Алқалы басқосуды кітапхана директоры Бақытжамал Бағашарова ашып, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған игілікті істің маңызын әңгімеледі.
– Елбасының бағдарламалық мақаласында «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз» деген еді. Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша 100 жаңа оқулықты аударуға жаңадан құрылған Ұлттық аударма бюросы кірісіп кетті. Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қол жетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады, – деп атап өтті Б. Бағашарова.
Ал, Қыздар Университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Тыныштық Ермекова білімді һәм зияткер ұлт қана табысқа жететіндігін, бұл жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған сүбелі қолдау екендігіне тоқталды.
Бүгінде алғашқы 18 кітап мен оқу құралы жарыққа шығып отыр. Оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, экономика, менеджмент, дінтану, антропология және журналистика бағыттары бойынша аударылған. Оқулықтардың әрқайсысы 10 мың данамен басылып, жоғары оқу орындары мен кітапханаларға тегін таратылды.
Жарық көрген кітаптардың қатарында Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы» І-томы және «Батыс философиясының жаңа тарихы, Орта ғасыр философиясы» ІІ-томы, Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері», Джордж Ритцер, Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы», Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Дэвид Г. Майерс, Жан М. Туенждің «Әлеуметтік психология», Н. Грегори Мэнкью, Марк П. Тейлордың «Экономикс», Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика», Рикки У. Гриффиннің «Менеджмент», Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» және Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» атты еңбектері бар.
Шара барысында факультет оқытушылары мен студенттері оқулықтарға тоқталып, кеңінен талқылады.