09 Желтоқсан, 2011

Ислам дінінің түпкі мақсаты – бірлік пен бейбітшілік

445 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әр мемлекет өз болмысында қоғамын бейбітшілік пен бірлікте, үйлесімділік пен өзара ынты­мақтастықта құратыны белгілі. Сан ғасырлық шежірелі тарихы бар Қазақ елі де бүгінгі күні өзі­нің Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын тойлап отыр. Елімізде өмір сүріп жатқан этностардың бірлігі, тұрақты эко­номикалық даму мен саяси модернизация, ғылым мен білімге деген жастардың ілтипаты мен ашылып келе жатқан ынтасы – осының барлығы қоса алғанда Қазақстанның әлемдік қоғамдас­тыққа танытқан жетістіктері. Дегенмен, ауғанның от-жа­лы­нын көрген мен үшін бейбіт­шіліктің маңызды екенін айтып түсіндіру парыз. Әр күнін бомба жарыла ма екен, бүгін жақы­ны­м­нан айырылып қаламын ба екен деп үрейленіп отыратын қоғам­ның бар болғаны қорқынышты. Адамның дамуына жол бермейтін мұндай зардап, яғни лаңкес­тік елдің ең үлкен тауқыметі деп айтсақ артық болмас. «Қазақстан-2030» Даму стра­тегиясына сай, біздің мемле­кеті­міздің де ең бірінші басымдығы – ұлттық қауіпсіздік болса, екінші басымдық – саяси тұрақ­ты­лық пен қоғамдық келісім екендігі жайдан-жай айтылмаған. Себебі, тұрақтылық пен өзара жауапкершілікке құрылған қоғам ғана стратегиялық мақсаттарына қол жеткізіп, дамудың сапалы сатысына көтеріліп отырады. Елімізде осы жылы Ақтө­бе­д­е, Атырауда, Таразда, енді, міне, Алматыда орын алған діни экстремизмнің көріністері біздің қоғамымызды дүр сілкіндіргені анық. Теледидардан немесе ға­лам­тордан, деректі фильмдер мен Голливудтың фильмдерінен көрінген жарылыстардың біздің елде де орын алғаны кездейсоқ па немесе әдейі ме деген дилем­малық сұрақ тудыратыны анық. Бәріне сараптама жасап қара­сақ, аталған қанқұйлы әрекет­тер­дің жылдар бойы байқамаған дертіміздің меңдеге­нінің салда­ры екеніне көз жеткізуге болады. Сыртқы күштердің елге ену сая­сатының бір шоқ­па­ры ретінде пайдаланылатын діни миссионерлік бүгінгі күні ұлт­тық қау­іпсіздігіміздің негізгі жау­ла­ры­ның бірі болып отыр. Адамзатқа жіберілген барлық діндер бір Жаратқанға құлшы­лық етіп, ақиқатты іздеуге ша­қырады. Қасиетті Тәурат, Зәбур, Інжіл, Құран Кәрім кітаптарын­да бейбітшілік пен бірліктің қан­шалықты маңызды екендігі нақ­ты айтылады. Түбірі «сәләм» бо­лып келетін ислам дінінің де түпкі мақсаты бейбітшілік пен бірлік екеніне ешкім күмән келтіре алмаса керек. Еліміздің түп­кір-түпкірінде орын алған жа­ры­лыстардың осыдан барып ешбір ақиқи дінмен байланысы жоқ екендігін айтуға болады. Алайда, Ислам дінінің нәзік те сырлы келбетін өзінің адам­шы­лықтан тыс мақсат-мұратта­ры­мен ұштастырған топ өкілде­рі­не жастарымызды құрбан­дық­қа шалдырып қоюымыз үлкен күнә. Бұған қарсы заң шығару­шы һәм билік өкілдері және ұл­ты­мыздың қаймақтары, көпті көр­ген тұлғаларымыз бен қоғам қайраткерлері жұмыла күрес жүр­гізгені ләзім. Соңғы кездегі Исламның атын жамылған, өзде­рін мұсылманбыз дейтін қатып қалған қиғаш қағидасы бар, өзі­нің мүддесін ғана мойындап, өз­гемен еш санаспайтын радикал­ды ағымдарды біздің мазһаб деп айтуға негіз жоқ. Біз жастарымызға мемлекетімізде мойындалған дәстүрлі дінімізбен дәріс беріп, сауатын ашуы­мыз керек. Менің ашу-ызам­ды келтіретін бір нәрсе, егер сол Алланың ризашылығы үшін жиһад деп жастарымызды жарылыс жасауға үгіттейтіндер «бірге жарылайық» десе көнер ме еді? Менің білуімше, жанкешті­лер­дің артында адам өмірін сау­даға салып, пайда табушылар тұр­ған сияқты. Жамандықтың түп­тамыры сол жақтан бастау алады. Олар жанкештілердің са­на­сын улау арқылы адам өлімін ақша көзіне айналдырып отыр. Міне, қоғам болып күресетін ша­руа – осындай лаңкестік ту­ды­ратын жағдайдың алдын алу. Бақытбек СМАҒҰЛ, «Нұр Отан» ХДП ардагерлер және әскери-патриоттық бірлестігі кеңесі төрағасының орынбасары.