10 Желтоқсан, 2011

Қуатты Қазақстанның қарышты қадамдары

736 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің сапа са­ла­сындағы «Алтын сапа», биз­нес­тің әлеуметтік жауапкершілігі са­ла­сындағы «Парыз» байқаулары бойынша сыйлықтарының және Қазақстан Республикасы Прези­дентінің арнайы сыйлығының лауреаттарын марапаттауға ар­нал­ған салтанатты рәсімге қа­тыс­ты. Марапаттау рәсімі ба­ры­сында Қазақстандағы индустрия­лық нысандардың тұсаукесері және оларды іске қосуға арналған жал­пыұлттық телекөпір болып өтті. Астанадағы «Велотрек-Са­рыарқа» спорттық кешенінде Премьер-Министр К.Мәсімовтің және Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен салтанатты рәсімге 6 мыңға тарта адам қатысты. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында еліміздің барлық өңірле­рін­де экономикалық өрлеу үрдісі белең алып, мемлекетіміздің тарихындағы ерек­ше айтулы күнге толайым тартулар жасалуда. Осы орайда елімізде жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы аясында ірі жобалар іске қосылып, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылуда. Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Велотрек-Сарыарқа» спорттық кешенінде өткен онлайн режіміндегі еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асыры­лып жатқан өңірлік жобалардың жұмыс барысымен танысып, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға берілетін ірі жобалардың тұсауын кесті. Жалпыұлттық телекөпірдің бет­аша­ры Қостанай облысынан басталды. Онлайн режімінде өтіп жатқан теле­кө­пір барысында үлкен монитордан мерекелік рухпен жігерленген қостанайлық­тар Елбасына ду қол шапалақтап құр­мет көрсетті. Қостанай облысының әкі­мі сөз алып, үдемелі индустриялық-ин­новациялық даму бағдарламасы шең­бе­рінде өңірде атқарылған игі істерді тілге тиек етті. Сіздің тікелей тап­сыр­ма­ңыз бойынша ҮИИДБ аясында Қос­та­най облысында ағымдағы жылы жалпы құны 24,6 миллиард теңге болатын 28 жоба іске қосылды. Қазір біз сондай бір ірі жобаның тұсаукесерінің куәсі бол­ғалы тұрмыз, деді Сергей Кулагин. Бұл – Соколов-Сарыбай кен өнді­ріс­тік бірлестігінің жаңа №17-ші техноло­гиялық секциясы. Жобаның жалпы құ­ны 7,3 миллиард теңге. Бұл жобаның іске қосылуы нәтижесінде құрамында 66 пайыз темірі бар темір кені концен­тра­тын шығару 1,7 миллион тоннаға арта­ды. Осының арқасында бастапқы темір кені концентратын шығару көлемі жы­лына 18 миллион тоннаға ұлғаймақ. Сөйтіп, «ССКӨБ» АҚ Ресей мен Қы­тайға жіберілетін экспорттық өнім кө­лемінің айналымын арттырады. Қоста­най облысының әкімі жаңа өндіріс ны­санын іске қосу үшін Мемлекет басшысынан рұқсат сұрады. Телекөпір арқылы Елбасы қоста­най­лықтарды еңбек жеңісімен шын жүрек­тен құттықтады. Соколов-Сарыбай өн­ді­рістік бірлестігі еліміздегі ең қуатты кен өндіруші компания болып табы­ла­ды. Мен бұл еңбек ұжымын жақсы білемін. Сіздердің бүгін іске қосқалы отырған өндірістеріңіз еліміз үшін өте қажет еді. Бұл жаңа өнім, бұл қосымша үлкен табыс әкелетін өнімдер. Сіздерді осы табыстарыңызбен және ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын. Еңбекте табыс, зор денсаулық тілеймін. Кәсіпорынды іске қосуға рұқсат, деді Елбасы өз сөзінде. Одан кейін телекөпір арқылы Маң­ғыстау облысының әкімі Қырымбек Кө­шербаев сөз алды. Бүгінгі таңда өзі­ңіз ашқан «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы кең қанат жаюда. Арнайы аймақта жалпы құны 400 миллион доллар болатын Қытайдың «САН БАО» компаниясымен бірге 11 кә­сіп­орыннан тұратын «өнеркәсіп паркін» жасау жобасын іске асыра бастадық, деді ол өз сөзінде. Бүгін еліміздің тұң­ғыш компьютерлік планшет зауытын іске қосқалы тұрмыз. Отандық өнімнің са­пасы өте жоғары әрі оған қазақша бағ­дарлама енгізілген. Бағасы да қол­же­тімді. Компьютерлік құралдың алғаш­қы тобын орта мектептерге жіберуді жоспарлап отырмыз. Еліміз тәуелсіздік алған жылдар үрдісінде Мемлекет тарапынан Маң­ғыс­тау облысына үнемі көңіл бөлініп ке­леді. Өздеріңіз білесіздер Ақтау қала­сының маңында жаңа еркін эконо­ми­калық аймақ пайда болды, деді Елбасы телекөпір арқылы маңғыстаулықтарға арнаған сөзінде. Еркін аймақта бірқатар кәсіпорындар ашылып, инвестиция тар­туға мүмкіндік туды. Индустриялан­ды­ру дегеніміз тек қана өндіріс мекемелері емес, зауыт, фабрикалар ғана емес, бұл орайдағы басты мақсат – халыққа жұмыс беру, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту болып табылады. Сондықтан алдағы уақытта да біз осы алған бағыттан таймаймыз. Одан әрі Мем­лекет басшысы Маңғыстау өңірін­де атқарылып жатқан