Елімізде тәуелсіздік жылдары ішінде демократиялық және құқықтық сұранысқа сәйкес келетін құқық қорғау жүйесі қалыптасты. Бүгінде бұл жүйе конституциялық талаптарға сай тиімді жұмыс істеп келеді. Осы жүйенің нәтижелерін саралай отырып, оның қызметін одан әрі дамыта беру де ерекше назарда тұр. Өйткені қылмысқа қарсы күрес, заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау сияқты мәселелер нәтижесі көптеген құқықтық актілердің орындалуына байланысты. Ал бұл мәселелер құқықтық салада шетелдермен жасалатын түрлі келісімдердің оңтайлы болуына да әсер ететіні сөзсіз.
Мемлекеттің құқықтық саясаты негізінде құқық қорғау мен сот жүйелерінің және құқық қорғау институттарының дамуы арқасында құқықтық салада шетелдермен тиімді келісімдер жасасу жолға қойылды. Соның бірі ретінде айтар болсақ, бүгінде Қазақстан шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен 3 867 халықаралық шарт жасасты. Олар атап айтқанда, саяси, экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық, қауіпсіздік және тағы басқа салаларда халықаралық құқықтық ынтымақтастықты қамтиды.
Соның ішінде елдің ұлттық қауіпсіздігін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз етудегі сыртқы саясатының басты бағыты – мемлекеттік шекарамызды халықаралық талаптарға сай құқықтық ресімдеу шарттарын атап өту қажет. Тиісті халықаралық шарттарды жасасу арқылы барлық көршілес елдермен мемлекеттік шекараны делимитациялаудың толық аяқталуын осы саладағы маңызды жетістік деп айтуға болады. Атап айтқанда, бүгінде Қазақстан өзінің мемлекеттік шекарасын Қытаймен және Түрікменстанмен толық ресімдеді.
2017 жылғы 25 желтоқсанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасында мемлекеттік шекараны шегендеу туралы шартқа қол қойылды. Бұл шарт екі елдің парламенттері ратификациялағаннан кейін күшіне енеді. Өзбекстан және Ресеймен шекарамызды демаркациялау үдерісі аяқталғаннан кейін осы елдермен де тиісті халықаралық шарттар жасалады. Шекараны халықаралық құқықтық ресімдеу жөніндегі шарттар мемлекеттік аумақты, ұлттық егемендіктің кеңістіктік шектерін айқындау және шектес елдермен аумақтық даулардың туындауын алдын ала жоюға ықпал етеді.
Қазіргі жаһандану жағдайында мемлекеттің құқықтық саясатының халықаралық-құқықтық бағыты да өріс алып отыр. Еліміздің 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында айтылғандай, сыртқы саясат саласындағы ұзақ мерзімді мүдделердің қорғалуына, халықаралық аренада екіжақты және көпжақты сипаттағы өзара пайдалы ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған осындай қызмет қашанда халықаралық-құқықтық реттеуді қажет етеді.
Ондай жұмыстардың түрлі салалар бойынша кеңінен атқарылып жатқаны белгілі. Соған орай көптеген шетелдермен құқықтық салада екіжақты халықаралық шарттар, келісімдер де жасалып жатыр. Мәселен, қазіргі уақытта Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық мәселелерді шешу туралы Минск және Кишиневте жасалған конвенциялар және басқа да Қазақстанның екіжақты халықаралық шарттары жүзеге асырылады. Қазақстанмен жасасқан құқықтық көмек туралы халықаралық шарттардың негізінде жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ оның аумағында тұратын өзге де тұлғалар келісім жасалған тараптардың соттарына, прокуратурасына, iшкi iстер органдарына, қауiпсiздiк органдарына және құзыретiне азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер жататын өзге де мекемелерiне еркiн және кедергiсiз жүгiнуге құқылы. Мұнда уағдаласушы тараптың азаматтары аталған шарттар негізінде өтiнiштер беру, талаптар ұсыну және өзге де iс жүргiзу әрекеттерiн жүзеге асыра алады.
Осы арада екіжақты өзара құқықтық көмек көрсету бойынша еліміздің халықаралық тиімді шарттарына тоқталар болсақ, мәселен, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Украина елдері енетін Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенция 1993 жылы еліміздің Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен ратификацияланды. Сол сияқты 1994 жылғы Қазақстан мен Литва арасында Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шарт Қазақстан заңымен ратификацияланды. Мұндай бағыттағы халықаралық шарттар Пәкістан Ислам Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Грузия, Қырғыз Республикасы, Корей Халық Демократиялық Республикасы, Түрікменстан, Әзербайжан, Вьетнам Социалистік Республикасы, Түркия Республикасы арасында еліміздің заңымен ратификацияланды.
Бұл шарттардың бәрі де халықаралық құқықтық келісімдерді жүргізуде құқықтық көмек пен құқықтық қатынастарда тиімділікті қамтамасыз еткені анық.
Сонымен қатар 1951 жылғы 31 қазанда Гаагада қабылданған Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының Жарғысы Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 16 мамырдағы №66-VI заңмен ратификацияланғаны да тәуелсіздіктің нәтижесі дейміз. Өйткені осы жылы маусымда Қазақстанның халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясына қатысу рәсімі өтіп, Қазақстан конференцияның 83-ші мүшесі атанды. Ал халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясының мақсаты жеке халықаралық құқық нормаларын прогрессивті үйлестіруге ұмтылыс болып табылады.
Бұдан басқа, 1954 жылғы 1 наурызда Гаагада жасалған Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенция Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 14 қарашадағы № 252-V заңымен ратификацияланды. Құжатта қатысушы мемлекеттердің және дипломатиялық өкілдіктердің сот және соттан тыс құжаттарды тапсыру мәселелері бойынша өзара іс-қимылын жеңілдететін тәртібі айқындалды. Мәселен, 1980 жылғы 25 қазанда Гаагада жасалған Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы конвенция Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 9 желтоқсандағы № 262-V заңымен ратификацияланды. Конвенцияға сәйкес уағдаласушы мемлекеттер азаматтарының және олардың аумағында тұратын адамдардың соттарда азаматтық және сауда істері бойынша құқықтық көмекке осы мемлекетте тұратын азаматтар секілді құқығы бар.
Жоғарыда аталған құқықтық келісімдер еліміздің ширек ғасыр ішінде әлемдік аренада өз орнын нақтылап, өзге елдермен терезесі тең жағдайда қарым-қатынасты жолға қойғанын айғақтайды.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»