15 Мамыр, 2018

Жақсыдан шарапат

2845 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осынау бірауыз сөздің астарына қаншама қасиетті мағына сыйғызған дана халқымыз. Жақсының шарапатын көрмек түгілі, замандасыңның бірауыз жылы сөзіне зар болған мына бір тұрлаусыз кезеңде «жақсылық» атты ұғымның өзі де көмескіленіп бара жатқан сыңайлы. Адам өзгерді ме, әлде заман басқа ма, әйтеуір, бүгінде айналасына шапағат нұрын себетін жақсылар жоқтың қасы.

Жақсыдан шарапат

Оның есесіне дәл қазір жақсылығын есеппен жасайтындар қатары күннен-күнге артып барады. «Осыған жақсылық жасасам, қайтарымы қалай болар екен, оның қолында не бар, не жоқ екен, қай туысы қай дәрежеде, қай көкесі қай қызметте жүр екен»,  деп қасиетті ұғымды пайда табудың құралына айналдырған қалталылардың заманы туып-ақ тұр. Шынайы адамгершілік сезіммен жасалған жақсылық қайтарыммен өлшенбейді.

«Жұртқа жақсылық жасаған адам – жақсы адам, жұртқа жасаған жақсылығы үшін жапа шеккен – өте жақсы адам...» деген екен француз моралисі Жан де Лабрюйер. Ұлы ойшыл айтқан осы тұжырымның мәні мен мағынасына бір сәт зер салайықшы. Осы тұрғыдан өзімізге баға беріп көрейікші. Шын мағынасында біз кімге, қандай жақсылық жасадық? Осы мәселе төңірегінде әңгіме қозғалған кезде, «қолыңнан келсе, адамға жақсылық жасағанға не жетсін», деген сөздерді жиі естиміз. Реті келсе бұл сөзді өзі­міз де айтып қалуға тырысамыз. Сонда қалай, жақ­­сылық жасау тек қана жақсылардың ен­шісіндегі қасиет пе? Жалпы, жақсылық, қайырымдылық деген ұғымдардың мәні неде?

Сонау бір келмеске кеткен Кеңес заманында Бауыржан Момышұлы кеңі­­рек пәтер сұрап, Алматы қалалық кеңесінің атқару комитетіне өтініш беріпті. Көп ұзамай Баукеңнің өтініші қанағаттандырылып, оған қаланың ортасынан бес бөлмелі пәтер беру жөнінде шешім қабылданады. Ол пәтерін көрмекші болып, қалалық атқару комитеті ұсынған жаңа үйге келсе, есік алдында көзінің жасын орамалының ұшымен сүртіп тұрған қарт анаға кездеседі.

– Неге мұңайып тұрсыз, шешей? – дейді ойында ештеңе жоқ Баукең әйелге бұрылып.

– Маған осы үйден екі бөлмелі пәтер бермек болып уәде берген еді. Енді сол пәтерді жанындағы үш бөлмелі пәтермен біріктіріп, бір полковникке беріпті. Қайтейін, менің де балам соғыста қаза тапты. Бірақ ол солдат еді, – дейді қарт ана көз жасын көлдей қылып.

Батыр Бауыржан біраз уақыт түнеріп, үн­сіз тұрыпты. Содан кейін қарт анаға қайы­ры­лып:

– Мұңаймаңыз, шеше, қазір ордер беретін жерге барыңыз, пәтеріңіз өзіңізге тиеді, – дейді де көрейін деп келген пәтеріне кірместен, шұғыл бұрылып кетіп қалады. Баукең қалалық атқару комитетіне келіп:

– Мен маған біреуге берілген пәтерді бер деген жоқпын. Мына ордерді жыртыңыз да, пәтерді бұрын уәде етілген адамға беріңіз, – дейді қалалық атқару комитетіндегі шенеу­нікке бұйыра сөйлеп.

Сөйтіп қазақтың қаһарман ұлы Бауыр­жан Момышұлы өзіне берілген бес бөлмелі пәтерден өз еркімен бас тартады. Ал екі бөлмелі жаңа пәтер алған қарт ананың қуанышында шек болмаған екен...

Бұл жерде Бауыржан Момышұлы керемет бір ерлік жасамаған сияқты. Бірақ ақиқатын айтсақ, шағын пәтерде тұрып, өзіне берілген бес бөлмелі пәтерден біреу үйсіз қалды екен деп, өз еркімен бас тарту кез келген адамның қолынан келе бермейтіндігі және анық. Бұл тек Бауыржан сияқты үлкен жүректі асқақ азаматтың қарапайым адамға жасаған шынайы жақсылығының көрінісі.

Жақында Жастар сарайында астаналық «Мирас-2» қайырымдылық қоры «Бір мүмкіндік» атауымен  40 жастан асқан, бірақ үлкен сахналардан өнер көрсетпеген халық таланттарының байқауын өткізді. Екі күнге созылған өнер сайысына 70-ке жуық өнерпаз қатысып, әнсүйер қауымды шынайы өнер туындыларымен тәнті етті. Байқау қорытындысында жарыс жеңімпаздарына  дип­ломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Байқау соңында жарысқа қатысқан көп балалы ана Айтжамал Көбеева «Мәселе жарыс жүлдесінде де, жеңімпаздар дип­ломдарында да емес. Киелі өнер сахнасына шыға­рып, балаларымның алдында мерейім­­ді өсірді. Көңілім көтеріліп, бір жасадым», деді ағынан жарылып. «Алпыстың асқарына іліккенді сағындырған сахнаммен қауыштырып, қиялыма қанат бітірді. Шынайы жақсылық деп осыны айт!», деді өнерпаз Нұрболат Бекетаев тебіреніп. «Ха­лық арасынан шыққан өнерпаздардың шебер­лігі кәсіби әншілердің деңгейінен бір де кем емес. Міне, осындай жандарды үлкен сах­­наға шығарып, көпшілік көзайымына айнал­дыру көптен бергі арманым еді. Сол мақ­сатыма бүгін жетіп отырмын», дейді бай­қаудың ұйымдастырушысы, «Мирас-2» қайы­рымдылық қорының жетекшісі, зағип жан Жүзбай Серік. «Бір мүмкіндік» байқауынан кейін өнерпаз­дардың да, көрермендердің де, оны ұйым­дас­тырушылардың да жадында қал­ған жақ­сы­лық нышаны осындай.

Жақсылық – азаматтық парасаттың туы. Оның үлкен-кішісі болмайды. Сүрінгенде жолдасыңа қол ұшын беріп, игілігі мол іс үшін қалтқысыз қызмет қылу да жақсылық.

Ендеше, қадірлі ағайын, мысқалдай болса да жақсылық жасап, адамгершілік парызымды өтедім деген шынайы сезіммен әрбір арайлы таңды қарсы алар  болсақ, «қамшының сабындай қысқа ғұмырдың» текке өтпегені емес пе?!

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»