Жақында Алматы облысында осы байқау мәреге жетті. Өңірдегі өнегелі отбасылардың арасынан үздік әулетті анықтау жұмысы жыл бойы жүргізілген екен. Әуелгіде байқауға қатысуға 500-ге жуық отбасы ұсыныс білдіріпті. Олардың арасынан 38 отбасы іріктеліп, ақтық сынға өткен.
- Отбасы бірлігін, бүтіндігін сақтау үшін қандай қадам жасаған дұрыс? Әсіресе жастарға ой салатындай шаралар қажет. Бұдан бес жыл бұрын Елбасы бастамасымен жүзеге асқан «Мерейлі отбасы» байқауының миссиясы осы болатын. Қазір байқауға қатысушы отбасылардың қатары көбейіп, шаттығы шалқыған шаңырақ иелерінің саны артқан- деді «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау сәтінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бірінші дәрежелі дипломды Талдықорған қаласынан Рахымбековтер отбасы және Жамбыл ауданынан Карибаевтар әулеті иеленді. Оларға 1 000 000 теңге ақшалай сыйақы табыс етілді.
Рахымбековтер әулетінің отағасы Мықтыбек мырза өнегелі отбасының иесі ғана емес, білікті басшы, білімді заңгер, меценат азамат. «Айналайын» балалар үйінің түлектері мен жағдайы төмен отбасыларынан шыққан 100 баланы тегін оқытып, мамандық меңгеруіне септігін тигізді. Оқу озаттары мен өнер иелеріне де қаржылық тұрғыда демеу көрсетіп жүрген қайырымды жан. Әулеттің отанасы Қалқа Балжанова да білім саласында еңбек етуде. Талдықорған қалалық «Аналар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Өнегелі отбасының ұл-қыздары да табысты еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосуда. Ал екінші «Мерейлі отбасының» отағасы Біржан Карибаев жеке кәсіпкер, ал отанасы Әлия Әбсеметова халықаралық экономист, журналист, дизайнер. Аталмыш отбасы еліміздегі Балалар құқығын қорғау комитеті мен «Милосердие» еріктілер қоғамы» қорының бірлескен «Казахстан без сирот» жобасына өз үлесін қосуда. Шаңырақ иелері Біржан мен Әлия өздерінің екі ұлына қоса, қазақ, неміс, орыс ұлтынан жеті перзент асырап алып, бауырына басып отырған жандар. Бір отбасында тәрбиеленіп жатқан 6 ұл, 3 қыз мемлекеттік тілде білім алуда. Өзге ұлттан асырап алған ұл-қыздарының бойына ұлттық салт-дәстүрлі сіңіре отырып, заман талабына сай білімді ұрпақ тәрбиелеуді мақсат тұтатын өнегелі отбасы.
Жетісудан шыққан қос «Мерейлі отбасы» өңірдің намысын республикалық байқауда қорғайтын болады.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы