10 Желтоқсан, 2011

«Қарлығаш» – бүлдіршіндер мекені

444 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылында биікке қанат самғаған «Қарлығаш» ел басына ауыртпалық түскен сонау тоқырау жылдарында нарықтық экономиканың қи­ын­дығын да табандылықпен жеңіп шықты. Қаржы тап­шы­лығынан сол кезеңде республикадағы 8 мың ба­ла­бақшадан 300-і қалса, Алматы облысы Жамбыл ау­да­нын­дағы 145-ші балабақшадан жұмысын жалғастыр­ған үшеу­дің бірі де осы «Қарлығаш» еді. «Қарлығаш» балабақшасының меңгерушісі Роза Сәрсембиева тәу­­елсіздіктің алғашқы жылдарында «Сорос-Қазақстан» халықаралық қорының «Алғашқы қадам» бай­­­­қауында жүлделі орынды жеңіп алып, республикадағы қазақ бала­­­бақшалары арасында жеңімпаз атанған тәжірибелі маман. Бұл бай­­­қауда халықаралық «Тәй-тәй» тех­нологиясы бойынша оның еңбегі үздік бағалануымен қоса, сонау Америкадан келген мамандар ауыл бүлдіршіндері өмірінен деректі фильм түсіріп, әлемге аян еткендігі оның есінен әлі кетер емес. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, әсіресе мектепке дейінгі білім мен тәрбиенің өзек­ті­лігін жүрегімен сезінген тәрбие­ші­нің пікірінше, балауса ұл мен қыз­дың бойына ата-бабалардың асыл мұрасын, салт-дәстүрін, тәрбие-тә­лімін сіңіру ең басты қажеттілік. Өнегелі ұжымның озық тәжі­ри­бе­сінің сол бір жылдарда еліміздің көптеген балабақшалары арасын­да таратылып, республикалық семинар өткізу мәртебесі шағын ғана «Шиен» ауылындағы балалар мекемесіне түсуі, міне, осындай еселі еңбектің жемісі. Бір құптар­лығы, ауылда өткен семинарға өз­ге республикалардан келіп қатыс­­­қан тәр­­биешілер балабақшадағы озық тә­жі­рибеге тамсанып қайт­қандығы ке­зінде баспасөз бетінде де жазылды. Иә, 1996 жыл оның өмірінде ерекше із қалдырған кезең болды. Сонау тоқсаныншы жылдары өз басына ғана емес, балабақшадағы көздері жаудыраған бүлдіршіндер, олардың ата-аналары тап болған «қиын түйіннің шешімін қалай та­буға болар екен» іштей қиналып жүрген кезеңде «Сорос-Қазақ­­­стан» қоры көмекке келді. Халықаралық қордың бағдарламасын оқу-тәрбие жүйесінде халық педагогикасымен байланыстыра жүргізудің ықпалы мол болды. Бүгінде ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, шөбере сүйіп отырған абзал ана үшін жұдырықтай жүрегінде мәңгі сақтайтын ерекше бір қымбат, әрі асыл сезім бар. Біреу сенер, біреу сенбес, бірақ «бала жанының бағбаны» атанған Роза өз тәрбиеленушілерін туған немерелерінен кем көрмейді. Ата-бабаларымыз сан ғасыр­лар армандаған тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекеттің болашағы – жас ұрпақ. «Шиенде» бүлдіршін­дер бо­йына ұлттық салт-дәстүрді сіңіріп, оларды халықтық тағылым нәрінен сусындатып, танымдық жұмыстар­ды жүйелі түрде жүргізу өз нәти­жесін беруде. Балабақша түлектері тәрбиешілерді жақсы үл­герімімен, өнегелі тәрбиесімен қуантуда. Мә­селен, Жанат Нүсіп­баева, Эльмира Әкімбаева, Раушан Әтікенова және Гүлнәр Ибраимова сияқты тәрбие­шілер ғана емес, ата-аналар да оқу-тәрбие жұмы­сы­ның мазмұнды әрі сапалы өткі­зілуі мекеме басшы­сы­ның өмірлік тәжірибесіне, кәсіби біліктілігіне тығыз байланысты екен­дігін де атап айтады. Өмірдің қызығын да, қиын­ды­ғын да бастан кешкен Роза Сәр­сен­биева үшін ең бастысы – бір кездері тәй-тәй басып, осы бір жылы ұяның табалдырығын атта­ған бүл­­діршіндердің есейгенін, олар­дың азамат болып қалып­тас­қа­нын кө­­­ріп, соған куә болу. Ба­ла­бақша тү­лектерінің арада қаншама жыл өтсе де сол бір жылы ұядағы қызықты сәттерін, туған анала­рын­дай мә­пе­леген жандардың мейірімін, жүрек жылуын қимас­тық­пен еске түсіруі тәрбиешілер үшін үлкен мәртебе. Өйткені, олар кемел елдің келешегін тәрбиелеудің сара жолына өз үлестерін қосып жатқандығын көңілдеріне үлкен медет тұтады. – «Жақсыдан шарапат» деген сөз жәйдан-жәй айтылмаса керек. Жетпіс бала тәрбиеленетін, жиыр­маға жуық маманы бар ынтымағы жарасқан ұжым үшін өткен 2010 жыл өте берекелі жыл болды. Ал­маты облысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетовтің тікелей көме­гі­мен ғимарат күрделі жөндеуден өткі­зілді. Қашанда кәсіби біліктілік, өз ісіне деген жанашырлық жоғары жетістікке, мол табысқа жол аша­тын­дығы сөзсіз. Шағын ғана ауыл­дағы балабақшаға халық педаго­гикасын енгізуде биік дең­гей­ден көрініп, республика көле­мін­де дә­ріп­телген тәлімгердің тәр­бие­лік ма­ңызы зор еңбектері де біршама. Бұл орайда «Қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің сақталуы, оның бала­бақ­шадағы тәрбиелік мәні», «Халық педагогикасы – ба­ла­бақшада», «Бө­­бек­терге – базар­лық», «Халық та­ғы­лымы», «Ұлт­тық тәрбиенің негіздері», «Ертегілер елінде», «Иман­ды­лық сабағы – балабақшада» және «Ба­лабақша өмірім» атты еңбектері рес­­­пуб­ли­ка­лық семинар-кеңестерде іс-тәжі­ри­бе құралы ретінде таратылды. Қанша дегенмен көп балалы ана үшін сонау бір жылдары от­ба­сы тіршілігімен қоса, қиындығы аз емес жұмысты жүргізу оңайға соқ­қан жоқ. «Қарлығаштың» мең­ге­рушісі Роза Сәрсембиеваның ай­туынша, «Елбасының халыққа би­ылғы Жолдауындағы «мен ауыз­бір­шіліктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін» деген сөзі, әсіресе, ұстаздарға үл­кен жауапкершілік жүктейді. Ал, еліміздің келешегінің кемел болуы – жас ұрпақ тәрбиесіне тәуелді. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы облысы. ––––––––––––– Суретте: Роза Малайқызы бүлдіршіндер арасында.