индустриялан­ды­ру жұмысына жоғары баға бере келіп, Ақтау порты арқылы және салынып жатқан басқа да айлақтар арқылы біз өзіміздің жалғыз теңізіміз – Каспий теңізі арқылы шетелге шығатын жолы­мыз­ды кеңейтудеміз. Бұл жағынан да алдағы уақытта өркендеу үрдісі үлкен болды деп есептеймін, деп атап көрсетті. Одан әрі Мемлекет басшысы маңғыстаулықтарды еліміздің айтулы мерекесімен және алдағы жаңа жылмен құттықтап, зауыттың іске қосылуына сәттілік тіледі. Онлайн жүйесі арқылы жобаларды іске қосу салтанатының кезегі Ақтөбе об­лысына келіп жетті. Телекөпірге Мұғалжар ауданы аумағында жұмыс істеп жатқан «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ның жаңадан ашылғалы отырған газ өң­деу зауыты қосылды. Зауыт ғима­ра­тына жиналған жұмысшылар қарамы қо­мақ­ты. Олардың қолдарына ұстаған үндеу­лер мен ұрандар, транспаранттар мен жалаушалар қуанышты сәттің сал­та­на­тын арттыра түскендей. Жиналған­дар­дың жүздерінен қуаныш лебі еседі. Оның да реті бар. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Ресейдің «Лукойл» ком­паниясының елімізде жұмыс істегеніне 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр екен. Өңір 20 жылда экономикасы әр­та­раптандырылған, әлемдік стандарт­тар­ға сай өнімдер өндіретін индустриялы ай­маққа айналды. Мұнда инновациялық технологияларды енгізу үдерісі жеделдетілуде. Тәуелсіздік алған жылдары өндіріс көлемі 578 есе өсіп, өндірілген өнім көлемі 1 триллион теңгеге жетті. Биыл облыста жалпы өңірлік өнім кө­лемі 1 триллион 300 миллиард теңге бо­лады деп күтілуде. Индустриялан­ды­ру бағдарламасы қолға алынған екі жыл­да жалпы құны 184 миллиард теңге болатын 51 жоба іске қосылып, 5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Облыста экологиялық жағдайды жақсартуға ба­ғыт­талған жаңа жобалар да жүзеге асы­ры­луда. Телекөпірде сөз алған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов осы сәтте тұсауы кесілетін жаңа жоба – «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ның газ өңдеу зауыты жайында Елбасына қысқаша мәлімдеді. Аса қадірлі Елбасы, Сізді және барша қазақстандықтарды ел Тәуелсізді­гі­нің 20 жылдығымен құттықтаймын, дей келіп облыс басшысы Архимед Мұ­хам­бетов осы жылдарда Ақтөбе облы­сы Қазақстанның экономикалық карта­сы­нан тұрақты орын алғанын, жаңа ин­дустриялық саясат нәтижесінде бүгін­ге және болашаққа қызмет ететін жаңа өндірістер іске қосылғанын, барлық кәсіпорындарда еңбек өнімділігін және қайта өңдеу процесін арттыратын ин­но­вациялық технологиялар көптеп енгізіліп жатқанын жеткізді. Қазір пайдалануға беріліп отырған «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ның газ өңдеу зауыты өңірдің экологиялық ахуалын жақсартатын өте маңызды жоба. Зауыт­тың қуаттылығы жылына 420,0 миллион текше метр мұнайға ілеспе газды өңдеуге мүмкіндік береді. Жобаның құны 41,7 миллиард теңге тұрады. Зауыт құрылысында 1,5 мыңнан астам адам еңбек етті. Бұл зауыттың іске қосылуы облыс тұрғындары мен кәсіп­орын­дар­дың көгілдір отынға деген сұранысын қанағаттандыруға, сондай-ақ, жаңа өң­деуші кәсіпорындарды дамытуға және өңірдегі экологиялық ахуалды сауық­ты­руға мүмкіндік береді. Зауыт құрамына кіретін газ өндеу кешенінде 420 миллион текше метр газ өңделіп қана қой­майды, бұған қосымша 300 миллион текше метр құрғақ газ, 45 миллион текше метр сұйытылған газ, 6 мың тонна газдық бензин және 10 мың тонна түйіршікті күкірт өндіріледі. «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас ди­рек­торы Андрей Решетнев арнаулы тетікті басып зауытты іске қосты. Зауыт­қа қойылған үлкен телеэкраннан газ­дың компрессорларға түскені айқын кө­рінуде. Газ өңдеу процесін тамаша­ла­ған жиналғандар ду қол шапалақтап, жаңа өндірістің ашылу қуанышына бөленді. Біздің елімізде Ақтөбе облысы мұ­най-газ өндіретін маңызды өңірлердің бірінен саналады. Мына газ өңдеу зауыты әсіресе елімізге аса қажет. Сон­дықтан жылдан-жылға газ өндіруді өр­кендетіп келе жатқан Ақтөбе облысы­ның еңбеккерлеріне ризашылығымды ай­тамын, деді Елбасы телекөпір арқы­лы ақтөбеліктерге арнаған сөзінде. Мемлекет басшысының рұқсатымен зауыт іске қосылды. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Тәу­ел­с­іздік жылдарында Жамбыл облы­сын­да өнеркәсіптің мықты іргетасы қаланды. 2015 жылға дейін шикізаттық емес экспорт көлемін 36 пайызға, еңбек өнімділігін 1,4 есе арттыруға қол жеткіземіз, деді өңір басшысы Қанат Бозым­баев телекөпір арқылы айтқан сөзінде. Бүгін біз жаңа өндіріс орнын – меди­ци­налық бұйымдар өндіретін зауытты іске қосамыз. Бұл зауытта медицина сала­сы­на арналған арнайы киімдер және бірегей іш киімдер шығарылатын бола­ды. Мұндай зауыт ТМД мемлекеттері ішінде ең алғаш біздің облыста іске қосылғандықтан, біздің көрші елдер рыноктарына еркін кіріп, тұрақты орын алуымызға толық мүмкіндігіміз бар. Құрметті Елбасы, жаңа кәсіпорынның жұмысын бастауға рұқсат етіңіз. Қазіргі таңда Қазақстан меди­ци­на­лық құралдармен және дәрі-дәрмек­тер­мен өзін-өзі 10 пайыз ғана қамтамасыз етеді. Біздің алға қойып отырған міндетіміз осы көрсеткішті 40-50 пайыз­ға дейін жеткізу. Ол үшін қазір елімізде көп жұмыстар атқарылып жатыр. Сіздер еліміз үшін өте қажет зауытты іске қо­сып отырсыздар. Бұл Қазақ­стан Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына деген сіздер­дің үлкен тартуларыңыз, деді Елбасы Жамбыл облысының жұртшылығына ар­наған сөзінде. Осыдан кейін жинал­ған­дардың қызу қолдауымен онлайн режімінде жаңа зауыт өмірге жолдама алды. Кезек Қарағанды облысына жетті. Облыс әкімі Серік Ахметов өңірде атқарылып жатқан игі істерді айта келіп, 2015 жылға дейін өңірде тағы да 23 ірі кәсіпорын іске қосылып, 4 мың­ға жуық жаңа жұмыс орны ашы­ла­ты­н­ды­ғын мәлімдеді. Телекөпір ар­қы­лы бүгін мұнда жоғары сапалы катодты мыс шығаратын жаңа зауыт іске қо­сылмақ. Бұл өндіріске 7 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жаңа зауыт шыға­ра­тын өнімге еліміз­дің электр энергиясын тарататын ком­па­ниялары және мәшине жасау өн­ді­рісі өте зәру. Зауыт жұмыс істей бас­та­ғанда 145 адам тұрақты жұ­мыс ор­ны­мен қамтамасыз етіледі. Бұл жо­ба­ны «Сары Қазына» компаниясы іс жүзіне асырған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна катодты мыс өндіру болып табылады. Зауыт келесі жылдан бастап толық қуатында жұмыс істей бастайды, деді ол. Елбасы жақында Қарағанды өңі­рін­де болған жұмыс сапары барысында об­лыста атқарылып жатқан жұмыс­тар­мен жан-жақты танысқанын айта келіп, бұл өңірде үлкен өндірістік даму үрдісі белең алғанын атап көрсетті. Қараған­дылықтардың жоғары қарқынмен іс жүзіне асырып жатқан бастамалары барлық өңірлердің әкімдеріне, барлық қазақстандықтарға үлгі болуға тиіс. Елімізді индустрияландыру жөніндегі біздің бүгінгі бастамамыз – бұл дәл қа­зіргі кезеңдегі біздің ұлттық идеямыз. Қарағандыда экономикамыздың барлық саласы қарқынды даму үстінде, деді Елбасы. Мемлекет басшысының рұқ­сатымен Қарағанды өңірінде тағы да бір ірі жоба іске қосылды. Телекөпір арқылы Астанамен бай­ла­нысқа шыққан Қызылорда облы­сын­да да ірі индустриялық жобалар іске асырылуда. Өңір басшысы Болатбек Қуандықовтың айтуынша, тәуелсіздік жылдары бұл өңірде 5 триллион тең­ге­нің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Соң­ғы 10 жылда шағын бизнес субъек­ті­ле­рі 7 есеге артып, 68 мыңнан аса адам тұ­рақты жұмыспен қамтылған. Тұрғын­дардың ақшалай табысы 8 есе өскен. Биылғы жылы индустрияландыру бағ­дар­ламасы аясында жалпы құны 57,3 миллиард теңгенің 33 жобасы іске қо­сылған. Олардың ең ірісі – бүгін Мемлекет басшының назарына ұсынылып отырған Күкірт қышқылы зауыты. Иә, бұл жолы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына Жаңақорған ауданындағы Күкірт қышқылы зауыты ұсынылды. Зауыттың жылдық өнімі 500 мың тоннаны құрамақ. Қазіргі болжам бойынша, 98 пайыз күкірт қыш­қы­лын, 18 мВт. электр энергиясын шы­ға­рады деп күтілуде. Соңғы үлгіде жасақ­талған зауыттың бұған шамасы жететіні кәміл. Жобаның жалпы құны 34497 миллион теңгені құраған. Құрылысы толық аяқталған зауытта 308 адам жұмыспен қамтылады. Енді ерекшеліктері туралы айтайық. Мұндай зауыт еліміздің оңтүстік өңі­рін­дегі бірде-бір аймақта жоқ. Ал қуат­тылығы жағынан республикада алдың­ғы қатарлы зауыттардың бірі болып есеп­теледі. Кәсіпорынның соңғы үл­гідегі құрал-жабдықтармен қамтылға­нын айттық. Соның арқасында күкірт қышқылын өндіру сапасы жоғары­лай­ды. Сонымен қатар жергілікті маман­дардың кәсіби тұрғыда шыңдалатыны да айқын. Әлемнің озық технология­ла­рын топтастырған кәсіпорын қоршаған ортаға залалын тигізбейді. Күкірт қыш­қылын экологияға зардабын тигізбей өндіріп, айналаны ластамайтыны дә­лел­деніп отыр. Бұл Қызылорда облысы үшін басты назардағы мәселе екені анық. Сондай-ақ, аталған зауыт Қазақ­станның атом өнеркәсібіне де айрықша үлес қоспақ. Ел экономикасының ба­сым бөлігін құрап отырған сала осы арқылы екпінін еселей түседі деген жоспар бар. Қысқасы, зауыт тек ай­мақ­қа ғана қызмет етіп қоймай, еліміздің игілігіне айналып, алыс-жақын шетелдерге өз өнімін ұсынбақ. Мен қызылордалықтарды Тәуелсіз­дігі­міздің 20 жылдығы