Аймақтар • 18 Мамыр, 2018

Ақтауда мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына арналған Бірыңғай тақырыптық сағат өтті

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

17 мамырда Ақтау қаласында Жастар үйінің алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына арналған Бірыңғай тақырыптық сағат ұйымдастырды.

Ақтауда мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына арналған Бірыңғай тақырыптық сағат өтті

Тақырыптық сағатқа Ақтау қаласының жалпы білім беру орындары мен гимназиялардың оқытушылары және 150 жуық оқушылары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың негізгі талаптарын, мемлекеттік қызмет органдарының қалыптасу және даму кезеңдерінің  ашып көрсету және академиялық ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Шараны облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Қойжанов ашып, бірыңғай сағаттың мақсаты мен міндеттері туралы қысқаша ақпарат беріп, «Адал ұрпақ» мектеп клубтарының 2017-2018ж.ж. оқу жылындағы жұмыс нәтижелері туралы баяндап өтті.

Өз кезегінде аумақтық департаменттің басшысы Н.Жанназарова тыңдаушыларға мемлекеттік қызмет органдарының қалыптасуының негізгі кезеңдерімен, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптары бойынша, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы және Агенттік бастамасымен қолға алынған сыбайлас жемқорлық профилактикасы бағытындағы жобалар туралы сөз қозғады.

Бірыңғай сағат барысында мектеп оқушылары өз пікірлерін ортаға салып, көкейіндегі сұрақтарын аумақтық департамент басшысына тікелей қоюға мүмкіндіктері болды. Оқушылардың арасынан  Ақтау қалалық №13 орта мектебінің түлектері ерекше белсенділік көрсетті. Олар белсенді түрде сұрақ қоюмен қатар, заманауи жағдайдағы Қазақстанның болашағына қатысты өз көзқарастарын білдірді.

Іс-шара Агенттік қызметінің негізгі басымдықтары, мемлекеттік қызметке кіру және қызметтерді электрондық форматта алу бойынша бейнероликтерді көрсетумен аяқталды.

Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына арналған Бірыңғай тақырыптық сағат қала және аудандардағы барлық жоғары, кәсіптік-техникалық және орта оқу орындарында ұйымдастырылып, жалпы саны 25 мыңға жуық адамды қамтыды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»