Әдебиет • 16 Мамыр, 2018

Ауылдан ұзамайтын ақын

1319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

«Кіндігімнің жас қаны,

Тамған жерім ауылым.

Шабытымның асқары,

Самғаушы еді ауылым.

Жастығымның куәсі,

Шұрқыраған ауылым.

Жусаны мен жуасы,

Бұрқыраған ауылым».

Осы әнді тебіренбей айтпайтын қазақ баласы жоқ шығар. Себебі талай мықтының төркіні болған ауылға деген, сағым болған балалық бал-дәуренге деген сағыныш осы ән арқылы жүректі қозғайды. Бүкіл алаш елін аралап кеткен осы «Ауылым» әнінің авторлары Жабайыл Бейсенов пен Теміржан Базарбаев сынды қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтары еді. Екі алыпты табыстырған құдіретті ән талайдың жанына дауа, дертіне шипа болған Алакөлдің екі жағасында дүниеге келуі де кездейсоқтық емес. Әннің сөзін жазған Жабайыл ағамыз Алакөлдің шығысында болса, әнін жазған Темірбек ағамыз Талдықорған облысы Алакөл ауданына қарасты Жалғызағаш ауылында дүниеге келген екен. «Ауылым» өлеңі Темірбек ағаның қолына тигеннен кейін сөзі оған қатты ұнап, ән жазады. Ол кезде ағаларымыз бір-бірін танымапты. Кейін «Ауылым» әні халықтың көңілінен шығып, бүкіл Қазақстанды шарлап кеткен кезде ғана екі автор бас қосқан көрінеді.

Әннің әуенін жазған Теміржан Базарбаевтың дүниеден өткеніне үш жылдай уақыт болды. Ал өлең авторы Жабайыл ағамыз бүгінде сексен жасты еңсерген, Үржар ауданында тұрады. Осы ауданға келгелі бері ақын ағам үнемі көңілімде жүретін. Арқамды кеңге салып, асыл ағаммен арқа-жарқа әңгімелесудің сәтін тосып жүр едім. Кездесудің сәті жақында түсті. Әңгіме барысында сексен бес жасқа аяқ басқан ақсақалдың айтқан салмақты сөздеріне, келелі кеңестеріне риза болып отырдым. «Арманыңыз бар ма?» деген сұрағыма «Арманым шығармашылығымды дамытып, ұрпағыма өлмес мұра қалдырсам деп едім. Оған жеттім бе, жетпедім бе, халық біледі. Менің негізгі тақырыбым – ауыл. Себебі ауылда тудым, ауылда өстім, бүкіл ғұмырым ауылмен байланысты. Тіпті менің ауылға берілгенім сонша, Алматыдан басқа қалаға шығып көрмеппін (бірге күлдік). Жаз шықса, Алакөлімнің жағасына барып демаламын. Содан артық не керек?»  деп әңгімесін аяқтады. 

Кенжегүл ТЕРГЕМБАЕВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы

Соңғы жаңалықтар