ішінде, әсіресе кейінгі жылдарда жеткен зор жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймын. Қазіргі уақытта Қызылорда халқы, жалпы бұл өңір жаңаша өсіп, өркендеп келе жатыр. Жаңа өндіріс орындары ашылуда. Облыс тұрғындары жаңа ма­ман­дықтарды игеріп, жаңа жұмыс орын­дары ашылуда. Осының бәрі елі­міздің Тәуелсіздігінің арқасы. Жеңіс­теріміз жемісті болсын, деді Елбасы онлайн режімі арқылы Сыр өңірінің жұртшылығына арнаған сөзінде. Қалың жұртшылықтың қолдауымен жаңа зауыттың тұсауы кесілді. Сіздің шаруашылықты әртараптан­дыру туралы тапсырмаңыз өңірде оң­тайлы шешімін табуда, деп бастады те­лекөпір арқылы Мемлекет басшысына арнаған сөзін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Соның бірі бүгін тұсауы кесілгелі отырған – тері илейтін зауыт. Семей қаласында салынған бұл зауыт Қазақстандағы тері өңдейтін ең ірі және шикізатпен дайын өнім өн­ді­руге қажетті технологиямен жабдық­тал­ған бірден-бір кәсіпорын. Кәсіп­орын­ға италиялық қондырғылар орна­тылған. Бүгінгі таңда Абай, Бородулиха, Үржар аудандарында үш сервистік дайындау орталығы іске қосылған. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жы­лына 450 мың ірі қараның терісін илеп, 125 миллион шаршы метр өңделген өнім шығаруға негізделген. Шығыс Қазақстан облысы Қазақ­станның ірі өндірістік өңірлерінің бірі болып саналады. Облыста атқарылып жатқан ауқымды істердің барлығын біз жақсы білеміз. Көптеген ірі өндіріс ошақтары іске қосылып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Мұның бәрі үлкен жауапкершілікпен атқары­лып жатқан жұмыстар. Шығыс­қазақ­стандықтар бұрын мысты, мырышты, қорғасынды илеуші еді, енді міне, тері илейтін болдыңыздар. Бұл да еліміздің ауыл шаруашылығы үшін аса қажет өндіріс, деді Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы байланысқа шыққан семейліктерге. Семей қаласындағы жаңа зауыт ғимаратына жиналған жұртшылықтың қызу қолдауымен бұл нысан да іске қосылды. Келесі кезекте телекөпір желісіне Батыс Қазақстан облысы қосылды. Ақжайық өңірінде тәуелсіздік жылдары өңдеу секторындағы өндіріс көлемі 12 есе өсті. Аймақта бұған дейін өткір күйінде қалып келген энергия тап­шы­лығы проблемасы түбегейлі шешімін тапты. Сондай-ақ мұнда машина жасау, көлік, кеме құрастыру және құрылыс материалдары өндірістері жан-жақты дамып келеді. Тұтастай алғанда, «Зенит», «ҚазАрмапром», «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы», «Оралагрореммаш» секілді зауыттар мен кәсіпорындар облыстың бүгінгі өр­кен жайған өндірістік келбетін таныта алады. Өңір басшысы Бақтықожа Із­мұхамбетовтың айтуынша, 2010-2013 жылдарға белгіленген индустрия­лан­дыру іс-шараларына сәйкес облыста 29 жоба іске асуда. Оның құны 254,4 миллиард теңгені құрайды. Осы арқылы 1200 адамды жұмыспен қамтуға мүм­кін­дік туып отыр. Ал биылғы 2011 жылы 11 жоба пайдалануға берілді. Соның ішіндегі ең ауқымдысы бүгін өмірге жолдама алған Қарашығанақ өңдеу кешеніндегі көмірсутегі ши­кізатын терең өңдеу және тазалау жө­ніндегі қондырғы болып табылады. Бұл жобаның басты мақсаты – бүгінгі заманғы технологиялық жетістіктердің көмегі арқылы бір жыл ішінде конденсат өндірудің экспорттық әлеуетін 7,7 миллион тоннадан 10,3 миллион тон­на­ға дейін көтеру болмақ. Жаңа қон­дыр­ғы жағдайында еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда жылына 387,3 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл саладағы орташа республикалық көрсеткіштен 246 мың АҚШ долларына жоғары. Жы­лына 2,6 миллион тонна шикі кон­денсатты өңдей алатын жобаның құны – 155 миллиард теңге. Қондырғының іске қосылуы арқылы 90 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Елбасы Батыс Қазақстан облысында индустрияландыру бағдарламасы бой­ын­ша атқарылып жатқан жұмысқа жан-жақты тоқтала келіп, өңірдің энерге­тикалық тәуелсіздікке қол жеткізгеніне жоғары баға берді. Сіздердің электр жүйесін өздеріңіз салып, Ресейден келетін электр қуатына тәуелділіктен құ­тыл­ғандарыңыз өте қуанышты жағдай. Жалпы, облыс ауыл шаруашылығы жағынан да, мал шаруашылығы жағы­нан да, әсіресе индустрияландыру және мәшине жасау саласында жоғары жетістіктерге жетіп отыр, деді Елбасы өз сөзінде. Мемлекет басшысының сәтті­лік тілеуімен, өңірде тағы бір ірі өндіріс ошағы іске қосылды. Тәуелсіздіктің 20 жылында Алматы облысында аграрлық секторда өңдеу кәсіпорындарын іске қосу қарқынды жүргізілді. Өңір басшысы Аңсар Мұ­са­қановтың айтуынша, жоғары техно­ло­гиялы агроөнеркәсіп кешені құрылды. Аталған нысандар Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамы­ту