Фото: Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»
Фестивалді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып, барша қатысушыларды мерекесімен құттықтай келе, мұндай маңызды шараны ұйымдастырудағы мақсат – еліміз көлеміндегі мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің басын қосып, тәжірибе алмасу және өңірлердегі мәдени нысандардың имиджін көтеру екенін жеткізді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы игі идеяларды қолдау мақсатында аталмыш министрлік «Рухани қазына» атты кіші бағдарлама әзірлеген екен. Осының бір саласы ретінде министрлік жанынан «Қасиетті Қазақстан» атты ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, ол өте мардымды жұмыстар атқарып жатыр. Атап айтқанда, ел аумағындағы қасиетті орындардың ғылыми-сараптамалық анықтамалығы мен тізімін нақтылап, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты виртуалды-интерактивті карта жасап үлгеріпті.
Сондай-ақ аталмыш бағдарлама аясында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау жайы да ойдағыдай іске асуда. Мәселен, өткен жылы АҚШ және Еуропа елдерінде Қазақстан киносының күндері өтсе, қазақ әдебиетінің жауһарларын ағылшын тіліне аудару әрекеті тиянақты жүріп жатыр. Еліміздің тарихи-мәдени символы «Алтын адам» ескерткішінің әлем музейлеріне шеру көрмесі ұйымдастырылыпты. Министрдің айтуынша, бұлардың барлығы Ұлы дала мәдениетін әлемге таныстыру мақсатында іске асырылып жатқан дүниелер екен.
Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Оңдасын Оразалин, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы күллі қазақстандықтардың санасын жаңғыртуға бағытталған өте ауқымды мәдени жоба екеніне тоқталды.
Аталмыш жоба аясында былтыр ел көлемінде екі мыңнан астам шара ұйымдастырылып, оған 85 миллиард теңге бөлінсе, оның 69 миллиарды демеушілер тарапынан қаржыландырылған. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру жолында 735 мәдени ескерткіш қалпына келтіріліп, 86 монография жарияланып, 134 археологиялық және этнографиялық экспедиция ұйымдастырылыпты. Ал үстіміздегі жылдың алғашқы айларында 500-ден астам жоба іске асып, 2800-ге тарта мәдени шара өткізіліпті.
«Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған басты бағыттың бірі – ұлттық кодты сақтап, оны ұлттық патриотизмнің өзегіне айналдыру. Осы арқылы біз тарихымыз, дәстүр-салтымыз және ұлттық мәдениетімізді сақтай аламыз. Бұл тұрғыдан алғанда «Туған жер» бағдарламасы осы істі жүзеге асыру үшін алты бағытта жұмыс жүргізіп жатыр», деді Оңдасын Сейілұлы.
Одан кейін рухани жаңғыру концепциясының «Атамекен» бағдарламасына жауапты Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов дәл қазір өздерінің тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Оның мәлімдеуінше, қазақ тіліндегі жаңа 100 оқулықтың 18-нің тұсауы кесілсе, өткен жылы демеушілер арқылы 53 миллиард теңгеге 424 нысан салынып, 377 нысан күрделі жөндеуден өткен. Осылардың ішінде 36 мәдениет нысаны жаңадан салынып, 51-іне күрделі жөндеу жүргізіліпті. Мемлекеттік жастар саясатына сәйкес тұжырымдама-жоспар жаңартылып, нәтижесінде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы бұрын 2 жылда бір рет беріліп келсе, бұдан былай жыл сайын берілетін болыпты.
Өз кезегінде сөз алған мәртебелі жиынның құрметті қонағы, Италияның Милан қаласында орналасқан «Амброзиана» Азия класс академиясының ғалым хатшысы Канетта Эдуардо, кезіндегі Ұлы Дала мәдениетінің бүгінгі өкілі ретінде қазақтар қазір Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен жаңа дәуірге қадам жасауда десе, өңір өкілі ретінде пікір білдірген Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев бағдарлама аясында өз аймағында атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды.
Фестиваль жұмысы келесі күні де жалғасады деп күтілуде. Яғни ертең Ұлттық академиялық кітапханада «Кітапхана жаһандану дәуіріндегі ұлттық құндылық» және «Музейлер: ғылым мен зерттеу қызметін дамыту діңгегі» атты пленарлық мәжілістер өтіп, отырысқа қатысқан мамандар өзара ой бөлісіп, тәжірибе алмасады.
