Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Алматыда мыңнан аса экспонат көрермен назарына ұсынылды

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талай-талай сахна тарландарының жұлдызын жағып, бағын ашқан қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрындағы музейге биыл елу жыл толып отыр. Қазақ өнеріне саналы ғұмырын сарп еткен сахна саңлақтарының шығармашылығы бүгінде театр тарихының қалың қойнауына енген. Ғасырға жуық жылдардың сырлы құпиясын қабырғасына бүккен театр көрермендерге есігін айқара ашып, жәдігер дәрежесіне жеткен асыл бұйымдарды қалың көпшіліктің назарына ұсынды. 

Алматыда мыңнан аса экспонат көрермен назарына ұсынылды

Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін әуелете шыр­қаған актерлер тобы көрер­мен қауымды театрдың екі қанатына тізілген көркем дүниелерді тамашалауға шақырды.

Салтанатты кеште театр директоры Асхат Маемиров бүгінде музей қорында үш жүз мыңнан аса құнды жәдігердің бар екендігін жеткізді. Театр басшылығы музейдің алғаш­қы жанашыры Зейнеп Мол­дабаеваға арнайы Алғыс хат табыс етіп, өмірден өткен сах­на саңлақтарына тиесілі бұ­йым­дардың етек-жеңін жинап, көзінің қарашығындай қамқорлық жасап, жүйелеп жүрген музей жетекшісі Наргиз Тамабекқызына шапан жауып, құрмет көрсетті.

 Музейдегі ең көне кос­тюм «Амангелді» фильміндегі Елубай Өмірзақов киген екі шапанға тоқсанға жуық жылдың жүзі болыпты. Ал сахна саң­лағы Серке Қожамқұловтың гримерлік бөлмесіндегі сары шапаны, орындық, айнасы, т.б. бұйымдары және де шамасы өткен ғасырдың 60-жылдары болуы керек, Қ.Бадыров, Ә.Мәмбетов, т.б. театр тарландары әңгіме-дүкен құрып отырған кресло өткен күндердің хабаршысындай менмұндалайды.

Музей экспонаттарымен келушілерді таныстырған Қазақ­­станның халық әртісі Асанәлі Әшімов сахна тарлан­­дарының иісі сіңіп, киесі жұққан киімдері мен бұйымдарына зер сала қарап, «Әрқайсымыз үшін ма­ңызы жоғары осынау қадірлі бұ­йымдарға мен бейжай қарай алмаймын» деді тебіреністі үнімен. Ал Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев «Бұл жәдігерлердің еліміздің тарихында алар орны ерекше, біздің баға жетпес алтын қорымыз» деп музей сөресінде сап түзеген әр жыл­дардағы спектакльдер афишасына көрермендердің назарын аударды. Сонымен бірге Ә.Мәмбетов қызмет еткен жылдарды еске түсіріп, талантты режиссердің театр­дың бағына біткен ерекше тұл­ға екендігін айтып, шағын естеліктерімен бөлісті. Музей жетекшісі Н.Тамабекқызы театр­ландырылған көрініс бары­сында Сәбира Майқанова, Нұрмұхан Жантөрин, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Шол­пан Жан­дар­бекова, т.б. сахна саң­лақта­ры­ның спектакльдерде киген кос­тюмдерін таныстырды.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