналымға өте алатындығында. Биылғы плэй-офф кезеңдерінде ол осындай жігерді бір емес, екі рет көрсетті. Ал­дымен Донецкінің «Шахтерін», одан кейін атақты «Барселонаны» айналып өтті. Ал қазір осы ойын алдында бук­ме­керлік кеңселер келесі кезеңге сенімді түрде «Ливерпуль» өтеді деп отыр. Ойын Астана уақытымен 00:45-те басталады.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»