бағдарламасын іске асыруға мүмкін­дік береді. Соның бірі «Байсерке Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Бұл жерде жемшөп базасынан бастап, дайын өнімдер шы­ға­ратын мал шаруашылығы кластері құрылды. Бүгін «Байсерке Агро» ком­паниясының 10 түрлі өнім шығара­тын ет өңдеу кешені іске қосылмақ. Телекөпір байланысына Алматы қаласы шықты. Жақында ашылған жаңа метрода қала әкімі Ахметжан Есімов бастаған алматылықтар онлайн режімі арқылы Елбасына ду қол шапа­лақтап зор құрмет көрсетті. Әкім атап көрсеткендей, метрополитеннің бірінші кезегін пайдалануға беру арқылы 7 станса жұмыс істейді. Метроның жал­пы өткізу мүмкіндігі жылына 1 миллион адам. Метрополитеннен басқа қала­да 2011 жылдың ІІ жартыжылдығында 5 ірі жоба аяқталған. Индустриялан­дыру картасы шеңберінде Алматы қаласында 2014 жылға дейін жалпы құны 258 миллиард теңге болатын 28 жоба іске қосылмақ. Телекөпір арқылы Мемлекет бас­шысы барлық алматылықтарды ғасыр жобасы – Алматы метрополитенінің іске қосылуымен құттықтады. Мен ме­троның барлық стансаларын аралап шықтым. Бұл біздің еліміздегі алғашқы метрополитен. Бұл құны өте қымбат тұратын тамаша әрі баламасыз нысан. Біз алдағы уақытта метрополитен құрылысын жалғастыратын боламыз. Өйткені ол Алматы үшін өте қажет экологиялық көлік қатынасы болып табылады, деді Елбасы өз сөзінде. Телекөпірге қосылған Павлодар об­лысының әкімі Бақытжан Сағын­таевтың айтуынша, 2016 жылға дейін өңірде индустрияландыру шеңберінде 169 жоба іске асады. Бұл облысқа 1 триллион 203 миллиард теңге инвестиция әкеледі. 13 800 жұмыс орны ашы­лады. Елбасының Жарлығымен Павлодар өңірінде арнайы экономикалық аймақ құрылғаны белгілі. Бұл аймақта ашылатын жаңа кәсіпорындар электр энергиясын тұтыну көлеміне сұра­ныс­ты көбейтетін болады. осыған байла­нысты бүгін бұл өңірде электр қуатын өндіретін жаңа нысан іске қосылғалы отыр. Ол – «Павлодарэнерго» кәсіп­орнында озық технологиямен жаб­дық­талған қуаттылығы 505 мВт. жаңа турбина мен қазандық агре­гаты болып табылады. Қазақстанның экономикалық да­муы­на Павлодар өңірінің қосқан үлесі ерекше зор. Елімізде өндіретін барлық электр энергиясының 40 пайыздан ас­тамы жалғыз Павлодар облысында өндіріледі. Еліміз бойынша көмір өндірудің негізгі көлемі де осы өңірге тиесілі. Сондықтан бүгін сіздердің электр өндіру жүйесіне қосып отырған 505 мВт.-тық турбиналарыңыз Қазақ­стан экономикасы үшін өте қажетті үлкен үлес болып табылады, деді Мемлекет басшысы павлодарлықтарға арна­ған сөзінде. Онлайн режімі арқылы телекөпірге жиналған павлодарлықтар­дың қызу қолдауымен жаңа турбина тетігі іске қосылды. Келесі кезекте онлайн режімі арқы­лы Атырау облысы бас қаламен бай­ла­нысқа шықты. Ел тарихындағы атаулы мейрамды облыс республикалық ірі-ірі бағдарламаларды мезгілінен бұрын аяқ­тап, халықтың шынайы өмірінен көрі­ніс тапқан үлкен көрсеткіштермен қар­сы алуда. Бүгін Сіздің қатысуыңызбен өңірді индустрияландыру шеңберінде жүзеге асатын жаңа өнеркәсіп нысаны – су арнасы коммуналдық шаруашы­лығы үшін, сондай-ақ мұнай-газ саласында көмірсутекті өндіру, даярлау, тасымалдау, қайта дайындау үшін аса қажетті Химиялық реагенттер зауы­тын іске қосамыз. Бұрын осының бәрін шетелден сатып алсақ, енді өзімізде өндіруді қолға алып отырмыз. Өнім әлемдік талаптарға сай, кейбір компоненттері одан да жоғары. Алдағы екі жылда осындай жаңа 30 инновациялық жоба ашылатын болады. Қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлы, зауытты іске қосуға рұқсат етіңіз, деді Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев. Атырау – мұнайлы өңір. Атырауда басқа өндіріс салаларын өркендету туралы тапсырма берген болатынмын. Соған байланысты бұл өңірде мұнай өңдеу саласы, басқа да өндірістер, жаңа мамандық иелерін дайындау мәселелері өркендеп өсіп келеді. Бүгін іске қосылғалы отырған Химиялық реагенттер зауыты атыраулықтардың ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдық мерекесіне ар­наған үлкен сыйлығы. Зауытты қосы­ңыздар, іске сәт, деді Елбасы. Онлайн режімі арқылы мониторға Солтүстік Қазақстан облысы қосыл­ды. Өңір басшысы Серік Біләловтің ай­туын­ша, тәуелсіздік жылдарында өңір эконо­микасы түбегейлі қайта құ­рылды. Соның айқын дәлеліндей ҮИИДБ шеңберінде облыста тағы бір ірі нысан іске қосылғалы тұр. Ол – «Егін» ЖШС-ның диірмен-макарон кешені. Бұл кешенде жылына 4 мың тонна өнім шығарылатын болады. Негізінен осы өнімдерді шығару арқылы өңір астық өнімдерін экспорттау әлеуетін арттырады. Биыл солтүстікқазақстандықтар ас­тық өндіруде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Облыс диқандары еліміз­дің құт қамбасына 8,8 миллион тонна астық құйды. Өңірде өнеркәсіп өндірісі де қуатты дамуда. Құрылыс индус­триясы өркендеп, жоғары технологиялар мен жоғары кәсіби білікті кадрлар өсіп шығуда. Еліміздің аграрлық сек­торына ауылшаруашылық өнімдерін одан әрі тереңдете өңдеу міндеті қой­ыл­ған болатын-ды. Бұл міндет Сол­түстік Қазақстан облысына да қатысты. Міне, бүгін соның нәтижесі ретінде тағы бір нысанды іске қосамыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев қызылжарлық­тарға арнаған сөзінде. Телекөпір арқылы байланысқа Оң­түс­тік Қазақстан облысы шықты. