Әдетте, археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп, керегін тапқанынан кейін іс осымен біттіге санап, тарих жәдігерлерін аршыған күйде тастап кетеді. Жылдың төрт мезгілінің өз ерекшеліктері ізін қалдырып, қазақ тарихы үшін аса маңызды кешеннің су, күн, жел, қар астында мүжіліп, жарамсыз күйге түскені талай рет опық жегізген. «Отырар – қазақ өркениетінің алтын бесігі» дейді Елбасы. Дәл осы Отырарда да талай төбелер аршылып, кейін жойылып кеткен. Осындай жаныашымастықты көрген ауданның сол кездегі әкімі, қазақ руханиятының үлкен жанашыры Қуаныш Айтахановтың «аршыған дүниелеріңе консервация жасамайтын болсаңыздар қаздырмаймын» деп елімізге белгілі археологтарды беттетпей қойғанын көргеніміз бар.
Бірақ әкімнің бәрі қазақтың қалың тарихын бір кісідей білетін Айтаханов емес. Талай жойдақсыз министр, әкімдердің кесірінен талай қалашықтар, тарихи жәдігерлер көз алдымызда құрдымға кетті. Бүгінде Үкімет осы осал тұсын жөндеді. Енді археологтар қазба жүргізген орындарды іле-шала «Қазқайтажаңғырту» РМК мекемесі қалпына келтіргеннен кейін консервация жасайды.
Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау орталығының директоры Сапар Көзейбаев қалашықты қалпына келтіру жұмыстары үш кезеңнен тұратындығын айтады. Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. Бүгінде қалашықтың шығыс жақтағы қақпасы бұрынғы қалпына келтіріліпті.
Жаңақорған ауданына келген сапарында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев археологтармен кездесіп, Сығанақ қаласын туристер тамашалайтын тарихи-мәдени орталыққа айналдырудың жөнін айтты.
Ғалымдар табылған заттарға қарағанда Сығанақтың VI-XVIII ғасырларда төрт құбыласы түгел қала болғандығын айтады. Ерте кездегі тарихшылар Сығанақты «Қыпшақ даласының гаваны» деп те атаған. Бұл қала Қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған. Жошы ұрпақтары кезінде Сығанақ Ақ Орданың орталығы болып, мәдениетті өркендеген деген деректер айтылады.
Егер ежелгі түркі тайпаларының осындай қалалары қайта қалпына келтірілсе, дүние жүзіндегі туристерді де магниттей тартар еді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы