Қазақстан • 25 Мамыр, 2018

Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде соңғы қоңырау салтанаты өтті

630 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде соңғы қоңырау салтанаты өтті. Бұл мектеп биыл 12-жылдық білім беру жүйесі бағдарламасын толық аяқтаған алғашқы түлектерін ұшырып отыр.

Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде соңғы қоңырау салтанаты өтті

Мектеп директоры Тимур Нұркешовтің айтуынша, мектептің биылғы 85 түлегінің 14-і алыс-жақын шетелдік университеттер грантын иеленген. Мысалы, Әзиз Талапов Мәскеуде өткен «Архимед» өнертабыстар мен инновациялық технологиялар салонына екі мәрте қатысып, жүлде атанып, «Архимед» медалімен марапатталған. 8-сынып оқушылары Бекбол Болатов мен Дастан Тыныштық Қарағанды қаласында өткен «Роболанд-2018» халықаралық байқауынан 3-орын, Эламир Қадырғалиев Алматыда өткен «Инфоматрикс» халықаралық сайысынан 2-орынды иеленіпті. 11-сынып оқушысы Данияр Арыстанов республикалық пән олимпиадасында орыс тілі мен әдебиеті бойынша 1-орын, 11-сынып оқушысы Варвара Качало қазақ тілі пәні бойынша республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасынан 3-орын, Зарина Абдуллиева республикалық «Наурыз кездесулері-2018» ғылыми жобалар сайысынан 3-орын алған.

- Биыл Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына - 10 жыл. Яғни, 10 жыл бұрын Астанада жаңашыл форматта білім беретін мектеп өз жұмысын бастады. Елбасы бұнымен тоқтамай, еліміздің барлық өңірінде осындай білім ордасын ашуды қолға алды. Нәтижесінде 2012 жылы Орал қаласында да зәулім мектеп есігін ашты. Сіздер - ең бақытты ұрпақсыздар. Қазір Назарбаев мектептерінің тәжірибесін өзге де мектептерге қолданып жатырмыз. Әсіресе, ауылдық мектептерге аса көңіл бөлудеміз. Өйткені дала мен қаланың алшақтығын азайтуымыз қажет. «Рухани жаңғыруда» табысты болудің ең басты кілті білім екені айтылады. Бұл үшін елімізде барлық жағдай жасалуда. Сіздер сол үмітті ақтап, алдарыңызға биік меже қоя біліңіздер. Білім жолында қанаттарыңыз талмасын. Ақ жол! - деді соңғы қоңырау салтанатына арнайы қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов.

Бүгінгі шара аясында осы оқу жылында мектептің «Үздік оқушысы» атанған республикалық «Nurintech» инновациялық жобалар байқауының, халықаралық «Архимед» өнертабыстар мен инновациялық технологиялар Салонының жүлдегері 11-сынып оқушысы Әзиз Талаповқа арнайы сертификат пен сыйлық табысталды. Сондай-ақ «Жылдың үздік шаңырағы», «Үздік оқырман», «Үздік уикипедияшы», «Үздік TEDx спикері» марапатталды. Үздік оқушыларға «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясының жолдамасымен Шымкент қаласына жолдама берілді.

- «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының онжылдығы қарсаңында «Қолдайық ауыл мектебін» акциясы өтеді. Еліміздегі 20 зияткерлік мектеп өз өңіріндегі бір ауылдық мектепке материалдық және әдістемелік көмек көрсетеді. Біз 28 мамыр күні Бөрлі ауданындағы Кеңтүбек ауылдық орта мектебіне барып, Назарбаев зияткерлік мектебі жүйесінің озық оқу бағдарламасымен таныстырамыз, нақты әріптестік қолдау-көмек көрсетеміз, - дейді мектептің баспасөз хатшысы Ақмоншақ Жұмаев.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