Мұның өзі Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері арасындағы қарым-қатынастардың жаңа тұрпатта қалыптасуына да ықпалын тигізді. Көп кешікпей шекаралас өңірлер үшін ортақ экономикалық, гуманитарлық және экологиялық мәселелерді тиімді түрде шешу жолдары белгіленді. Бұл қадам тату-тәтті, көршілік байланыстардың өрістеуіне жол ашты. Қазақстан мен Ресей өңірлері арасындағы осындай шекаралық ынтымақтастықтың өміршең, қайталанбас моделі Ресейдің Орынбор және Қазақстанның Ақтөбе облыстары арасында жылдан-жылға нығайып келеді.
Бүгінгі күні екі өңір арасындағы экономикалық және мәдени байланыстар одан әрі тереңдей түскені де атар таңдай, батар күндей шындық. Айталық өткен 2017 жылдың көктемінде Орынборда өткізілген Ақтөбе облысының күндері үлкен табыспен өткеніне куә бола аламыз. Ең бастысы бұдан бір жыл бұрын екі өңір басшылары қол қойған келісімде көрсетілген өңіраралық мәселелер толықтай дерлік шешімін тапқанының өзі бір мерей. Бір мәртебе. Аймақтық-шекаралық деңгейде келісөздер үстелінде қойылған өзекті жәйттер қатарласа, қанаттаса өркендеуге қазық бола алғаны –екі жақтағы сарапшылар мен жұмыс топтарының да нәтижелі еңбегінің көрінісі.
Екінші бір көзқарас тұрғысынан қарастырғанда мұның өзі бейне бір сынақ іспеттес дер болсақ, бұдан екі жақтың да абыроймен өте білгені атап айтуға тұрарлық іс. Осы арқылы шекаралас өңірлерге ортақ тұстардың түйіндері тарқатылды. Соның ішінде экономикалық ынтымақтастықтың басты буыны –отын-энергетика кешені, яғни мұнай өнімдері мен газ өндіру және көгілдір отынды қайта өңдеу саласы бойынша берік өнеркәсіптік негіз қаланды. Сондай-ақ стратегиялық әріптестік екіжақтағы машина жасау ісіне оң септігін тигізді.
Соңғы бір ішінде тұрмыстық-гуманитарлық мәселелерге қатысты да шешімін тапқан істер көп. Шекаралас аудандырдың тұрғындары үшін арнайы шекара өткелдерін өткізуге қатысты мәселелер нақтыланды. Былтыр сәуір айының аяғында Орынборда өткізілген Ақтөбе облысының күндеріне журналистік іссапармен жолымыз түскен кезде Ресей шекарасынан басталған жолдың 45 шақырымдық бөлігі ойқыл-шойқыл екенін көргенбіз. Ал қазір қандай десек, бұған –тақтайдай деп жауап қайтаруға әбден болады. Бір сөзбен айтқанда қысқа уақыттың ішінде аяқталған күрделі жөндеу бүгінде шекаралас облыстар арасында барыс пен келістің одан әрі жиілей түсуіне жол ашып отыр. Бұған жауап ретінде бүгінгі күні ақтөбелік автожолшылар Ақтөбе-Орск бағытындағы магистральдың Ресей Федерациясына дейінгі бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Оның құрылысы биылғы жылдың соңына дейін аяқталмақ.
Енді міне табиғаттың тамылжыған кезінде, аспаннан рахман нұры молынан төгіліп, «көкорай шалғын бәйшешек ұзарып өсіп толған шақта» Ақтөбеде өткізілген Орынбор облысының күндері достық пен татулықтың туын тағы да желбіретіп ала жөнелді. Сондай-ақ бұл күндер тек шекраалас Ақтөбе мен Орынбор облыстары үшін ғана емес, тұтастай егемен еліміз үшін, тіпті керек десеңіз ізгі ниетті мемлекет аралы қарым-қатынастар үшін елеулі де маңызды рөл атқарды деуге әбден болады.