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың мәлімдеуінше, индустрияландыру кар­та­сы аясында өңірде биыл 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылуына негіз қалаған 28 инвестициялық жоба іске қосылған. Бүгін Мемлекет басшы­сы­ның қатысуымен онлайн режімінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық ай­мағындағы «Шымкент-Кашемир» дай­ын тоқыма өнімдерін шығаратын кәсіпорынның тұсауы кесілмек. Жаңа кәсіпорын шаруа қожалықтарында туын­даған күрделі мәселенің бірі – малдың жүнін өңдеуді толығымен шешеді. Дайын өнім – жіп шығару өндірісі де іске қосылады. Мен Оңтүстік Қазақстан облысында атқарылып жатқан ауқымды жұмыс­тарға әбден қанықпын. Сіздердің бүгін іске қосқалы отырған зауыттарыңыз өте маңызды нысан. Кашемир дегеніміз, ол жүннің түбіті болып саналады. Еліміз үшін өте қажет өнім. Сонымен бірге сіздер, оңтүстікте мата тоқу мәселесін қолға алып жатырсыздар. Бұл өте құптарлық бастама. Осы шара­ларды одан әрі өрістете берулеріңіз керек, деді Елбасы. Мемлекет басшысы телекөпір арқылы осы жаңа өндіріс орнында жұмыс істейтін адамдарды құттықтап, жаңа кәсіпорынның тұ­сауын кесті. Телекөпір арқылы байланысқа шық­қан Ақмола облысында ҮИИД бағ­дарламасы аясында жалпы құны 647 мил­лиард теңге болатын 43 жоба қолға алынған. Облыс әкімі Сергей Дьячен­коның айтуынша, іске қосылған өндіріс орындарының бәрі дайын өнім беруде. Бүгін телекөпір аясында Ақмола об­лысында дәнді дақылдар егістігінің өнімділігін арттыратын тыңайтқыш шығаратын зауыт іске қосылмақ. Ол – «Астана-Нан Кемикалс» ЖШС-ның 15 миллион литр пестицид және гербицид шығаратын зауыты. Бұл ке­шен­нің өндірістік қуаты бүкіл рес­публикамыздың сұранысын қанағаттан­дырады және 20 пайыз өнім Орталық Азия мен Ресейге экспортталады. Елбасы телекөпірге қатысушы ақмо­лалықтарды еңбек жеңісімен құттықтай келіп, елімізді мол астықпен қуантқан диқандарға алғысын айтты. Бүгінгі пай­далануға берілгелі отырған зауыт­тың егін шаруашылығымен айналы­са­тын өңірлер үшін өте қажетті өнім шығаратынын атап көрсете келіп, Мемлекет басшысы жаңа өндіріс орнына сәттілік тіледі. Сондай-ақ телекөпір барысында «ха­лықтық құрылыстар» дәрежесіне ие болған Алматы облысындағы Шарын өзеніндегі Мойнақ ГЭС-і мен «Жетіген – Қорғас» темір жол желісі, Маң­ғыстау облысындағы «Өзен – Түр­кі­менстанмен мемлекеттік шекара» темір жол желісі, Жамбыл облысындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» кө­лік дәлізі жобасының тұсаукесерлері өткізілді. Монақ ГЭС-і ТМД көле­мін­дегі жоғары тасқынмен электр қуатын өндіретін бірінші станса болып та­­былады. Жоғары технологиялық қон­дыр­ғылар орнатылған туннель судың қатты ағынын қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде 1 мВт. электр қуатын алу үшін жұмсалатын су көлемі секундына төрттен бір текше метр болады. Бұл кез келген гидроэлектр стансалар шығын­дайтын су мөлшерінен 15 есе аз. Ал «Жетіген-Қорғас» темір жол торабына кәсіпкерлер «Еуропаға ашылған 5-ші қақпа» деген лайықты атау берген. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы екінші темір жол торабы болып табылады. Жаңа темір жол торабының ашылуына байланысты 2000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылған. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ви­це-президенті Ермек Қизатовтың ай­туынша, «Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» темір жол торабының ұзындығы 146 шақырым. Оны салуға 2000 құрылысшы қатысқан. Жеті жаңа станса мен бекеттер ашылған. Жақын болашақта Қазақстан Еуропамен Үлкен Азия арасындағы алтын көпірге айналады. Бұған қазақ елі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін салу арқылы қол жеткізеді. Бұл халықаралық көлік магистралінің құрылысы 2013 жылы аяқталмақ. Бүгінде мұнда 35 мың қазақстандық жұмыспен қамтылған. Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиевтің айтуынша, бұл ме­гажобаға 6000 техника тартылған. Биыл осы жолдың 780 шақырымы салынған. Жамбыл облысында 500 шақырым жол салынды. Соның бірі бүгін Мемлекет басшысының онлайн режім арқылы тұсауын кескен Тараз – Шымкент учаскесі болып табылады. Мемлекет басшысы «халықтық құ­рылыстар» дәрежесіндегі бұл мегажо­балардың еліміздің экономикасын өркендетуге қосатын қомақты үлес­те­рін атап көрсете келіп, ҮИИДБ шең­берінде жүзеге асырылып жатқан мегажобалардың болашағына сәттілік тіледі. Индустрияландырудың екі жылы ішінде Қазақстанда жалпы сомасы 1,8 трлн. теңгеден асатын 389 өндіріс іске қосылып, 68 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Индустрияландыру карта­сында жалпы сомасы 9,6 трлн. теңгенің 609 жобасы есептелініп, 179 мың тұ­рақты жұмыс орнын құру көзделген. Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа» мен «Парыз» бай­қауы­ның жеңімпаздарын марапаттау рәсі­міне қатысты. «Алтын сапа» сыйлығы өнімдер немесе қызмет көрсету сапасы сала­сын­дағы жақсы нәтижеге қол жеткізгені, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мекемелерге заманауи менеджмент жүйесін енгізгені үшін конкурстық негізде беріледі. «Парыз» байқауын жыл сайын өт­кізудегі мақсат жалпы алғанда, өздері­нің жұмысшылары мен қоғам үшін әлеуметтік мәселелерді шешетін жеке меншік кәсіпкерлік субъектілерін ын­таландыру болып табылады. 2011 жылдан бастап «Үздік ұжым­дық шарт», «Үздік әлеуметтік жыл жо­басы» және «Үздік әлеуметтік жауап­ты кәсіпорын» 3 аталымына қосымша «Экологияға қосқан үлесі үшін» ата­лымы енгізілді. Биылғы жылы сапа саласындағы «Алтын сапа» Президент сыйлығы үшін жарияланған байқауға 232 компания қатысқан. Ал 610-нан астам кәсіп­орын «Парыз» байқауының награ­да­сын алу құқығынан үміткерлер қата­рында болған. Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінде, Қазақстан дамудың жаңа кезе­ңіне қадам басқан уақытта, өнім сапа­сын арттыру мәселесі басымдыққа ие екенін атап өтті. «Алтын сапа» сыйлы­ғының лауреаты атану және «Қазақ­стан­ның үздік тауары» жоғары баға­сына ие болу – үлкен абыройға бөлейді. 2006 жылмен салыстырғанда, одан үміткер кәсіпорындар саны үш жүзден мыңға дейін арта түскен. Сондай-ақ «Парыз» сыйлығы да әлеуметтік даму мәселесінде мемлекет-жеке меншік әріптестігін нығайтуға маңызды үлес қосты. «Алтын сапа» сыйлығы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша биылғы жылы «Қайнар-АКБ» ЖШС (Алматы облысы) мен «Amitech Astana» ЖШС-на (Астана қаласы) берілді. «Халық үшін тауар өн­діретін үздік кәсіпорын» аталымының лауреаты болып «Костанайский мелькомбинат» АҚ (Қостанай облысы) пен «Қазақстан Тексти Лайн» өндірістік-коммерциялық фирмасы» ЖШС (Алматы қаласы мен Алматы облысы) танылды. «Қазақстан халық жинақ банкі» АҚ (Алматы қаласы) пен «Эргономика» ғылыми-өндірістік фирмасы» ЖШС (Қарағанды облысы) «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымы сыйлығымен марапатталды. 2011 жылғы «Парыз» байқауының Гран-приін «Теңізшевройл» ЖШС (Атырау облысы) алды. Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев Гран-приді «Теңіз­шевройл» ЖШС-ның бас директоры Тим Миллерге табыс етті. Сондай-ақ «Индустриялық серпіліс» аталымы бойынша «КазЦинк» ЖШС, ал «Ин­дус­трияландыру көшбасшысы» аталы­мы бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Мемлекет басшысының арнау­лы сыйлығының лауреаттары атанды. «Үздік әлеуметтік жыл жобасы» аталымында – «Қазатомпром» ҰАК» АҚ (Астана қаласы) пен «Қазақ­түрікмұнай» ЖШС (Ақтөбе облысы), «Үздік ұжымдық шарт» аталымында – «Қазгермұнай» БК» ЖШС (Қы­зылорда облысы) мен «Крендель» ЖШС (Павлодар облысы), «Үздік әлеу­меттік жауапты кәсіпорын» аталы­мында – «Иволга-Холдинг» ЖШС (Қостанай облысы) мен «Азбал және Ком­пания» толық серіктестігі (Қызыл­орда облысы), «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында – «Петро­Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС (ОҚО) мен «Кублей ЖШС (БҚО) бірінші орын иеленді. Сондай-ақ «Жылдың үздік әлеумет­тік жобасы» аталымында күміс парыз мүсіншесі «Норт Каспиан Оперей­тинг Компани» және «Екі дос» компа­нияларына, «Үздік ұжымдық шарт» аталымында «Еуразия медициналық орталығы» мен «Шымкенттұрғын­үй­құры­лыс» ЖШС-ларына, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталы­мында «Трансэнерго» АҚ пен «Орал-дизайн-стройсервис» ЖШС-на «Эко­логияға қосқан үлесі үшін» аталы­мында «Қазфосфат» ЖШС мен «Әділ» шаруашылығына табыс­талды. Ал «Жылдың үздік әлеуметтік жо­басы» аталымының күміс парыз мү­сіншесі «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ пен «Құлан жолдары» ЖШС-на, «Үздік ұжымдық шарт» аталымында «Жез­қаз­ған электр тарату желілер компа­ниясы» АҚ пен «Әділ» серіктестігіне, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымында «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ пен «Мәмбетов және компания» серіктестігіне, «Экология­ға қосқан үлесі үшін» аталымында «Семізбай-U» ЖШС мен «Гелиос» ЖШС-ға берілді. