Мұнан бөлек, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты бірнеше орталық түрлі бағытта тұрақты жұмыс істеп отыр. Олардың арасынан І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіндегі ғылыми-сараптамалық топ, ҚХА кафедрасы, этносаралық тақырып бойынша жетекші журналистер мен сарапшылардың клубы, «Ұлағат» ақсақалдар кеңесі, «Аналар кеңесі», «Қоғамдық келісім кеңесі» және «Бірлік» жастар қауымдастығы, жетекші журналистер клубын бөліп айтуға болады. Сондай-ақ, «Парасат» тіл жанашырлар клубы, «Өрнек» би ансамблі, «Полония» вокалды тобы, «Вайнах» шешен-ингуш ән-би ансамблі де аймақтағы өнер мен мәдениеттің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.
«Достық үйі» аясында тұрақты қызмет етіп, ел бірлігін сақтауда елеулі еңбек сіңіріп келе жатқан ұйымның бірі «Қоғамдық келісім» кеңесі екені белгілі. Қазір Алматы облысы бойынша 627 қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Олардың қатарын 1 облыстық, 16 ауданда және 3 қалада, 252 ауылдық округте, 340 елді мекенде, 15 ірі кәсіпорында құрылған кеңестер толықтырып тұр. Қоғамдық кеңестерге барлығы 4 209 адам мүше болып отыр. Елмен етене жұмыс жасаудың үлгісі де осы қоғамдық келісім орталықтарына тән десе болады. Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана кеңестер тарапынан 663 шара ұйымдастырылыпты. Қоғамдық кеңестер әлеуметтік мәселелерді шешуге де атсалысуда. Жыл басынан бері кеңеске 59 адамнан өтініші түсіп, бірқатар қиын түйіндердің шешілуіне қол жетті. Нәтижесінде, өтініш арқалап келген адамдардың әлеуметтік жағдайын оңалтуға Қоғамдық келісім кеңестері ықпал еткені қуантады. Айтпақшы, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы жанынан Аналар кеңесі құрылған. Кеңес құрамында 876 мүше бар. Негізінен ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, өмірлік тәжірибесі мол сыйлы аналардың басын қосатын кеңесте ұрпақ тәрбиесі мен ұлт алдындағы ұл-қыздың парызы үнемі сарапқа салынады. Дәстүр сабақтастығын сақтауға, мәдениет пен қолөнерге баулуға да аналардың ақыл-кеңесі жәрдем берері анық.
Қазақстан Халқы ассамблеясы Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайұлының айтуынша, берекесі жарасқан ұлт пен ұлыстың басын біріктіретін нақты мақсаттар жеткілікті. Мысалға, қайырымдылық жасау қағидаттарына үн қосушылар қатары жыл сайын артып келеді екен. Әсіресе, этномәдени орталықтардың бастамасымен «Қайырымды Ел» жалпы республикалық акциясы аясында 527 қайырымдылық шара ұйымдастырылып, 731 жағдайы төмен отбасы мен 272 жеке тұлғаларға және көмекке мұқтаж 1430 кәмелеттік жасқа толмаған жастарға көмек көрсетілді. Нәтижесінде жалпы саны 2433 адамға 24 689 000 теңге көлемінде қайырымдылық жасалды. Дәл осындай қайырлы іс тұрақты өткізілетін «Достық дастарқаны», «Рождество», «Масленица» шаралары аясында да ұйымдастырылады. Демек, атамыз қазақтың «Бай болсаң, елге пайдаң тисін» деген уәлі сөзі Жетісуды мекендеген аз ұлттардың да ұранына айналып отыр.
Жақында Қазақстан Халқы ассамблеясы Алматы облыстық филиалы осы жылдың бірінші тоқсаны бойынша этносаралық тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізген болатын. Зерттеу барысында сарапшылардың қатысуымен әлеуметтік сауалнамалар таратылды. Тұрғындар арасында «Face to face» тәсілімен жүргізілген зерттеуге мыңнан астам респондент тартылған. Қазақ, орыс тілдерінде қойылған сауалдарға берілген бүкпесіз жауаптың қорытысында шығарылғаннан кейін, аймақтағы ұлтаралық қатынастың қалыпты деңгейде дамып отырғанына кезекті мәрте көз жетті.
- Этносаралық арақатынас мониторингі көрсеткендей аудан және қалалардағы көрсеткіштер тұрақты және жағымсыз бағалаулар болған жоқ. Сауалнама жүргізілген тұрғындардың басым бөлігі мемлекеттік құрылымдарға сенімдерінің жоғары екендігін және этносаралық келісімді сақтау бойынша мемлекеттік саясатты қолдайтындықтарын, сонымен қатар барлық мемлекеттік бағдарламаларға қатысты құжаттармен уақытылы ақпараттандырылып отыратындықтарын көрсетті, - дейді Қазақстан Халқы ассамблеясы Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайұлы.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.