Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамыту жайы қаралды. Сондай-ақ кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, сонымен қатар медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалыптастыру және сервистік қызмет көрсету мәселелері талқыланды.
Мал шаруашылығына маңыз беріледі
Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасының тұжырымдамасымен Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев таныстырды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық даму бағыттарына талдау жүргізіліп, нәтижесінде ауылшаруашық өнімдерін экспортқа бағыттау және импортты алмастыруға бағытталған 15 басым бағыттар анықталған.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, бағдарламаны жүзеге асыру жаңа мал өсіруші-фермерлер класын құруға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында фермерлік шаруашылықтар санының 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсуіне, ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ ІҚМ санын 7 млн-нан 15 млн басқа дейін көбейтуге, сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға, экспортттан түсетін пайда көлемін $2,4 млрд дейін ұлғайтуға, бір жұмысшыға еңбек өнімділігін $1000-дан $8000-ға дейін өсіруге жол ашылмақ.
Ауыл шаруашылығы министрлігі етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың нақты міндеттері мен мерзімдері көрсетілген егжей-тегжейлі жол картасын әзірлеген. Жол картасын АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізу ұсынылған.
Ал «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов өз баяндамасында ҚазАгро құрылымы арқылы жаңа бағдарламаның жобасын іске асыру аясында фермерлік шаруашылықтарды – шағын бизнес субъектілерін қаржыландыру жоспарланғанын атап өтті. Осылайша, фермерлер малдарды одан әрі көбейтіп өсіру үшін төлдейтін мал сатып алуға, ауылшаруашылық техникасын және мал азығы өндірісіне жабдықтар сатып алуға, мал ұстайтын орындарды салуға, айналым қаражаттарын толықтыруға және бизнес жүргізуге қажетті өзге де мақсаттарға 15 жыл мерзімге пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ескере отырып, жылына 4%-ке несие ала алады. Биыл фермерлерді қаржыландыруға барлығы шамамен 50 млрд тг бағыттау жоспарланған.
Бағдарламаның тұжырымдамасы Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі сияқты халықаралық ұйымдар сарапшыларының қатысуымен әзірленді, олар өз қаражаттарын тарту арқылы бағдарламаны іске асыруға белсенді түрде атсалысатын болады. Мәселен, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Ато Браун өз сөзінде бұл бағдарлама Қазақстан экономиканы әртараптандыру тұрғысынан таңдаған өсу үлгісі үшін өте маңызды екенін аталады. Ауыл шаруашылығындағы сауданы дамытудың маңыздылығы аталып өтті, себебі қазақстандық өнімдер Ресей, Қытай және Орталық Азия нарықтарында жоғары сұранысқа ие.
Сондай-ақ жиында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз кезегінде жаңа бағдарлама мал шаруашылығын дамытуға оң әсерін тигізетінін атап өтті. «Бұл бағдарлама тек етті мал шаруашылығы мәселелерін ғана емес, сондай-ақ жайылымдарды тиімді пайдалану, суармалы жайылымдардың көлемін арттыру секілді маңызды мәселелерді де қозғайды. Бағдарлама жем-шөп өндірісін дамытуға бағытталғанын ерекше атап өткім келеді», деді А. Мырзахметов.
Үкімет отырысында аграрлық сектор өкілдері жаңа бағдарламаның тұжырымдамасына түсініктеме беріп өтті. Inalca Eurasia трансұлттық корпорациясының вице-президенті Андрей Вакулин талқыланған бағдарламаның өзектілігіне және уақытылы қаралып жатқанына назар аударды.
Сонымен қатар ол Inalca Eurasia компаниясы жобаны қуаттылығы жылына 180 мың мал соятын ет комбинатының құрылысы бойынша іске асыруды мамыр айының соңында бастауды жоспарлап отырғанын айтты. Ал «Астық индустриясы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Әлжан Хабиев ұлттық бағдарлама ет индустриясында бизнесін дамыту үшін не қажет екенін анық түсінетін инвестор тілінде жазылғанын атап өтті. «Біз бизнес ретінде алғаш рет бағдарламаны әзірлеуге қатыстық. Бағдарлама бүкіл әлемде қолданылатын нақты технологияға негізделген және ең бастысы, бизнесті жүргізуді қиындататын шарттар жоқ», деді Ә.Хабиев.
Жиында сондай-ақ бірқатар облыс әкімдері және Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев сөз сөйледі. Мәселені қарау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйвері болуы керек деген міндет қойғанын еске салды.
«Жаңа үлкен нарықтар ашылып жатқандықтан, тиісті органдармен жоспарланған іс-шараларға қатысты барлық мәселелерді тағы бір рет талқылау қажет. АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу аясында етті мал шаруашылығын дамыту бойынша кешенді шаралар қаралуы тиіс», деді Б.Сағынтаев.
