12 Желтоқсан, 2011

Стратегия философиясы

668 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Президенті Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы Назарбаевтың «Қа­зақ­стан-2030. Барлық қазақстан­дық­тар­дың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Қазақстан хал­қына Жолдауы қоғамда қызу талқыға түс­кен мәдени-тарихи құжат. Жолдауға Ел­басы эпиграф етіп қазақ халқының «Өт­кен күннен алыс жоқ, келер күннен жа­қын жоқ» деген мақалын орынды келтірген. Не жақын, не алыс екенін ажырата білу осал шаруа емес, кей ағайын жарты ғасыр өткен оқиғаны жақын көрсе, қай­сы­біріміз ертеңгі күнді қабылдай алмай беймазалық күй кешеміз. Беймазалық деген тек жеке адамға ғана қатысты хал емес, ол қоғамның басындағы бар шын­дық. Сол беймазалық сабырға түспесе, қо­ғамның ахуалы нашарлай бермек. Ке­ңес империясы тас-талқанын шығарған да осы қоғамдағы беймазалық емес пе еді? Құндылықтардың күйреуі, адамның, қоғамның күйзелісін тудыратыны әуел­ден белгілі шындық. Алдағы отыз жылда құндылықтар алмасуы қалай болмақ. Осы мәселелерді зерделей келе, Елбасы осы­дан 14 жыл бұрын Жолдауда «Біз өз бала­ларымыз бен немерелерімізді сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді? Олар әл-ауқатты өмір сүре ме, то­ғайған, дендері сау әрі білімді, білікті бола ма? Олар жақсы әрі азат қоғамда өмір сүре ме? Олар бейбіт татулықта өмір сүре ме? Олар өз қауіпсіздігі мен балаларының қауіпсіздігі үшін алаңсыз бола ала ма? Көшелермен емін-еркін жүріп, өз дүние-мүлкі үшін қауіптенбес бола ма? Біз оларға қуатты мемлекет пен өзі­міз­дің жақын және алыс көршілерімізбен достық қарым-қатынастарымызды мұра етіп қалдыра аламыз ба? Біз осынау қарапайым, бірақ маңызды сұрақтарға бүгіннің өзінде жауап беруге тиіспіз», деген болатын. Жүрекжарды, аса мағыналы сауалдар емес пе? Бұл сауалдар әрбір адамға, әрбір отбасына тікелей қатысты. Бұл жаңа қоғамның сауалдары. Осы сауалдарға жауап іздеп, Президент 1997 жылы өзінің «Қазақстан – 2030» деген Стратегиялық бағдар­лама­сын ұсынған болатын. Қазақ елі сол стратегиямен жүріп келеді. Халық ортасында жүргенімде маған жиі сұрақ қойылды: – Стратегиялық бағдарлама неге «2030» деп аталған, – деп. Иә, шынында Бағдарлама неге «2030» деп аталған? Айтарым, бұл келешекке, яғни жастарға арналған бағдарлама – ХХІ ғасырдың бағдарламасы. Елбасы Вер­гилийдің «Жаңа ғасыр табалды­рық­тан аттайды, басқа дәуір туып келеді» деген сөзін есіне алғаны тегін емес. Бағдарлама қабыл­дан­ған жылы жаңа ХХІ ғасыр табалдырықтан аттап келе жат­ты, ХХ ғасырдың адамзат тари­хына айналуына аз ғана уақыты қалған еді. ХХ ғасыр адамзат тарихы үшін аса ауыр, қанды оқиғаға толы ғасыр болғанымен, бұл Білім, Ғылым, Технология дәуірі бол­ғанын да айтпасқа болмайды. Ал табал­дырықтан аттағалы отырған ХХІ ғасыр қандай болмақ? Елбасының Қазақстан хал­қы­на ұсынған Жолдауы осы мәселеге ар­нал­ған. 2030 деген осы ғасырдың 30-шы жы­лы. Ғалымдардың айтуынша, «отыз» ұр­пақ жасы. Отыз «орда бұзатын» қуат жа­сы. Демек, бағдарлама жаңа ғасыр басында туып, 2030-да отыз жасты толтыратын жас ұрпаққа арналған деуге негіз бар. Ол ұрпақ бүгінде бізбен бірге, Тәуелсіздік жылы дү­ние есігін ашқан