Бұлай деуіміздің басты сыры неде? Яғни алдымыздағы шілде айының алтыншы жұлдызында Елордасы Астананың 20 жылдығы кеңінен аталып өтілмек. Осы мерейлі датаның құрметіне орай күндер кезінде арнайы ұйымдастырылған автокеруен Орынбордан Қызылорда қаласына қарай аттанды. Мәселенің мәнісі мынада. Орынбор –қазақ елінің тұңғыш астанасы болғаны тарихтан жақсы мәлім. Бұдан кейін ел астанасы Орынбордан Қызылордаға, содан соң Алматыға көшірілді. Ал соңғы 20 жыл ішінде елдің ордасы –Астана болып отыр. Автокеруен қазақ елінің бұған дейінгі үш астанасын аралып, 6-шы шілде күні керуеннің басын Астанаға тіремек.
Осы уақыттың аралығында оның құрамындағы мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен жастар өкілдері мәдениет пен нер жанашырлары, ғалымдар мен білім, денсаулық сақтау саласының білікті мамандары аталған бағыт бойынша ел-жұрттың арасында болып кездесулер өткізеді. Шеберлік сағаттарын жүргізіп, тұрғындарға тиісті кеңестер мен көмектер береді. Мұндағы басты мақсат –Астананы асқақтатумен бірге қазақ елінің бұрынғы астаналары Орынбордың және Қызылорда мен Алматының орнын олқы түсірмеу. Оның әрқайсысының еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуындағы алатын орны мен мәртебесі туралы ғибратты әңгімелер өрбіту.
Бұл жөнінде Ақтөбе мен Орынбор облыстары ресми делегацияларының кездесуі мен Тұңғыш Президент атындағы саябақта Орынбор облысының күндері салтанатты түрде ашылу рәсімі кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтып берді. Орынбор –Қазақстанның тұңғыш астанасы болғанын ешкім тарихтан сызып тастай алмайды. Тарихтың аты тарих. Осы орайда Орынбор –Қызылорда –Алматы –Астана автокеруенінің қызметін Орынбордан бастау жөнінде шекаралас әріптестер тарапынан ұсыныс түскен кезде бұған түсіністікпен қарай білдік. Орынды тілекке қолдау көрсеттік, -деді газет тілшісіне Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг. Сондай-ақ шекаралас өңір басшысы ресми делегациялардың кездесуі кезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Ресей тағдырың өзі қосқан ежелгі тарихи көршілер екендігі жөніндегі сарабдал сөзін алға тартып –сол ежелгі қарым-қатынастарды қазіргі гео-саяси және гео-экономикалық талаптарға сай жалғастырып, жаңғырта беру басты көршілік әрі әріптестік парыз екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Орынбор облысы Үкіметінің төрағасы Юрий Бергтің тұжырымдауынша өңіраралық ынтымақтастық тұтқасын қалыптастыру ісі екі жаққа да бірдей пайда мен тиімділік әкеле білді. Осы арқылы экономикалық байланыстар мен өндірістік кооперацияны дамытудың басты негіздері қаланды. Осындай байланыстар гуманитарлық салада да орнығып келеді. Оның басты көрінісінің бірі –Орынбор мен Ақтөбе облыстары арасындағы экономикалық және гуманитарлық тұрғыдағы байыпты қарым-қатынастар деді ол одан әрі.
