Қазақстан • 25 Сәуір, 2018

Оралда жазушы Мира Шүйіншәлиеваның шығармашылық кеші өтті

1424 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, жазушы-журналист Мира Шүйіншәлиева «Тұмадай тұнық, таулардай заңғар» атты шығармашылық кешін өткізді.

Оралда жазушы Мира Шүйіншәлиеваның шығармашылық кеші өтті

Жергілікті жазушының авторлық кешіне Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, жазушы-драматург Дулат Исабеков және М.Шүйіншәлиева шығармашылығын зерттеген ғалым, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжиһан Орда арнайы келіпті. Меймандар мен мерейтой иесін арнайы қабылдап, құрмет көрсеткен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өңірдегі әдебиеттің дамуы, шығармашылық орта туралы да ой бөлісті.

Мира Хамзақызының шығармашылық кеші театр фойесіндегі кітап көрмесінен басталды. Кештің алғашқы бөлігінде автордың «Шүберек қуыршақ», «Үш төмпешік», «Қауырсын гүл», «Өкініш», «Тұяқ», «Тақсырет» шығармаларынан жас оқырмандар – қазақ театрының артистері мен студенттер монолог орындады. Осы кеште автордың «Ар азабы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

– Қазіргі қазақ әдебиетінде проза жанрына қалам тартып жүрген қыздар саусақпен санарлық. Шәрбану Құмарова, Шәрбану Бисеновалардың соңынан еріп келе жатқан жазушы қыздардың бірі осы – Мира Шүйіншәлиева. Мира Шүйіншәлиеваны қазіргі қазақ әдебиетінің белді өкілі деуге болады. Қаламгердің шығармаларынан қазір өзіміз өмір сүріп жатқан кезеңдегі замандастарымыздың қилы тағдырын көруге болады. Әдебиетте қалыптасқан ар ілімі – Мира шығармаларының негізгі өзегі. Бұған дейін жарық көрген шығармаларындағы кез келген кейіпкерін алып қарасаңыз да, тұсауы кесілгелі отырған «Ар азабы» жинағына енген шығармаларының негізгі кейіпкерлерінің бәрі де ар азабынан өткен, ар сотында өз жауапкершілігін көтере білген кейіпкерлер, - дейді ғалым Гүлжиһан Орда.

Кеште Мира Хамзақызы оқырмандарының сауалдарына жауап беріп, өзінің келешек шығармашылық жоспарларымен бөлісті.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