жиырмадағылармен бір­ге өсіп-өніп келеді. Ол ұрпақ қоғамда жалғыз емес, алпысты алқымдаған аға ұрпақ, одан да ілгері ата ұрпақ бар. Бәрі бірге өмір сүруде. Бәрі қоғамдасып 2030 жылға жеткенде мүлдем жаңа өмір сүру тәжірибесін құрамақ. Мұны қазақ халқы «заман» дейді. Елбасы ХХІ ғасырда қандай заман болмақ, әкелері балаларымен немесе немерелері аталарымен заманның ағысын қалай анықтамақ деген болжам жасаған. Бұл осал шаруа емес. Ұрпақтар арасын­да­ғы са­бақтастық қай заманда болмасын басты мә­селе. Біз әдетте әлеуметтік келісім, этнос­ара­лық келісім және конфес­сия­аралық келісім деп айтып-жазып жатамыз. Ал, ұрпақ арасындағы келісім дегеніміз не? Президент өз сауалында осы айтулы мәселеге баса назар аударған. ХХ ғасырдың соңында, яғни Жолдау қабылданған 1997 жылдары және ХХІ ғасырдың басында, яғни 2001-2002 жылдары дүниеге келген ұл мен қыз ғасырдың 30-шы жылдары отыз жасты тол­тырады дейміз. Сонда бұлар кімдер? Олар социализмді, өткен ескі қоғамды көр­меген, оның тәрбиесінде болмаған, тәуел­сіз­дік, нарықтық экономика кезінде, діни сенімге бостандық болған заманда, бір сөз­бен айт­қанда, адам капиталына құрмет жә­не оның өсіп-өркендеуіне, өркениеттің өріс алуына мүмкін болған жағдайда дүниеге келіп, жаңа өмірде, жаңа тәрбиеде, жаңа қо­ғам­да өсіп келе жатқан ұрпақ. Мәселе солай. Бірақ, олар кешегі социалистік қоғам­да өсіп, еңбек етіп, өмірлік тәжірибе жи­нақ­та­ған, көзқарастары қалыптасқан әке-ана­лары­мен, немере-әжелерімен бір отба­сын­да күн кешуде. Бұл ұрпақтар сабақ­тас­ты­ғы­ның қиындығы да, қызығы да. Әр от­ба­сында өткен күнді айтушылар, тіптен наси­хат­таушылар бар. Сонымен бірге, өмір­лерін келешекке бас­та­ған жас ұрпақ бар. Демек, отбасында құндылықтарды бағалау, құр­меттеу, не олар­ды талқыға салу, қайсыбірін теріске шы­ға­ру деген мә­се­лелер күн са­йын ата ұрпақ, аға ұрпақ, немере ұрпақ ара­сында болып тұратын жайлар. Елбасы кө­ре­гендікпен жаңа заманда дүниеге келген ұрпақтың болашағы туралы, олардың әл-ауқаты туралы, білімі мен біліктілігі ту­ралы терең әңгіме қоз­ғаған. Ұрпақтардың бір-бірін түсінуі, ор­тақ ұғым-түсініктерге келуі, құнды­лық­тарды бағалау, әрине, қо­ғамда, әсіресе, басылым беттерінде, радио-теле хабар­ларын­да жан-жақты айтылып та, талқы­ла­нып та, көпшілік ішінде дискус­сия­ға, ғалымдар ішінде дискурстарға әлі күнге дейін түсіп жатқаны шындық. Ең бастысы, сол 2030 жылы отыз жас­ты толтыратын ұл мен қыз қазір мектеп оқушылары болса, тәуелсіздік жылдары дү­ние­ге келгендер ғана жоғары оқу орын­дарына ілігіп, студент атанды. Біз осы қауым­мен бірге өмір сүріп, күнде сұх­ба­т­т­а­сып, айтысып-таласып ғұмыр кешіп келеміз. Біздің осы өмір сүру тәжірибеміздің дұрыс аталуы – ұрпақтар сабақтастығы. «Қазақстан – 2030» дегенде, сонымен бірге айтарым, отыз жас – ұрпақ жасы ғана емес, ол – ХХІ ғасырдың бағыт-бағдарын анықтайтын тарихи мерзім. Оған айшықты дәлел, бүгінде әлемнің көптеген елдеріндегі жүріп жатқан тарихи үрдістерді нақты мысалдар ретінде келтіруге бо­лады. Араб елдеріндегі әр­қилы мәндегі ше­рулерге қатысу­шы­лардың де­ні негізінен жастар екені анық­талды. Мә­се­лен, Би-Би-Си-дің мәліметінше, Алжирдегі көтері­ліс­шілердің