Губернатордың айтуы бойынша Орынбор облысының Ақтөбедегі күндеріне қатысу үшін мыңнан астам адам келіпті. Оның негізгі құрамы іскер топтар мен кәсіпкерлік құрылымдардан. Минералды өнімдерді өндіру мен өңдеу ісінің шеберлерінен, машиналар мен электр жабдықтарын құрастырушылардан тұрады. Орынбор Ресейдің далалық өңірінде орналасқан шеткері облыстарының бірі бола тұрса да, соңғы уақытта оның жалпыресейлік экономиканың дамуына қосып отырған үлесі жылдан жылға өсіп келе жатқаны байқалады. Бұған шекаралас аймақта жасақталған инвестициялық бағдарламалар мен жобалардың тигізген ықпалы мол, -деді кездесулер кезінде Орынбор облысы Үкіметі төрағасының орынбасары, вице-губернатор Н.Л.Левинсон. сондай-ақ оның айтуынша өнім өндіруші өндірістік құрылымдар арасында бірікке Ресей-Қазақстан кәсіпорындарының саны өсіп келеді екен. Сөз жоқ, бұл өте жағымды жәйт. Соның ішінде Наталья Лазеревна «Забер 56 –«Ваниль» секілді Орынбор мен Ақтөбе өндірісшілерінің басын қосқан іргелі жобаны оң мысал ретінде келтірді.
Тағы бір түйсінгеніміз баламалы энергия көздерін өндіру мен дамыту ісінде шекаралас өңірлер арасында бірін-бірі байытатын әрі бірінен бірі үйренетін тәжірибелер жеткілікті екендігі. Сондай-ақ орынборлықтар таяуда бизнес-класс жобасы шеңберінде «Тәлімгер -2018» жобасын бекіткен екен.
Сәйкестілік дейміз бе, жоқ әлде кездейсоқтық дейміз бе, не десеңіз о деңіз, дәл осыған ұқсас жоба биыл Ақтөбе облысында да қолға алынғанына таң қалмай көріңіз. Бұған Ақтөбеде бизнесті жаңадан басағандардың қарлығаш-қадамдарын қолдау үшін республикада баламасы жоқ айырықша жоба қолға алынанын айтқан жөн. Оның басты бір ерекшелігі –жобаға қатысушылар бизнестің жілік майын шағып ішкен білікті те тәжірибелі тәлімгерге бекітілуінде.
Сондай-ақ Орынбор облысында денсаулық сақтау ісі мен медицинаның дамуы тұтастай Ресей Федерациясы бойынша алдыңғы орында екені жасырын емес. Мұнда тіпті Федеров атындағы көз ауруралы клиникасы бүкілресейлік маңызға ие екені де белгілі. Күндер кезінде Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы саябақта орналастырылған көрмелер тізбегінде «Жоғары технологиялық медициналық көмек» деп аталатын Орынбор облысы медицинасы жетістіктеріне арналған көрмені көршілес өңірлер басшылары Бердібек Сапарбаев пен және Юрий Бергпен бірге тамашалаудың сәті түскені-ді.
Сөз жоқ, барды бар, жақсыны жақсы деп бағалау парыз. Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді дегендей –көрме павильондары мен қабырғалық материалдарға көз тастаған кез-келген адам Орынбор медицинасының озық дәстүрлеріне қаныға алады. Әйтсе де орынборлықтардың стратегиялық әріптестері –ақтөбеліктер де бұл бағытта бәсекеге төтеп бере алатындай деңгейде екенін айтпай кетсек, шындыққа қиянат болар. Мұнда медициналық кластер құру ісі бойынша республикада баламасы жоқ жасампаз жобалар қолға алынғаны. Соған сәйкес Ақтөбеде республиканың батыс өңіріндегі Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының тұрғындарын медициналық қызметпен қамтитын ірі орталыққа айналғанын айтудың өзі бір мәртебе. Күндер кезінде облыс орталығындағы «Дару» көз ауруларын емдеу орталығының қызметімен танысқан орынборлық мамандар оған оң баға бергені –кәсібиліктің көрінісі болмақ.
Сонымен ақтөбеліктер орынборлық көршілерінен, олардың игі де ізгі істерінен көңілдеріне тағы да қандай ой түйе алады? Біздің ойымызша Орынбор Үкіметі Қазақстанның Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарымен шектесетін губерниялық шеткері өңірі –Соль Илецкіге мол қаражат құйып жатқаны тағылым алуға тұратындай іс секілді көрінеді. Ежелгі Илецк тұзды көлінің емдік қасиеті ғылыми-медицинада дәлелденгеніне 165 жыл болған екен. Күні кешеге дейін осы жердің айналасы жартылай жабайы күйінде болып келгені қазақстандықтарға да құпия емес. Әрі оған ағайындарымыз ем алу үшін «тұз айы» деп есептелгег шілде кезінде ғана баратын.
Күндер кезінде осы іргеміздегі шекаралық аймақ жыл бойы жұмыс істейтін Ресейдің Сочидан кейінгі басты қалпына келтіру курортына айналғанын білдік. Тіті бұған дейін талай рет барған Илецк емдеу орнын слайдтан көрген кезде оны танымай қалғандай күй кештік. Бұған қоса Ақтөбмен іргелес Қуандық курорты да өзгеше түрге еніпті. Өсу, өрлеу деген осы да. Бұған қосарымыз Ресейлік провинцаялық билік өкілдері аталған шеткері аймақты туристік белдеуге айналдыру жөнінде оңтайлы шешім қабылдапты. Мәселен Ақтөбе аймағында соңғы кездері шалғайдағы Ырғыз ауданы аумағы туристік бағытқа сұранып тұрғаны жөнінде әңгімелер қозғалып жүр. Осы бастаманың аяқсыз қалмағанын қалар едік.
Тағы бір тағылым алар тұрарлық тұс: күндер кезінде айтылғандай шекаралас өңірде оның бренді болуға лайықты дерліктей Орынбордың түбіт орамалын өнеркәсіптік негізде өндірудің кең ауқымды жобалары белгіленіпті. Соның негізінде ежелгі түбіт орамал тоқу ісі іргесін кеңейтіп әр түрлі тоқыма бұйымдар өндіретін, бір ауысымда 1200 адам жұмыс жасайтын келісті кешенге айналыпты. Осы деректі естіген кезде ақтөбелік ақсақал Келдібай Исмағамбетов ағамыз бізге ой-пікірін былайша жеткізіп еді.
-Орынборлықтар Ақтөбеде де түбіт орамалын сататын сауда орнын ашатынын айтып отыр. Дұрыс қой әрине. Бұл да қажетті іс. Дегенмен мұның өзі аз. Шәліні шығару үшін ешкінің түбіті керек. Бұл үшін ең алдымен ешкі керек. Біздің облыста ешкі өсірушілер де аз емес. сонда түбітті өткізу арқылы орынборлық өндіріске өз үлесімізді қосуға болатын шығар. Біздің ойымызша Кел-ағаның ұсынысы құптауға тұратындай пікір секілді.
Еуразия жүрегі атанған өңірдің Ақтөбе облысындағы күндері кезінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлкеттік университеті базасында екі өңірдегі мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары бас қосып, интеграциялық әлеуетті өсіру жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ облыс орталығындағы «Батыс 2» ықшамауданында Орынбор аллеясы ашылды. Сонымен бірге күндер аясында шекаралас өңірлердегі білім беру саласының басшылары арасында инновациялық білім беру сапасын жақсарту жөніндегі бірлескен жобаларға қол қойылды. Тіпті екіжақты басқосу кезінде балалардың биылғы жазғы демалысын бірлесіп ұйымдастыру мәселелері де ұмыт қалған жоқ. Бұл жөнінде қол қойылған меморандум Орынбордың «Солнечная сторона» лагерінде ақтөбелік дарынды балалардың, өз кезегінде Ақтөбенің «Әсем» жазғы демалыс орталығында орынборлық жеткіншектердің жазғы демалысын ұйымдастыруды көздейді. Осындай келісімдер екі тараптағы өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер арасында да жасалды. Түйіп айтқанда Ресейдің Орынбор өлкесінің Ақтөбе облысындағы күндері көршілік қарым-қатынастар мен экономикалық және гуманитарлық байланыстардың одан әрі тереңдей түсуіне жол ашып берді.
Темір Құсайын,
"Егемен Қазақстан"