Кездесуге жұмыс берушілер және оқу орындарының басшылары қатысты. Күн тәртібінде серпіндік түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды. Онда өңір басшысы менторлық жобаның жүзеге асатынын, өзі серпіндік түлекке «ментор» болатынын жария етті. Ол бойынша жас маманға ақыл-кеңес беріліп, тәжірибемен бөліседі. Жұмысқа орналасу жеке бақылауға алынады. Құмар Іргебайұлы мемлекеттік органдардың басшыларын, кәсіпкерлерді және кәсіпорындардың директорларын «Серпіннің» түлектеріне «ментор» болуға шақырды.
Қазір аталмыш бағдарламаның студенттері мен түлектері өңірімізде өз отбасыларын құра бастады. Солардың бірі – Мұрсалбек Оңғарбек. Ол биыл оқуын тәмамдап, жұбайы екеуі Уәлиханов ауданына көшіп бармақ.
«Серпіннің» студенттері облыста шаңырақ көтеріп, бала болса, тегін үй салып беретін боламыз. Баспана жоғары әлеуетті ауылдарда бой көтереді. Достарыңа, ағайын-туысқандарыңа осы жаңалықты жеткізіңіздер», Қ. Ақсақалов.
Өңірде «Серпін» бағдарламасы бойынша 5 облыстан келген 1114 студент білім алуда.Оның 862-і Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-де оқиды. 252 студент 5 колледжде білім алуда. Биыл 319 түлек оқуларын тәмамдайды. Қазір 125 адам жұмысқа орналасты, 43 түлек оқуларын одан әрі жалғастырмақ.
Солтүстік өңірге келген әр серпіндікке 84 мың теңге көлемінде субсидия төленеді. Пәтер жалдау үшін қалада 48 мың теңге, ал ауылда 36 мың теңге көлемінде көмекақы беріледі.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы