Алқалы отырысқа әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова, Германиядан келген Шығысеуропалық және халықаралық зеттеулер орталығының ғылыми қызметкерi, доктор Беате Эшмент, «Діндерді зерттеу орталықтары» қауымдастығының сарапшысы Шерзод Пулатов, «Қырғызстан-Астана» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмайылов, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина қатысты.
Басқосу Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясы аясында ұйымдастырылды.Жиын басында сөз алған Айгүл Сәдуақасова шетелдік ғалымдардың Қазақстан жайлы пікіріне баса назар аударды. Оның айтуынша, шетелдіктер негізінен егемендіктің алғашқы жылдары мен қазіргі кездегі жағдайды салыстырып барып ой қорытатынын тілге тиек етті.
– Шетелдік ғалымдар сұхбаттарында, мақалаларында Қазақстан туралы жылы лебіздерін жиі білдіріп жатады. Олар еліміздің жетістіктерін Мемлекет басшысының «Қазақстан – бәрiмiзге ортақ үй» деген тұжырымдамасының нәтижесi деп түсінеді. Бұл сырт көздiң, сыртқы сарапшылардың пiкiрi. Ал сырт көзден айтылған мұндай ой еліміздiң саясатына, тұрақтылығына берiлген жақсы баға, – дедi Айгүл Сәдуақасова.
Германиядан арнайы келген Беате Эшмент Орталық Азия елдерiнiң демократиялану үрдiсi мен ұлттық саясатын зерттейді. Бұдан бөлек, Қазақстандағы бiрегейлiктiң қалыптасуына, саны аз этнос өкілдерінің мүдделеріне қатысты мәселелерді зерделейдi.
– Қазақстандағы ұлттық саясат, сондай-ақ ұлттар азшылығының проблемаларын зерттегеніме жиырма жылдан астам уақыт өтті. Қазір мен Қазақстанның этносаралық қарым-қатынасы мәселесіндегі әдістері өте тиімді деген ойға келдім. Мұндағы этностар арасында «шаңырағымыз ортақ, үйіміз бір» деген ұғым қалыптасқан. Міне осы ұғымның арқасында іске асырылып жатқан іс-шаралар тұрақтылықты қамтамасыз етеді, – деді Беате Эшмент.
Іс-шара барысында еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті нығайту және дамыту жайы талқыланды.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»