ор­таша жасы – 27,1, Мысырда – 24, Иор­да­ния­да – 21,8, Йеменде – 17,9, Ту­нисте – 29,7 жасты құ­ра­ған. Жас­тар неге дүрлікті? Өйт­­ке­ні, елде жұмыссыздық бе­лең алып тұр. Жұмыссыздар мөл­шері Алжирде – 9,9, Мы­сырда – 9,6 (жастар арасында 35 пайыз), Иорданияда – 13,4, Йеменде – 35, Тунисте 14 пайызды (жастар ара­сын­да 33 пайыз) көрсетіп, кедейшілікте өмip cүpiп жатқан халықтың көлемі Алжирде – 23, Мысырда – 20, Иорданияда – 14,2, Йеменде – 45,2, Тунисте 3,5 пайыз екені анықталған. ХХІ ғасыр – Жастар ғасыры. Олар дү­ниеге ақпараттық қоғам үрдісімен енді. Ақ­парат жастарды дініне, тіліне, әлеу­мет­тік жағдайына да қарамастан өзгертті. Бұл – шындық, онымен санаспауға болмайды. Дамыған елдер: Америка Құрама Штат­тарында, Англияда, т.б. елдерде көрініс беріп жатқан әлеуметтік жағдайларға бай­ла­нысты шерулер осы ХХІ ғасырдың кескін-келбетін анықтайтын жайлар. Жаңа ғасырдың саяси, әлеуметтік, эконо­ми­ка­лық, қаржы дағдарыстары Қазақ елінде қалай көрініс табуы мүмкін, Жолдауда футурологиялық байыпты болжамдар жа­салған. Ғасырдың қалған жетпіс жы­лы­ның мағынасы 2030-да «орда бұзатын» қуаты бар жасқа келген ұрпақтар тол­қы­ны­на қатысты. Себебі, бұл немере ұрпақ келесі отыз жылда аға ұрпаққа, одан келесі отыз жылда ата ұр­паққа айналып, жастарға ақыл-кеңес бере ала­тын ордалы ұр­пақ­қа ұласар деген үміт бар. Олай дейтінім, бұ­лар біздің түсімізге енбегендерді өңдерінде көрулері әб­ден ықти­мал. Түйдек-түйдек ақ­парат легі, қуаты адамдардың табиғи бол­мы­сын да айтар­лық­тай өзгеріске жеткізуі таңға­лар­лық жағдай емес. Алайда, бала, әке, ата дегендер арасындағы са­бақтас­тық өзгермес деген сенімімді білдіргім ке­леді. Қазақ халқының таби­ғаты осын­дай ұғымдарға негізделген. Ресейдің өткен тарихында орыс жазу­шысы Иван Тургенев «Әкелер мен балалар» деген атышулы романын жазған. Ол романда ұрпақтар арасындағы са­бақ­тас­тықта болатын нигилизм деген пси­хо­ло­гияны баяндаған еді. Әрине, Иван Сергеевич нигилизмді Батыс Еуропа елдеріндегі өр­кениеттік үрдістермен салыс­ты­ра отыра қарастырып, оның орыс то­пы­рағындағы та­мырларына үңілген. Сірә, қазақ халқы үшін әке мен баланың ар­а­сы­нан қайшылық іздеудің қажеті бола қой­мас. Әке мен ба­ла­ның арасы тым жақын. Мә­селе ата ұр­пақ пен немере ұрпақтың ара­сын­да. Себебі, олар­дың арасы 40-50 жыл. Қазақ «Елу жыл­да – ел жаңа» дейді. Сонда ата ұрпақ ес­кі­нің соңында тұрса, немере ұр­пақ жаңа­ның басында тұрмақ. Елу жыл­да қоғам өмірінде айтулы терең құбы­лыс­тар болмақ. Біздің тәжірибемізде ол ғасыр­лар тоғысына келді. Аға ұрпақ­тың тәжіри­бе­сі ХХ ғасыр­да қалды. Немере ұрпақ ХХІ ғасырда. Сон­дық­тан ол Жастар ғасыры. Мәселенің қиын­дығы да осында. Елбасы болашақ ту­ра­лы ойлана келе, жас ұрпақ жақсы әрі адал қоғамда өмір сүре ме деген мәселе көтерген. Адам қоғам болуы үшін нендей істер атқарылуы қажеттілігін баян­даған. Әрине, келешекті нақты, айдай анық етіп көрсету адамның қолындағы іс емес. Бо­ла­шақты болжау, ол көреген саяси тұлғаның мүмкіндігі. Сондай мүмкіндікті Елбасы Жолдауда көре­гендікпен қолданған. Жолдаудың рухы толығымен Жастар ғасырына, рухани болмысына, оның келешегіне арналған. *** Елбасының 1997 жылы қабылдаған «Қа­зақстан – 2030» деген Стратегиялық бағ­дар­ла­масының мазмұнын осылай түсінемін. Ұр­пақтар алмасуы – құнды­лық­тар алмасуы, бұл – бір мәселе. Ұр­пақ­тар алмасуының нә­ти­жесі – құн­ды­лықтардың тұрақталуы, бұл – екінші мә­селе. Егер 2030 жылға дейін ұр­пақтар ал­масуы, құндылықтар алмасуы үз­дік­сіз бо­латын болса, 2030 жылдан кейін құн­­дылықтардың тұрақталуы, сөйтіп, Қазақ елінің жаңа сапалы дәуірі басталмақ. Асан қайғы лексикасына салсақ, Жерұйық болып аталмақ. Қазіргі кез құндылықтардың алмасу дәуірі. Ол үрдіс аяқталып біткен жоқ, себебі, социализм кезінде өмір сүріп, оның құн­дылықтарын қорғаған, насихаттаған, сол құндылықтармен өмір сүрген ата, аға ұрпақ өкілдері қазіргі егемен елдің жастарымен бірге өмір сүруде. Бүгінде ұрпақтар, құн­ды­лықтар алмасуы қауырт жүруде. Жоғарыда үш ұрпақ бірге өмір сүруде дедік, осы тұста ұрпақ деген ұғыммен қа­тар ұрпақтар легі дегенді көпшілік на­за­рына ұсынбақпын. Ұрпақ легі, ол не? Дәс­түр­лі қазақ қауымы кезінде айтылған бабалардан «Елу жылда ел – жаңа» деген аталы сөз қал­ғанын тілге тиек еттік. Бұл өркениет үр­діс­тері шарпымаған, Ғылым, Техника және Технология бүгінгі аяқ алысына түс­пе­­ген, Білім қарқыны жыл сайын еселеп өсіп отырмаған, сөздің қыс­қа­сы, адам ай­тып болмас техноло­гиясы бар ақпараттық қо­ғам­ның үстемдік құр­ма­ған кезінде ай­тыл­ған қағида. Қазіргі за­манда ел елу жыл­да емес, он жылда жаңарып, жаңғырып оты­­руда. Бұл дәстүр ХХ ғасырда енді. Ай­шықты мысал, бірінші жаһандық соғыс 1914 жылы болды, араға 25 жыл ғана са­лып, 1939 жылы екін­ші дүниежүзілік қыр­ғын соғыс бас­талып кетті. Себеп, 25 жыл­дың ішінде әлем өз­ге­ріске түсіп үлгерген еді. 1914 жылы капиталистік елдер со­ғыс­са, 1939 жылы фашизм мен большевизм арасын­да­ғы идео­ло­гиялық соғыс болды. Екі со­ғыс­тың маз­мұны басқа. Немесе, 1975 жылы Хель­синкиде ЕҚЫҰ-ның тұңғыш бас­қосуы болса, 1979 жылы Париж хартия­сы «қырғи-қабақ соғыс» аяқталды деп жария етті. Небәрі төрт жылда әлем өзгерді. Немесе, 1985 жылы Михаил Горбачев «Қай­та құруды» бастады, 1991 жылы алып империя – КСРО күйреді. Небәрі алты жыл ішінде. Тағы бір мысал, 1986 жылғы «Жел­тоқсан оқиғасынан» кейін бес жылда Қазақ елінің нағыз тәуелсіздікке қолы жетті. Ал, қазіргі заманды алсақ, елдің жа­ңа­руы он жылдың ішінде болуы заңдылыққа айна­лып барады. Осы тұрғыда Қазақ елі өз бо­ла­шағын 2020 жылға дейін жоспарлап отыр­ғаны әлемдік үрдіске де, ата-баба сөзі­не де лайықты шешім. Он жылда ұрпақтар ауыс­паса да, ұрпақтар легі ауысып үл­ге­реді. Және де осы ұрпақ легі доминантты ұр­паққа өз ықпалын жүргізіп, оның аяқ басуы­на, саясатына өз ықпалын тигізіп отырады. Сондықтан баба сөзіне заманға орай түзету енгізсек, «он жылда ел – жаңа». *** Биыл Тәуелсіздігімізге жиырма жыл. 1991 жылы дүние есігін ашқандар да биыл жиырма жаста. Енді он жылда олар отыз жасқа келмек, ал 2030-да қырық жасты тол­ты­рып, «қамал бұзатын» қуатқа еніп, ат жа­лын тартып мініп, ел азаматтары атанып, билікке енбек. ХХІ ғасыр – Жастар ға­сыры деуге айтар дәлелдерім осы. ХХІ ғасыр – Жастар ға­сы­ры. «2030» – осы ғасыр Стратегиясы. Ғарифолла ЕСІМ, Парламент Сенатының депутаты.