«Көптен бері дайындық жұмыстары жасалып ойда жүрген бұл шаруаның биыл іске асырылып жатуының да өзіндік мәні бар», – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» Ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, марқұм Біржан Белғараның жары Данагүл Махат. Өйткені осы жылы Ауған соғысының басталуының 40 жылдығы және Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылуына 30 жыл толады екен.
Жиынның ашылуында сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл бұл шара кешегіні түгендеудің бүгінге һәм келешекке қызмет екендігін баса айтып, Ауған соғысына қатысып қан кешкен әр жауынгер құрметтелуі тиіс, солардың бірі Біржан Белғара екендігін жеткізді. Сонымен қатар сол бір сұрапыл соғыс жылдарын еске салып, бүгінгі бейбіт күннің қадіріне жетуге үндейтін өлеңдерін оқыды.
Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, жалпы Ауған соғысы жайлы соны еңбектер жазып, ізіне түсіп індете зерделеген Болат Сайланның Біржан Белғара туралы естеліктер айта келіп, кең көлемді зерттеліп жазылған «Ауған ақиқаты» кітабының жалпы мазмұнын арнайы жасалған слайдтармен баяндауы аз уақыт ішінде көп мәліметті ұтымды бере білді. Қазақ тарихының ХХ ғасырдағы қасіретті беттерінің бірі – Ауған соғысына КСРО Қарулы Күштері де араласқаны белгілі. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Ауған даласында қан төккен кеңес әскерлерінің қатарында, одақтас республикалардың бірі саналған қазақстандық сарбаздар да аз болмаған еді. Нақтырақ айтқанда, оған 22 мың қазақстандық қатысып, олардың 761-і қаза тауып, 21 адам хабарсыз кеткен.
Ал Атырау мұнай және газ университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Ермекованың Ауған соғысы тақырыбын зерттеуі өз алдына бір хикая. Бұл баяндама облыстағы әрбір Ауған соғысы ардагерінің өмірі жайлы зерттеудің қаншалықты қажырды қажет ететіндігін және әлі де атқарылар істер аз еместігін ұқтырды. Айгүл ханымның сол еңбегінің жемісі де толымды кітап болып қорға қосылды.
Аталған қорға негізінен Ауған соғысына қатысты Қазақстандағы және шетелдердегі жарық көрген кiтаптар және деректер (қолжазба, естелік, хат, фото, аудио-видео және т.б.), журналист-ғалымның ауған соғысы, оқу-ағарту, ғылыми-зерттеу және танымдық бағыттағы еңбектері жинақталады.
Ауған соғысының ардагері, журналист-ғалым Біржан Белғара атындағы «Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер» қоры атқаратын барлық жұмыстар біріншіден, ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын басшылыққа ала отырып, ұлттық рухпен шыңдалған, жаңа заманға лайық жастардың рухани болмысын сомдау, екіншіден, Ауған соғысына қатысты кітаптар мен деректерді бір қорға жинап, жүйелеу, оқырманға қызмет көрсету, үшіншіден, жаһандық мәдениет, білім, ғылымның жетістіктерін игеру бағытында жүргізіледі.
Жиында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазәлі Омашев, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы сөз сөйлеп, игі шараның ізгі іске бастама болуына тілектестік білдірді.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»