Тарих • 30 Мамыр, 2018

Жазылған жайдың жалғасы: Бір тәубе, бір өкініш

842 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жарты ғасырдан астам – кеңестік кезде (1958) жарыққа шығып – қазақтың рухани кәдесіне жараған «Мәдениет және тұрмыс» (кейін атауы «Парасат» боп өзгеріп, осы кезде тиражы бір мыңға жетер-жетпес, шығар-шықпас жаны бар) журналында қызмет еткен жылдарда, әрі аталмыш басылым Мәдениет министрлігінің органы бол­ғандықтан, өзгелерден гөрі әдебиет, өнер, мәдениет өкіл­дерімен жақындау боп, тым етене демесек те, бір-бірі­мізді бір кісідей біліп, сыйласып жүрген шақтар есте. Солардың бірі – өнер жолы Мұхтар Әуезов атындағы театрда басталып, сонда тәмам­далған дарынды актер, мар­құм Әнуар Боранбаев. 

Жазылған жайдың жалғасы: Бір тәубе, бір өкініш

Сөй­леген сөз, жүріс-тұры­сынан тазалық, адалдық, адамгершілік, кісілік лебі есіп тұратын Әнуардың өзі емес, алмастай жарқыраған актер­лік қырымен көбірек таныс, сырлас, мұңдас болып ек десек жарасқандай. Қай рөл, қай кейіпкер болмасын, шынайы сомдап, көрерменді бірден баурайтын, есте қалатын. Айттық қой, қайран да қайран Әнуарды театрға алғаш келген шағынан бастап, бақиға озғанға дейін білуші едік деп. Әрине бұл аралықта жеке өзі жөнінде де, ол қатысқан спектакльдер туралы да журналда сан рет жазылды. Белгілі театр сыншылары Б.Құндақбаев, Ә.Сығайдың қа­ламына алдымен Әнуар ілігетін. «Әй, шіркін, несін айта­сың, талант қой, кескін қандай, келбет қандай, ой-түсінік, пайым қандай, қай жағынан да кесек, ірі» дейтін екеуі де. Әнуар хақында өзге де басылым беттерінде аз айтылмайтын. Әсіресе классик жазушы Дулат Исабековтің повесі бойынша түсірілген «Гауһартас» фильмі экранға шыққан кездегі әспетті айтсайшы. Ғарышқа бір-ақ шығармады ма? Солай!

Ашық айтқанымызды құдай кешірер, өкінішке қарай, әжептәуір атағы бар сах­на саңлақтарының бәрі бір­дей оқып-тоқи бермейтінін кеше де, бүгін де көріп, біліп, байқап жүретініміз жалған емес. Өз басым егер бірдеңе білсем, біздің редакцияға келіп жүретін Әнуар әсте де олай емес сияқты еді. Сон­дықтан болар негізгі маман­дығы актер, белгілі сыншы, профессор, эстет жазушы Әшірбек Сығайдың оны үнемі жанына ертіп, той-томалақтарына шақырып, қасынан қалдырмай жүретіні. Қым-қуыт өкініш-наланың қайбірі есте тұрады, алайда бұл фәниден кім-кімге де жақ­сы­лық ойлаумен өткен сол Әшір­бектің балдақпен жүре­тін халге жеткен Әнуарға қалай жаны ашып, шыр-пыр бол­ғаны енді, Қайсар Әлімнің «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Сағынсаңдар мені, театрға барарсыңдар...» деген (27.03.18) эссесін оқыған соң ойға оралады-ау, қайтерсің. Қай­сарға бәрекелді! Газетке мың алғыс!

Қайсар Әлімнің айтуынша, Әнуар Боранбаевтың бақилық болғанына жиырма жылға таяпты... Әнуардың елі елгезек екен. Туған жеріндегі орта мектепке атын беріп, алдына ескерткішін қойыпты... Арқалық қаласында актердің кинотеатры бар екен. Қалың жұртшылық, радио, телевидение, ақпарат құралдары Әнуар жайлы жиі әңгімелеп, бір сәт те ұмытпайды екен. Әнуар­дың көзін көріп, өне­рін тамашалаған пенде ретін­де бұлар үшін рахмет дей­міз. Ел-жұрт екенсіңдер, өркен­дерің өсе берсін. Қай нәрсе де нұсқау-бұйрық, науқан­шы­лық емес, халықтың ыстық ықылас-пейілімен жүзеге ас­қан­ға не жетсін. Қайсар Әлім­нің эссесінен осындай түйін аң­ға­рылды. Ал, менің есіме...

Ол да бүкіл ғұмыры Әуезов атындағы театрда өт­кен Қазақстанның халық әр­тісі, консерваторияны Әшір­бек Сығаймен бір курс­та оқып бітірген жан досы, аса дарынды, белгілі актер Әшір­әлі Кенжеев түсіп отыр еріксіз. Қарапайым, елгезек, алғыр, өткір, дарынды, қарымды, «Халық әртісінен» басқа да атақ-марапаттары аз емес, елу жастан сәл асқанда о дүние­лік болған қайран Әшірәлі! Екеуміз бір топырақ, бір ауыл, яғни Сарыағашқа үш рет қосылып, биыл тағы да қайта бөлінетіні ресми жария етілген Келес ауданынан едік. Әне, сол Әшірәлінің атында әлі күнге шекті жартымды дәнеңе жоқ. Бұрынғы Келес ауданының орталығы – Абай ауылындағы Мәдениет үйіне есімі беріледі дегелі он жылдан асты, сен салар да мен салардың әсерінен шу да жіп­тей созылуда (дәл бүгін беріл­месе, кеше солай болатын).

Бір Әшірәлі Кенжеев емес, бұрын-соңды Келес ауданынан шыққан тұлғалар аз емес, баршылық, шүкір. Меди­цина саласынан тұң­ғыш ғылым докторы, профес­сор, Отан соғысының ар­да­гері Әмір Алданазаров, Шығыс тілдерінен ғылым док­торы, профессор, жазушы, Талдықорғандағы уни­вер­си­теттің алғашқы ректоры, Оқу министрінің орынба­сары, ҚазҰУ-де проректор болған Лениншіл Рүстемов, жазушы-ғалым, профессор Немат Келім­бетов, Семей, Тараз қала­ларында ректор, Алматы технология университетінде декан болған профессор Болат Төлегенов, Келестен түлеп ұшқан тұңғыш кәсіби мүсінші Рысбек Ахметов – бүгінде барлығы марқұм. Лениншіл мен Болат атамекендегі жер қойнында, қалғандары Алма­ты­ның Кеңсайында мәң­гі ұй­қыда. Ешбірінің атында есте сақтарлық ештеңе жоқ. Немат Келімбетовтің атында оқу кабинеті, тұрған үйіндегі ескерткіш-тақта, Рысбек Ахметов атындағы туған қызы Эльмира өз күшімен ашқан мемориалды музей-үй демесе. Олар аз, әрине. Бұл жерде әңгіме біреу-міреуді жазғыру, кінәлау, күстәналау, бірі келіп, бірі кетіп жататын басшылар, не ішкенге мәз, жегенге тоқ пысықайларда емес, азаматтық ар-намыс, ел-жұрттық қасиет, парыз, көргендік, білгендікте боп тұр, ағайын. Бір тәубе, бір өкі­­ніш сырын қаперде ұстау жөн.

Зәкір АСАБАЕВ,

Сарыағаш ауданының құрметті азаматы