Әлем • 03 Мамыр, 2018

Туысқан елдердің тұтастығы тұғырлана берсін

490 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы аптада жұрт назарын аудар­ған оқиғалардың бірі Түркия Респуб­лика­сының Президенті Режеп Тайиып Ердоғанның Өзбекстанға сапары болды. Аталған елдер басшыларының кез­десуі­нен кейін мәлім болғанындай, Өзбек­стан Түркітілдес елдердің ынтымақ­тастық кеңесінің құрамына кіретін болды. Уағдаластықтарға қарағанда, Өзбекстан Кеңестің Бішкекте өтетін келесі отырысына қатыспақшы.

Туысқан елдердің тұтастығы тұғырлана берсін

Режеп Ердоған Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында екі елдің арасындағы әріптестік қарым-қатынастарды тереңдетуді көздеген сыңайлы. Ыстамбұл­дың Ататүрік әуежайында Өзбекстанға шығар сапары алдында журналистерге берген шағын сұхбатында ол: «Түркия мен Өзбекстан осы уақытқа дейін жоғал­тып келген мүмкіншіліктерін қалпына келтіреді деген үміттемін», деді. Сонымен қатар Р.Ердоған Өзбекстанда имамдар әл-Бұхари және Матуриди атындағы ғылыми-зерттеу институттарын ашу жоспары бар екенін айтқан. «Біз Өзбекстан басшылығымен бұл мәселелерде біртекті ұстанымдамыз. Осы сапардың барысында өзбек басшылығымен нәтижелі шешімге келуден үміттемін» деген еді ол.

Жалпы, Азияға бағытталған бұл сапарын Түрік Президенті Өзбекстан Рес­публикасы мен Оңтүстік Кореяға арнаған екен. Өзбекстаннан әрі ол ат басын Азия жолбарысының бірі атанған Сеулге бұрды.

Жексенбі күні Ташкент әуежайына қон­ған оны Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов қарсы алып, «Көк­сарайда» Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен болатын кездесуге алып келді. Келіссөздер алдымен шағын, сосын делегациялардың қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасып, оның нәтижесінде екіжақты ынтымақтастықтарды арттыруға үлес қосатын 25 құжатқа қол қойылды. Журналистермен болған баспасөз конференциясында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қадірлі қонағына Түркі әлемінің болашағы зор екенін айта келіп, басқа сөздермен қатар өз елінің Түркі кеңесіне қосылу туралы шешім қабылдағанын да жеткізді.

Одан әрі Ердоған Өзбекстан парла­ментінде (Олий Мәжіліс) кездесу өткізіп, он­дағы сөзінде өзін «Атажұрттағы өз үйі­мізде жүргендей сезінеміз. Бүгін біз 25 екі­жақты келісімшартқа қол қойдық. Бүгінге дейін Түркия мен Өзбекстан бір жолы осын­шама көп келісім жасамаған болатын» деп атап көрсетті. Шын мәнінде екі елдің арасында мұншалықты көп екіжақты құжаттарға бұрын-соңды қол қойылмаған еді. Осыған екі мемлекеттің басшылары да ризашылық сезімде екенін айта келіп, Р.Ердоған: «Жүректері жақын адамдар үшін қашықтық кедергі келтіре алмайды. Біздің түсінігімізде бауырластық – ең қымбат қазына. Өзбекстанның тәуел­сіздігін қайтадан алуы өзбек бауыр­лар секілді түрік ұлты үшін де үлкен мақ­таныш болды» деді.

Ал өзбек-түрік іскер қауымының бизнес форумында сөйлеген сөзінде Режеп Тайиып Ердоған ағынан жарылып, Өзбекстан эконо­микасының мүмкіншіліктеріне жоғары баға берді. «Өзбекстанның жері берекетті. Бұл жерден барлығы шығады. Тек жұмыс істеу керек. Өзбекстанның қайта өрлеуі жолындағы қадамдарын құптауға Түркия барлық көмектерді беруге дайын. Шавкат Мираманович Мирзиёев бауырыма түрік азаматтарына виза жеңілдігін бергені үшін тағы бір рет алғыс білдіремін», деді ол. Сонымен қатар ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық дең­гейге көтерілгенін, нақ осы сапар арқылы бай­ланыстардың тереңдей түскенін айтты. Сөз ретінде ол Түркияның әлемнің 17-ші, Еуропаның 6-шы экономикасы екенін де еске салып өтті. 81 миллион халқы, 390 миллиард долларлық сыртқы саудасы Түркия Өзбекстан үшін үлкен нарық екені де айтылды.

Ал 1 мамыр күні Р.Т.Ердоғанның сапары дін мұсылманның ғылыми орта­лық­тарының бірі Бұхара қаласында жал­ға­сып, мәртебелі мейман осындағы әл-Бұхари қабі­ріне зиярат етті. Мұсылман ғұла­ма­лары­ның бірі Бахауддин Накшбан­ди­дің Абдулла Әзізхан ибн Убайдуллахан 1544 жылы тұрғызған кесенесіне кірерде Түрік делегациясының құрамындағы Дін істері басқармасының бастығы Әли Ербаш Құран оқыған. Кейбір хабарларға қара­ғанда Түрік Президенті Режеп Тайиып Ердоған Накшбандидің тарикаттарына зор құрметпен қарайды екен.

Осы жерде Түрік Республикасының делегациясы кешен аумағында орналасқан медресеге де кіріп, құрмет көрсеткен. Сондай-ақ түрік делегациясы Арк қамалы мен Пои-Калян кешеніне барып қайтты.

Сөйтіп Түркия Республикасының Пре­зиденті Р.Ердоған өзінің Өзбекстан Рес­пуб­ликасына жасаған мемлекеттік сапарын аяқтады. Прагматикалық бағыт ұс­талы­натын қазіргі саясатта тек келісімдер мен келіссөздер ғана озып, қорқыту, тізе батыру, қыр көрсету немесе тіпті өкпе-наз сияқ­ты оғаш дүниелердің бәрі артта қалғанда туыс­қан халықтардың арасындағы осындай қатынастарды Қазақстан тек қолдайтыны белгілі.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»