Жеңіл атлетика • 27 Мамыр, 2018

BI Marathon-ға әлемнің 20 елінен 7200 адам қатысты

504 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мамырдың 27-сі күні Астанада өткен үшінші халықаралық қайырымдылық BI Marathon-ға әлемнің 20 елінен 7200 адам қатысты.

BI Marathon-ға әлемнің 20 елінен 7200 адам қатысты

Тіркелуден түскен барлық қаражат «BI Жұлдызай» қайырымдылық қорына жіберіледі. 2016 жылы осы акция аясында 10 млн теңге, ал 2017 жылы 16 млн теңге жиналған, бұл қаражатқа балалардың есту және бас ми мүшелерінің жұмысын жақсартуға арналған томатис терапиясына арнайы өңделген SOLISTEN құрылғыларын сатып алуға жұмсалды. 

Осы жылы ұйымдастырушылардың болжамды дерегі бойынша қор шотына марафонға тіркелуден шамамен 22 млн теңге қаражат түскен. 

- Бұл Қазақстандағы жалғыз 100% қайырымдылық марафоны. Яғни жиналған барлық қаражат қорға аударылады, ал марафонның бүкіл шығынын BI Group компаниясы өтейді. Өзінің ғана емес, қарамағындағы қызметкерлердің, қаланың, елдің қамын ойлайтын осындай компанияның бары қуантады. Ұлтымыздың дені сау болуы тиіс, өйткені бұл біздің болашағымыз. Ал ең қолжетімді спорт түрі ол – жүгіру, дейді BI марафонның бас төрешісінің көмекшісі, қазақстандық ультрамарафоншы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марат Жыланбаев. 

Жалпы, BI Marathon елордамыздың тұрғындары мен қонақтары үшін жарқын спорттық мерекеге айналды. Өткен жылғыдай марафон қашықтығы 5, 10, 21 және 42,2 шақырымды құрады. Ал ең кішкентай қатысушылар үшін 2 шақырымды құрайтын балалар жүгіруі де болады. Айтпақшы, айта кетейік, ең жас қатысушы – Марат Жыланбаевтың қызы 4 жасар Алияна 2 шақырымға жүгірсе, ең егде қатысушы 76 жастағы ақсақал Қайырбай Сәлімов 42 шақырымдық толыққанды марафонды жүгіріп өтті. Сондай-ақ, қатысушылардың арасында бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиев те болды.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»