Аймақтар • 19 Мамыр, 2018

Өскеменде «ALTAI JASTARY» студенттер теле-радио кешені ашылды

674 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде аталған оқу орнының журналистика бөлімінің құрылуының 20 және «Altai» телеарнасының 60 жылдығы аясында «ALTAI JASTARY» деп аталатын студенттердің теле-радио кешені ашылды.

 

Өскеменде «ALTAI JASTARY» студенттер теле-радио кешені ашылды

Университет пен «Altai» телеарнасының бірлесуі нәтижесінде жұмысын бастаған кешеннің ашылу салтанатына белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов, танымал тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлы, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен оқу орнының ректоры Мұхтар Төлеген қатысты. «Шығыс Қазақстанның журналистика мектебінің өзіндік қалыптасқан жолы бар. Сондықтан бұл студия жас журналистердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, одан әрі шыңдала түсуіне үлкен серпін береді деп ойлаймыз», - деді өзінің құттықтау сөзінде Әсем Бекқызы.

Белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметов облыс әкімінің орынбасарымен бірге жаңа студияның алғашқы қонағы болып, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді. «Біздің қазақ журналистері көбіне бір сүрлеумен жүргенді жөн көреді. Шет елдің журналистері жан-жақты. Өздерінің ойларын да батыл жеткізіп отырады. Жас журналистер келешекте осы жағын ескерсе деймін. Жаңа студия студенттердің игілігіне қызмет ете берсін», - деді ғалым.

Студияның ашылғанына әсіресе журналистика бөлімінің студенттері ерекше қуанулы. «Осыдан бір-екі ай бұрын университетіміздің ректоры Мұхтар Әділбекұлы студенттермен кездескенде студия ашу мәселесін айтқан едік. Біздің тілегіміздің тез арада орындалғанына қуаныштымыз. Оқу орының басшылығына алғысымыз зор», - дейді журналистика бөлімінің 3-курс студенті Тасқын Болатұлы.

Бұрынарақта журналистика бөлімі студенттеріне дәріс оқыған тәжірибелі журналистер де игі іске оң бағаларын беріп, лебіздерін жеткізді.

«Бәрі бірінші басшыға байланысты ғой. Журналистика бөлімінің біраз уақыт қақпақылға айналған кездері де болды. Бір басшы бөлімді жаппақ болды, бірде филология, бірде философия факультетіне қосылды. Дегенмен қазір университет басшылығы тарапынан болашақ журналистерге жақсы көңіл бөлініп жатқан секілді. Мүмкін алдағы уақытта бөлімді кафедраға айналдыру мәселесін де ойластырып көру керек шығар», - деді облыстық «Дидар» газетінің бұрынғы бас редакторы, осы бөлімде бұрын сабақ берген, белгілі журналист Айтмұхамед Қасымов.

Сонымен қатар бұл күні университетте «Рухани жаңғыру» залы ашылды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН