Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев шараны аша келіп, «Нұрлы жер» бағдарламасы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасын жүзеге асыру үшін әзірленгенін атап өтті. Бағдарлама іске қосылған бір жыл ішінде 11,2 миллион шаршы метр рекордты тұрғын үй салынды.
Сенатор бағдарламаны іске асыруға теріс әсер ететін өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, А. Бейсенбаев тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарына сатып алу құқығы жоқ жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысына бөлінетін қаржының жетіспеушілігін, жергілікті атқарушы органдардың нысандарды уақытында пайдалануға бермеуін, екінші деңгейдегі банктердің келісу рәсімдері мен басқа да бюрократтық рәсімдердің күрделі екеніндігін айтты. Сенат комитетінің төрағасы одан басқа Президенттің бес әлеуметтік бастамасындағы «7-20-25» бағдарламасы аясында әзірленген «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілетін өзгерістерге де тоқталды. А. Бейсенбаевтың айтуынша, уәкілетті мемлекеттік органдар өзгерістерді нақты пысықтап, өзекті мәселелерді уақытында шешуі тиіс.
Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев «Нұрлы жер» бағдарламасын 2017 жылы және 2018 жылдың алғашқы тоқсанында іске асырудың негізгі көрсеткіштерге тоқталды және бағдарламаның жаңа Тұжырымдамасын таныстырды. Өткен жылы 100 мыңнан астам отбасы, оның ішінде 25,2 мың отбасы мемлекет қаржысы есебінен өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартты. Бұл салаға инвестиция 2017 жылы 18 пайызға ұлғайды және 980 миллиард теңгені құрады.
Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков «7-20-25» бағдарламасының жұмыс тетіктері және бағдарлама аясында қарыз берудің шарттары туралы депутаттарды хабардар етті. Оның сөзінде айтылғандай, қарыз еңбек және кәсіпкерлік қызметтен ресми түсетін кірісі бар және тұрғын үйі жоқ азаматтарға беріледі.
Сенат депутаты Михаил Бортник заңнаманы жетілдіру, оның ішінде халықтың тұрғын үй құрылысы жинағына төлем талаптарын көрсетуді реттеуге қатысты мәселелерге тоқталды. Сенатор сатып алу құқығы жоқ тұрғын үйлердің жалға беру тетіктерін іске асыру және тұрғын үйге сатып алу құқығын қайтару мүмкіндігі мәселелерін көтерді. М. Бортник сондай-ақ бағдарлама аясында ауылдық елді мекендердегі, ең алдымен қала маңы кенттеріндегі тұрғын үй құрылысына бұдан да қарқын беруге шақырды.
Дөңгелек үстел отырысы барысында «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ, «Шар-Құрылыс» ЖШС, «Қазақстан тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ және «ЦентрКредитБанкі» АҚ басшылары сөз сөйледі.
Шараға қатысушылар «Нұрлы жер» бағдарламасын бұдан да тиімді іске асыруға кедергі болып отырған өзекті мәселелерді шешу жөнінде пікір алмасты. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары тұрғын үй құрылысын салуға қаржыландыру көлемін арттыру және инженерлік коммуникацияны жүргізу туралы ұсыныстар айтылды. Сенаторлар сондай-ақ нысандарды уақытынан кеш пайдалануға беруге және құрылысты салу кестесінен кейін қалуға жол бермеу үшін шаралар қабылдауды талап етті.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленді және ол Үкіметке, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мүдделі ұйымдарға жіберілетін болды, сондай-ақ заң шығару жұмыстары барысында Сенат депутаттарының ескеретіні айтылды.