Кедендік үдерістер автоматтандырылды
Үкімет отырысында кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мәселелері бойынша «Астана-1» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жобасын іске асыру барысы туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады.
Б.Сұлтановтың айтуынша, кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіру «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының, биыл күшіне енген жаңа Кеден кодексінің нормалары аясында жүргізіліп жатыр. БҰҰ ЮНКТАД-пен бірлесіп «Астана-1» ақпараттық жүйесі енгізілуде. Мәселен, 2017 жылғы 1 қазаннан бастап «Кедендік транзит» кіші жүйесі іске қосылды, 200 мыңнан астам транзиттік декларация ресімделді, оның ішінде 92%-тен астамы (180 мыңнан астам транзиттік декларация) 1 минуттан аспайтын уақытта шығарылды. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Экспорт» кедендік рәсімі бойынша «Кедендік декларациялау» кіші жүйесі іске қосылған.
«Биылғы 1 сәуірден бастап импорт бойынша және қалған кедендік рәсімдер бойынша «Астана-1» ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда импорт бойынша тауарларға арналған 16,3 мың декларация ресімделген, одан тауарларға арналған декларациялардың 90%-ы «жасыл дәліз» арқылы автоматты режімде шығарылды», деді Б.Сұлтанов.
Ал өз кезегінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев «Ақпараттандыру туралы» заңға сәйкес «Астана-1» ақпараттық жүйесін құру туралы техникалық міндет бекітілгенін айтты. Осы жылдың сәуір айында «Астана-1» ақпараттық жүйесі мен оны «Е-лицензиялау» Мемлекеттік деректер қорымен ықпалдастыру жүзеге асырылғанын жеткізді. Министрдің мәліметінше, жол картасы әзірленіп, бекітілді. Оның аясында талап етілетін құжаттар саны азайтылып, қызмет көрсету мерзімі 26 жұмыс күнінен 8 жұмыс күніне дейін қысқартылады, сондай-ақ атқарылатын жұмыс жартылай автоматтандырудан, толық автоматтандыруға көшіріледі.
Бүгінде 63 кеден бекеті жердегі байланыс арналары арқылы, 8 өткізу бекеті – спутниктік байланыс арқылы желіге қосылған.
Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов «Астана-1» АЖ-ны енгізу саласындағы мәселелер мен оның бизнеске тигізер пайдасы туралы айтып берді. Сондай-ақ Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин мен Премьер-Министрдің орынбасары А.Жұмағалиев талқыланған мәселеге қатысты пікір білдірді.
Медициналық жабдықтар жаңаруда
Жиында медициналық жабдықтарды сатып алу, бірыңғай номенклатурасын қалыптастыру және сервистік қызмет көрсету мәселелері жөнінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов есеп берді. Министрдің мәліметінше, жарақтандырудың ең төменгі нормативтеріне сәйкес медициналық техникамен жарақтандырудың орташа пайызы 65,2%. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық техниканың тозуы 35% астам. Медициналық техниканы жаңартуға деген қажеттілік жыл сайын 96 млрд теңгені құрайды.
2016 жылдан бастап 2018 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 128 млрд-тан астам теңгеге медициналық техника сатып алынған. Бұдан өзге жыл сайын жергілікті атқарушы органдар материалдық-техникалық жарақтандыруға жалпы сипаттағы трансферттер бөледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық техниканы пайдалану тиімділігін талдау мақсатында 2017 жылғы мамыр-маусым кезеңдерінде 2012-2016 жылдар аралығында сатып алынған техникаға кезең-кезеңмен тексеріс жүргізді. Құны 5 млн астам теңге тұратын медициналық техникаға талдау жасалды. Жүргізілген аудит қорытындысы бойынша бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды», деді Е.Біртанов.
Қажеттілікке жүргізілген талдаудан кейін және МЖӘ мен лизинг арқылы жасалған шарттардың өсуінің оң қарқынын ескере отырып, Министрлік осы механизмдерді қолдану арқылы денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыру жөнінде шешім қабылдаған. 2016-2018 жылдар кезеңінде 4,9 млрд теңге сомасына 241 лизингтік жоба іске асырылған. «Жылдың соңына дейін медициналық ұйымдарды цифрландырып, оларға қымбат тұратын медициналық жабдықтарды қосу арқылы барлық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында мониторинг жүйесін енгізу жоспарланып отыр», деді Е.Біртанов.
Бұл бағытта өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов баяндады. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов пікір білдірді.
Премьер-Министр мәселені қарау қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен және «Атамекен» ҰКП бірлесіп осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Бұдан өзге, рационалды жоспарлау және медициналық техниканы сатып алудың жөнділігі мәселелеріне назар аудару тапсырылды. Бұл жабдықтың тұрып қалу және оны тиімсіз пайдалану қаупін азайтады.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»