Ұлттық кітапханада өткен кітаптың тұсаукесеріне жиналған қауым Шәмші өмірінен сыр шертті. Жобаның авторы композитор шығармашылығын зерттеуші, композитор Қ.Құрманәлі фотоальбомның тарихынан бірқатар деректерді ортаға салды. Ал қоғам қайраткері А.Тшанов есімі композитордың өнеріне жанашыр, қамқор жандар қатарынан аталады. Кезінде Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» фестивалінің өтуіне мұрындық болған қоғам қайраткері сол бір жылдардың естелігін парақтап, Шәмші мұрасының ұрпаққа мирас болып қалатындығын атап өтті.
«Ауыл кешінде алыстан мандолинмен үндесіп құлаққа үзіліп жететін сол бір әуенге ынтық болмаған жан кемде-кем. Мені Шәмшіге жақындастырған «Жеңеше-ай» әні болатын» деп еске алды ҰҒА академигі, Ө.Айтбайұлы. – Бүгінде ел арасына кеңінен тараған Шәмшінің сыршыл да көркем әуезді әндері біздің сол бір жастық кездеріміздің куәсіндей. Шәмшімен қатар жүрдік, шығармашылығы да көз алдымызда өтті. Оның өміршең әндері әлі де жасай береді».
Ауқымды жинақ жеті бөлімге жіктеліпті. «Менің Қазақстаным» деп аталатын алғашқы бөлім композитордың Отанға деген сүйіспеншілігі, туған өлке туралы әндеріне арналған. Ал екінші бөлім – «Өмір-өзен». Бөлімде композитор өмірінің әр кезеңдерін қамтыған фотошежіре бар. «Сол бір кез есімде...» деп аталатын бөлімде композитор туралы естеліктер жинақталса, әрі қарай жалғасын тапқан «Шәмшінің әні»,«Сарғайған суреттер сыры», «Аманат», «Шәмші-мұра» бөлімдерінде оқырманын бей-жай қалдырмайтын әсерлі сәттер топтастырылған.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