Аймақтар • 25 Мамыр, 2018

Қармақшы ауданында жаңа мектеп пен балабақша ашылды

1798 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында 300 орындық мектеп пен 50 орындық балабақша ашылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы барып, әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысты.

Қармақшы ауданында жаңа мектеп пен балабақша ашылды

Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде Ү.Томанов атындағы № 183 мектептің ашылуы өтті.

Облыс әкімі мектеп қызметкерлері мен оқушыларын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2020 жылға дейін білім салысына қатысты 3 міндет қойған болатын: үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою және 3-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту. Үшеуін де Қызылорда облысы мерзімінен бұрын орындады. 2015 жылы үш ауысымдық мектептерді түбегейлі жоюға қол жеткіздік және 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді мерзімінен бұрын 100 пайызға орындадық. Мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың үлесі басым екенін айту керек. Бүгінгі күні балабақшалардың 66 пайызы мемлекеттік-жекеменшік   негізінде жұмыс істейді.  Сондай-ақ, 2016 жылы экономикалық күрделі ахуалға қарамастан біз апаттық жағдайдағы мектептер мәселесін толықтай шештік. Біздің дарынды да қабілетті балаларымыз осындай шалғай елді мекендердегі мектептерде де бар екендігіне шүбәміз жоқ. Жақсы оқып, муғалімдердің сенімін ақтауларыңызға тілектеспін», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Қармақшы ауданының Иіркөл ауылдық округінде 50 орындық «Самал» балабақшасы пайдалануға берілді.

Бұрынғы балабақша 1977 жылы салынып, 1997 жылы жабылып қалған. 2004 жылы нысан қайта ашылды. Дегенмен, балабақша ғимараты типтік жобаға сәйкес болмай, жаңа ғимарат салу қажет болды.Енді ауылда барлық жағдайы жасалған жаңа ғимарат салынды.

Атап өтейік, соңғы бес жылдың өзінде Қармақшы ауданында 4 мемлекеттік балабақша,  3 мектеп, 3 ауылдық клуб, 1 тарихи өлкетану мұражайы, 3  дәрігерлік амбулатория және тәулігіне 250 келушіге арналған аудандық емхананың құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне берілді. Одан бөлек, Төребай би ауылдық округінде балабақшаның құрылысы және Төретам кентінде дене шынықтыру сауықтыру кешені құрылыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Жалағаш ауданының «Таң» ауылдық округіндегі «Манақ баба» фермерлік қожалығының жұмысымен танысты. Қожалықта оазистік суару технологиясы еңгізіліп, 12 га аумақта жеміс-жидектер мепн көкөністер өсірілуде.

Естеріңізге сала кетейік, «Жасыл экономикаға көшу барысында Қазақстанды қолдау» оазистік суарудың гибридтік жүйесін еңгізу пилоттық жобасы БҰҰДБ бастамасымен Қызылорда облысында  жүзеге асыру үшін ұсынылып, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында таныстырылған еді. Облыс әкімдігі инновациялық жобаны қолдап, оны жүзеге асыру үшін жер телімін берді.

Жоба аясында жерасты суын күн энергиясымен шығарып, егістік алқаптарға жіберіледі. Оазистік суарудың арқасында оны пайдалану тиімділігі артады. Болашақта бұл жоба Қазақстанның басқа аймақтарында да жалғасын табады.