10 Желтоқсан, 2011

Жетістіктер жігерлендіреді

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақ ұлттық аграрлық университеті тәуелсіздік таңы арайлап атқан күннен бастап бағыт-бағдарын жаңаша қалыптастырып, күн өткен сайын меже-міндеттерін заман та­ла­бына сай орайластырып келеді. Әсі­ре­се университеттің 20 жылдық мерейлі мереке қарсаңында ауыз тол­ты­рып айтатын жетістіктері жеткілікті. Бүгінгі күні университет білім мен ғылымды, аграрлық саланы ин­но­вациялық жолмен дамытудың беделді орталығына айналып, ауыл ша­­руа­шылығының бәсекелестікке тө­зім­­ділік қабілетін көтеруде айтар­лық­тай үлесін қосуда. Соңғы жыл­дары біздің ғалымдар жүргізген зерт­теулер нәти­жесінде ауыл­шаруа­шылық және бас­қа да дақылдардың 105-тен астам сұ­ры­бын шығарып, негізгі ауыл­ша­руа­­шылық дақыл­дарын өндірудің 16 аг­ро­тех­ноло­гия­сы жетілдірілді. Ауыл­шаруашылық өнімдерін өңдеп, сақ­тау­дың 15 тех­нологиясы ұсынылды, азық-түлік және құрама жемнің 20 рецептісі жа­салынса, ауыл шаруа­шы­лығы мал­дары мен құстың 12 тұ­қымы мен түрі шығарылып, сы­нақ­тан өткізілді. Сол сияқты вакцина­лар­дың, диагнос­ти­кумдардың, ши­па­лы дәрі-дәрмек­тер­дің 200 түрі, 11 тиімді астық жинау техникасы, машина жүйелері, жел, гидро, гелио, биогаз қондырғылары жасалынды. Орман шаруашылығын жүргізудің 20 кезеңінің негізделген жүйесі жә­не қарағай тұқымдас­тары­ның био­ло­гиялық дертке төзімділі­гін арт­ты­ру жөнінде нұсқаулар да­йындалды. Аталған жетістіктер ғылымды өн­діріспен тығыз байланыстыру мақ­­сатында жүргізілген жос­пар­дың оң нәтижесі. Ол бір жағынан зерттеу жұмыстарының нәтижелі­лі­гіне баға беруге мүмкіндік ту­ғыз­са, екінші жа­ғынан зерттеу жұ­мыс­тарын өнді­ріс­ті дамытуға икемдеуге жол аша­ды. Осыны басты назар­ға алған университет ғалымдары өн­діріспен бай­ла­ныс ауқымын ке­ңей­туге бетбұрыс жасап, аграрлық ғылыми өндіріс консорциумы құ­рыл­ды. Университет ұжымы осы бай­ланыстың да­муы­на ұрпақтар са­бақтастығын қа­лып­тастыра оты­рып, барынша күш жұмылдыруда. Бұл отандық ғылым мен білімді заманауи талаптарға сай дамытудың басты кепілі болмақ. Білім ордасы әлемдік білім ке­ңіс­тігіне кірігуге табысты талпы­ныс танытуда. Әлемнің 50 жетекші университетімен, танымал ғылыми ор­та­лықтармен тығыз байланыс орна­тып отыр. 300 жоғары оқу ор­нын біріктіретін жаһандық консор­циумға мүше. Ұжымның елімізде білім бе­ру­д­ің кредиттік техноло­гия­сына ал­ғашқылардың бірі бо­лып көшкені, бұл бағыттағы ұтым­ды ұмты­лы­сы­мыз­ды аңғартады. Осының нәти­же­сінде әр студент өзінің оқу бағ­дар­ламасын дербес таңдайды, білім алу аумағын өзі анықтап, оқу үдерісіне белсенді ара­ласу мүмкіндігіне ие бо­ла­ды. Университет мамандарды үш дең­гейлік: бакалавр-магистр-доктор PhD принципімен даярлау жүйесін жүзеге асыруда. Оқытудың барлық түрлері білім берудің интерактивті тәсілдері арқылы жүзеге асырылып, мультимедиялық құрылғылар кеңі­нен пайдаланылады. Бұл мамандар даярлау ісін инновациялық технологиялар негізінде жүргізуге мүм­кін­дік береді. Қазіргі кезеңде университет ұжы­мының басты мақсатының бірі – ғы­лымды дамыту арқылы ғылым мен білім беру саласында сапалы қызмет атқара алатын білікті кадрлар да­йын­дау, ғылым мен өндірісті тығыз бай­ла­ныстыру арқылы ауыл шаруа­шы­лығының дамуына жаңа серпін беру. Осыған орай ұжымда ұлттық зерттеу университетіне айналу мақ­сатында бес басымдылық анықта­лып, нақты­лы қадамдар жасалуда. Олар: кафед­ралар құрамын білікті ғалым-ұстаз­дармен толықтыру; ғы­лым мен өн­ді­рісті интеграциялауға негіз болатын ғылыми-өндірістік кон­сорциум құру; әлемдік білім беру қауымдастығына ену; ғылым мен білімнің инфрақұ­ры­лымын дамыту; білім мен ғылымға қабілетті ортаны қалыптастыру. Бізде осы басымдылықтарды жү­зе­ге асыруға қажетті барлық мүм­кін­шіліктер бар. Ең басты байлығымыз – құрамында Ұлттық академияның 37 академигі, 600-ден астам ғылым докторлары мен кандидаттары бар ғылыми әлеуеті жоғары ұстаздар. Олар 5 факультет, 27 іріленген кафедра, 5 ғылы­ми-зерттеу институттары мен 31 зерт­ханаларда жұмыс істейді. Тағы бір атап айтатын жай, уни­­вер­ситет шет елдің озық университеттерімен ынтымақтаса оты­рып, әлем­дік ғылыми кеңіс­тікке бел­сенді кірігуде. Ғалым­дары­мыз климаттың өзгеріске ұшырауы, ауыл шаруашы­лы­ғында пайдала­ны­латын жерлер­дің шөлге ай­налуы, қоршаған орта­ны қорғау, азық-түлік қауіпсіздігі, ішуге жа­рамды судың азаюы секілді адам­заттың жаһандық проблема­ларын зерт­теу­ді халықаралық бағ­дар­лама­лар­ға (ИКАРДА, ГЭФ, БҰҰДБ және бас­қалар) қатысу арқылы жүзеге асыруда. Биылғы жылы Білім және ғылым министрлігі 10 иннова­ция­лық ғылыми жобаны қолдап, 1 мил­лиард теңге көлемінде қаржы бөлді. Оған қосымша қуаттың та­би­ғи көздеріне және техника мен ауылшаруашылық машина өндірі­сі­не қатысты екі жобаға қолдау көрсетіліп отыр. Осы жобаларды іске асыруға байланысты университетімізде қуат үнемдейтін инно­ва­циялық орталық, агроинжене­рия­ның инновациялық орталығы, инновация офисі, зерттеу нәтиже­лерін коммерциаландыру орта­лы­ғы құ­рылды. Бұлар аграрлық ғылымды жаңа деңгейде дамытуға арналған. Ғылымды дамыту мен жаңартуда Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесіне осылайша жете отырып, біз алар арқалы асулар әлі алда деп білеміз. Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық  университет ректоры.