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша – «Агромашхолдинг» АҚ (Қостанай облысы), «Сай­ман корпорациясы» ЖШС (Алматы қаласы), «Ast Etalon Crown» ЖШС (Қарағанды облысы), «Халық үшін үздік тауарлар» аталымы бой­ынша – «Брандо» ЖШС (Атырау облы­­сы), «Ырыс Бақыт» ЖШС (Жамбыл облысы), «Ақсу Дэен» (Шығыс Қазақстан облысы), «Үздік өндірістік тауарлар» аталымы бойынша – «Масло-Дел» ЖШС (Алматы қаласы), «РубиКом» ЖШС (Павлодар облысы) және «РЗА» АҚ (Қызылорда облысы) 2011 жылғы «Қазақстанның үздік тауар­­лары» республикалық бай­қауы­­ның жеңімпаздары атанды. Нұрсұлтан Назарбаев «Велотрек – Сарыарқа» спорт кешенінде өткен салтанатты рәсімнен кейін қорытынды сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қа­зақ­станда қазіргі уақытта аса ірі нысандардың салынып жатқанын атап көрсетті. Мәселен, олардың ішінен Атыраудағы құны 6 миллиард доллар тұратын газ-химия кешені мен құны 4,5 миллиард долларды құрайтын Балқаш ЖЭО-ны айтуға болады. Мен, деді Елбасы, осынау кәсіп­орындар төңірегінде кәсіпкерліктің жаңа толқыны пайда болады деп есептеймін. Ол дегеніміз, шағын және орта биз­нес, ол – жаңа жұмыс орындарын құру. Ірі кәсіпорындар төңірегінде кә­сіп­керлік даму алуға тиіс. Сонда жаңа жұмыс орындары да ашылатын болады. Президент экономиканы кең ауқым­ды әртараптандыру үшін инвестиция­лардың қажет екенін атап көрсетті. Қазақстанда 9 арнайы экономикалық аймақтар құрылды. Инвесторлар үшін де, кәсіпкерлер үшін де ерекше жеңіл­діктер жасалуда. Өз бизнесіңді аш та табыс тап. Сол арқылы сіздер елге, өз отбасыларыңа, жеке өздеріңе көмектесетін боласыздар. Экономиканы дамыта отырып, біздің қалайтынымыз да осы, деп атап өтті Мемлекет басшысы. Алып өнеркәсіп орындары құрылы­сымен бірге бұрын-соңды Қазақстанда болмаған мейлінше жаңа салалар қа­лып­тасуда. Елде осыған дейін тепловоздар, жолаушы вагондарын шығару болған жоқ. Бәсекеге қабілеттіліктің маңызы өте зор. Әлем әлі дағдарыстан толық оңа­лып кете алған жоқ. Біз бұдан әрі не бо­латынын дөп басып айта алмаймыз, бірақ біз қандай жағдайда да түрлі қиындықтарға дайын болуымыз керек. Біз өткен дағдарыстан лайықты шыға білдік және кез келген дағдарыстан шы­ғуға дайынбыз. Оған біздің еңбе­гіміз, біз атқарған жұмыстар, біздің бірлігіміз кепіл болады. Біздің жұмыс істеу­ге деген ынта-жігеріміз зор. Еңбек еткен ұлт әркез табысқа жетеді. Біздің жастарымыз қазіргі замандағы әлемде өз орнын табуы үшін, өз Отанына қызмет ету үшін білім алып, жұмыс істеулері керек. Зор жетістіктерге қол жеткізу үшін және көшбасшы атану үшін біз күн демей, түн демей еңбек етуіміз керек, деді Елбасы. Президент бүгінде Қазақстанның дамудың жаңа сатысына еніп отырға­нын, өнім сапасын арттыру мәселесінің басымдыққа ие екенін атап көрсетті. «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атану және «Қазақстанның үздік тауа­ры» жоғары атағына ие болу зор бедел әкеледі. 2006 жылмен салыстырғанда үміткер-кәсіпорындар саны 300-ден 1000-ға дерліктей көлемде артты. «Па­рыз» сыйлығы сонымен бірге әлеу­меттік даму мәселелерінде мемлекет-жеке меншік әріптестігін нығайту ісіне де маңызды үлес қосты. Осы сыйлық жолында ізденіс танытушылар саны екі еседен астамға ұлғайды. Конкурсқа қатысушылар жалпы құны 119 миллиард теңгеден асатын 370-тей әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Тәуелсіз­дік­тің 20 жылдығы аталып өтіп отырған жылда наградалар алу мен лауреат атану – айрықша құрмет. Қазақстандық барлық кәсіпорындар осындай деңгейге жету үшін ұмтылуы тиіс. Біз тауарды Қазақстаннан тысқары жерлерге шығарып сатуымыз керек. Егер біздің өнімдеріміз сапалырақ, жақсырақ, бағасы төменірек болмаса біз өзгелермен бәсекелестікке түсе алмаймыз. «Алтын сапа» алға қоятын сапаға ұмтылудың маңызы өте зор. Ол елдің бәсекеге қабілеттілігінің, тәуел­сіз­дікті нығайту, біздің Отанымыздың қауіпсіздігі мәселесі, деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы барлық кон­курс­қа қатысушылар мен жеңімпаз­дарды алдағы Қазақстан Тәуелсіздігі күнімен құттықтады. Алда келе жатқан жыл аяқталып қалған жылдан да жақсы болатын болсын. Одан кейінгі жылдар одан да жақ­сы