Қазақстан • 25 Сәуір, 2018

Қостанайда сенаторлар көшпелі отырыс өткізді

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында   халықтың өзін өзі жұмыспен қамтыған  бөлігінің    қызметін  заңдастыру жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған Жол картасының орындалу мәселелерін  қараған көшпелі отырысы болып өтті. 

Қостанайда сенаторлар көшпелі отырыс өткізді

Оған аталған комитет төрайымы Бірғаным Әйтімова бастаған Сенат депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  вице-министрі  Нұржан Әлтаев, жергілікті атқару органдарының басшылары қатысты. Отырыста баяндама жасаған  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  вице-министрі  Нұржан Әлтаев  жыл басынан бері  республика бойынша мәртебесі анықталмағанын 2,7 миллион адам болғанын, бүгінге дейін соның 607 мыңының мәртебесі анықталғанын айтты. 

Сенаттың көшпелі мәжілісіне қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тұрғындардың өзін өзі жұмыспен қамту барысында Қостанайда жасалып жатқан, әсіресе, оларды  бизнеске тарту ісіне тоқталып өтті.   Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев тұрғындардың өзін өзі жұмыспен қамтуы үшін түрлі бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанынан хабардар етті.

«Қостанай облысында бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың мәртебесін анықтау, формализациялау қызу жүргізіліп жатыр. Жыл басында бейресми жұмыс істейтін 133,2 мың адамның  мәртебесі анықталмаған еді, қазір олардың 31,1 мыңы мемлекеттік органдардың мәлімет базасына тіркелді.   Осылардың арасында   жалдамалы жұмыс істейтін  12000 адамға жұмыс берушілер зейнетақы жарнасын аудара бастады» деді облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев.  Осындай шаралар атқарылса да, облыс өңірінде әлі де мәртебесі анықталмаған 14,8 мың адам бар. Селолық округтерде жұмыссыздармен және өзін өзі жұмыспен қамтығандармен олардың  мәртебесін белгілеу жөнінде  әңгімелер жүргізіледі, түсіндіріледі.

Көшпелі отырысты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова қорытындылады. Қазір «Бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру мәселелері бойынша, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» тиісті Заң жобасы әзірленуде. Аталған Заң жобасында жұмыспен қамтылғандардың және өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың біріңғай түсінігі мен олардың санаттары анықталады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай