Әлем • 21 Мамыр, 2018

Қазақстандық актриса Самал Еслямова Канн кинофестивалінде жүлдегер атанды

626 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Міне, қазақтың тағы да бір қарша­дай ғана ару қызы дүйім елді тәнті етіп, Құдай берген талантымен жаһан жұртшылығын өзіне жалт қарат­ты. Сүйсінбеске, сүйінші сұра­­мас­қа болмасы анық. Орыс режис­сері Сергей Дворцевойдың «Айка» ат­ты карти­насында басты рөлді сом­­да­ған қазақстандық актри­са Самал Еслямова 71-ші мәрте шымыл­дығын түріп отыр­ған әйгілі Канн кино­фес­тивалінде «Ең үздік әйел» рөлі­не арналған жүлдеге ие болды.

Қазақстандық актриса Самал Еслямова Канн кинофестивалінде жүлдегер атанды

Жарқын жеңіс. Ел болып мақтанар мерейлі мезет, ұлт болып ұлықталар тарихи сәт. Марапаттау салтанатына Самал­­дың ою-өрнекті ұлт­тық киім­­мен шыққан сәтінің өзі мұ­қым қазақ­тың алты құрлыққа мәр­те­белі атын шығарып, қазақ руха­нияты­ның көкжиегін кеңге жайды.

Туынды шетелдікі бол­ғанмен, тума талант қазақ топы­рағы­ның түлегі. Ортақ олжаға орыс халқынан артық қуанбасақ, кем қуанбайтынымыз анық. «Сергей, саған көп рақмет. Бұл зор құрмет», деді Самал жүлде тұғы­рында тұрып.

«Айка» әлеуметтік драмасы Қырғызстаннан келген қыз жайында өрбіген. Кейіпкер Мәскеуде босанып, баласын перзентха­на­ға тастауға мәжбүр болады, картинада сол қыздың аналық сезі­мі мен қайғы-мұңы сурет­­теле­ді. Фильм бес компания­ның қолдауымен түсірілген, атап айтар болсақ «Кинод­вор» атты Сергей Дворцевой­дың студиясы, сонымен қатар Германияның, Польшаның, Қытайдың, Қазақстанның компаниялары. Бұған дейін ол «Тюльпан» фильмінде басты рөлді сомдаған. Ол туынды 2008 жылы Каннда «Ерекше көзқарас» конкурсының бас жүлдесін, жас әділқазылардың жүлдесін, сонымен қатар Франция­­ның білім министрлігінің жүлде­сін жеңіп алған болатын. Қазақ­стандық актриса Самал Еслямова аталған картинада жұмыс істеген уақытта өзінің ешқандай наградалар туралы ойламағандығын айтады. «Сізді суретке түсіргенде, режиссер оны қалай жоспарлағанын білу өте маңызды. Бұл тәжірибе біздің басты мақсатымыз, ол шығармашылық ұжымның алға басуына көп көмектесті», дейді қарагөз қарындасымыз.

Актрисаның қысқаша өмір­бая­нына келер болсақ, же­ңім­паз жерлесіміз 1984 жылы 1 қыр­күйекте дүниеге келген. 2011 жылы Ресейдің театр өнері инс­титутын (ГИТИС) бітірген. Актрисаның анасы Гүлмайра мен әкесі Ілияс Солтүстік Қазақ­стан облысының Аққайың ауданын­дағы Аралағаш ауылында туған.

Актрисаның әпкесі Аягөз Сатина болса, Самалдың 2004 жылдан бері Мәскеуде тұрып жатқанын айтады. «Самал ата-анасына жиі келіп тұрады. Ен­ді аты әлемге әйгілі актри­са­ны оның әкесі мен шешесі жаз айын­да келеді деп күтіп отыр», дейді ол.

Канн кинофестивалі 8-19 мамыр аралығында өтті. Не­гізгі фестиваль 21 фильм ара­сын­да өткізілді. Аталған жүл­де тұ­ғы­ры­на жерлесіміздің көтерілуі бола­шақ жастарды ын­та­лан­­­дырып, отандық киноның қарыш­тап дамуы­на ықпал етері анық.

Айта кетейік, негізгі бас жүл­­дені қазылар алқасы «Дү­кен ұрлықшысы» фильмін түсір­ген жапон режиссері Хи­ро­кад­зе Корээдаға берді. Канн фестивалінің қазылар алқа­сы Самал Еслямовамен бірге италиялық Марчелло Фонтқа «Догман» картинасы үшін ең үздік ер адам рөлін берді. Рок-музы­кант Виктор Цой тағдыры­на арналған Кирилл Сере­брен­ников­тың «Жаз» фильмі ең үздік саунд­трек жүлдесіне қол жеткізді.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»