Мәдени шараның келесі бір маңызды тұсы Мәдениет және спорт министрлігі республика көлеміндегі барлық музейлерге қатысты «Рухани қазына» атты байқау жариялаған-тын. Байқау төмендегі аталымдар бойынша үздіктерді анықтамақ. Атап айтқанда: «облыстық деңгейдегі үздік музей һәм кітапхана және облыстық деңгейдегі үздік музей һәм кітапхана қызметкері, аудандық деңгейдегі үздік музей һәм кітапхана және аудандық деңгейдегі үздік музей һәм кітапхана қызметкері» дейтін көрсеткіштер бойынша анықталады.
Бұл байқауға республика көлемінде қызмет көрсететін барлық деңгейдегі 238 музейден бәйгеге қатысуға 54 өтінім түсіпті. Осылардан 12 музей үздіктер қатарынан табылса, облыстық деңгейдегі үздік музей және кітапхана қызметкерінен 15 адам, ал аудандық үздік музей қызметкеріне 5 адам үміткер ретінде бағын сынапты.
– Бұл үміткерлер әуелі облыстық-аудандық іріктеуден өткендер, – дейді бізге жоғарыдағы мәліметті берген Мәдениет және өнер істері департаменті музей және кітапханалар ісі басқармасының бас сарапшысы Назгүл Кәдірімбетова ханым. Бұл кісінің айтуынша, байқауға қатысушы мекемелерде ең бастысы ғылыми-шығармашылық жұмысының жүйелілігі, содан кейін материалдық-техникалық базасы мен экспонаттарды цифрлы форматқа көшіру ісі басты назарда болады.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын:
– Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Рухани қазына» фестивалі аясында жас ақын-жазушылар кеңесі құрылды. Құрамына еліміздің барлық өңірін қамти отырып, 30-ға жуық ақын-жазушы қабылданды. Бұл жерде жалпы жастар әдебиетінің негізгі мәселелері қаралып, талқыланып, соған байланысты министрлік тарапынан шешімдер қабылданатын болады. 2018 жылдың 23 мамырында Ұлттық академиялық кітапханада Кеңестің алғашқы отырысы өтеді. Қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйі мен жастар шығармашылығының әлем тілдеріне аударылу мәселесі жөнінде баяндама жасалып, қызу пікірталас болады деп күтілуде. Қазір әлеуметтік желілерден де, бұқаралық ақпарат құралдарынан да көріп, бақылап отырмыз, бұл бастама жастар тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. Әрине қыруар шаруа атқарып тастадық демейміз, бірақ алда жоспар көп. Жазушылар одағы негізінен басымдықты жастар шығармашылығына беріп отыр. Соның бірі – Қазақстан Жазушылар одағы жанынан Әдебиетшілер академиясын ашқымыз келеді. Бұл қаламгерлердің біліктілігін арттырып, «Болашақ» бағдарламасы негізінде шетелде білім алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Тұңғыш кітап» деген сериямен жас жазушылардың кітаптарын шығару да жоспарымызда бар.
Ғабдол ӘУЕЗОВ,
Жезқазған тарихи-археологиялық музейі
Тарих және археология бөлімінің жетекшісі:
– Жезқазған тарихи-археологиялық музейіне биыл 40 жыл толып отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында музейдің 40 жылдығына орай республика көлемінде музейлер фестивалін өткіздік. Байқауға 14 облыс түгелімен қатысты. Үздік деп танылған ұжымдар арнайы дипломдармен марапатталды. Бұл қай музей ұжымы үшін де бір-бірімен тәжірибе алмасуда үлкен пайдасын тигізгені сөзсіз. Жалпы, Жезқазған өңірі тарихи ескерткіштерге өте бай. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» арнайы жобасы негізінде Жезқазған, Ұлытау өңірінің табиғи ерекшеліктері мен тарихи-археологиялық маңызын жас жеткіншектер санасына сіңіру мақсатында көптеген нақты жобалар жүзеге асып жатыр. Сондай жобалардың бірі – «Жас өлкетанушы», «Жас турист» үйірмелері. Бұл жобаның арқасында мектеп оқушылары өз елінің тарихымен танысуға кеңінен мүмкіндік алады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ең негізгі мақсаты – ұлт санасын өсіру десек, бұл жобаның біздің өңірдің тарихи, экономикалық һәм саяси дамуына қосар үлесі өте зор. Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан «Рухани қазына – 2018» фестивалі – соған бағытталған негізгі қадамдардың бірі деп есептеймін.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»