Аймақтар • 18 Мамыр, 2018

Солтүстік Қазақстанда өткен қайырымдылық кешінде 4,6 миллион теңге жиналды

272 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен ұйымдастырылған қайырымдылық балына  Қызылжар өңірімен қатар Астана қаласы мен Ресейдің көршілес облыстарынан да үшжүзге жуық қолы ашық азаматтар қатысты.

Солтүстік Қазақстанда өткен қайырымдылық кешінде 4,6 миллион теңге жиналды

Ауыр дертке шалдыққан балаларға қаржылық демеу көрсетуді мақсат еткен кеш Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХҮІ сессиясында Елбасы белгілеп берген қайырымдылық қағидаттары аясында өтіп,  әсем ән мен мың бұралған биге жалғасты.

Концерттік бағдарламадан кейін аукцион өтіп, 30 лот ойналды. Оған есімдері төрткүл дүниеге жақсы таныс спортшылар Серік Сәпиев пен Жанат Жақияновтың футболкалары, Александр Винокуровтың  өмірбаяны жазылған кітап қойылды. Жерлесіміз Жанаттың спорттық жейдесін  петропавлдық кәсіпкерлер Андрей Исаков пен Оксана Захарова 800 мың теңгеге сатып алды. Жергілікті суретші Әлия Мұқышеваның картиналары 220 мың теңгеге сатылды. Алты өрімді таспа қамшының бастапқы бағасы 15 мың теңге болса, 60 мың теңгеге алушысы табылды.

Айналасы бірере сағаттың ішінде  4 миллион 642 мың теңге жиналып, қаражат Әмір Ғабдуллин, Карина Баймолдина және  Владислава Головыринаның ем-домына теңдей бөлінетін болады.

«Облыстық ассамблея «Бірлік–қайырымдылық» ұранымен бұған дейін  екі қайырымдылық балын өткізп,  бес миллион теңге түскен болатын. Бұл қаражат жеті баланың денсаулығын жақсартуға жұмсалған. Мұндай игілікті шаралар алда да  жалғасын табады», дейді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Әсемгүл Есқожа.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы