12 Желтоқсан, 2011

Сыртқы саясаттың салтанаты

382 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік ата-баба арманы еді. Тарих сахнасына қазақ деген атаумен мемлекет келген күннен бастап, елдікті сақтауды мақсат тұтқан қазақ халқы небір тағдырды басынан өткерді. Бұл жолда ата-бабамыз қасиетті қазақ жерін «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап, талай-талай басқыншы жаудың бетін қайтарды. Азаттық үшін қасиетті күрес жолдарынан өтті. Оған сан ғасырды артқа тастаған кәрі тарих куә. Қалай айтсақ та, қазақ халқы қанша ауыр тағдырды басынан өткерсе де мойымаған ел. Қазақ «өткенге салауат» дейді. Бұл өзін жұбату үшін айтыла салған сөз емес, бұл – болашаққа деген ұмтылыс, жаңа өмірге деген талпыныс. Аумалы-төкпелі «тар жол, тайғақ кешу» замандарды басынан өткерген қазақ халқы ХХ ғасырдың соңына қарай халықаралық құқық принциптеріне сай, жаңа тұрпаттағы мемлекет ретінде саяси дербестігіне қол жеткізді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өзін дербес мемлекет деп, тәуелсіздігін жариялаған күн бәріміздің есімізде. Бұл оқиға мемлекетіміздің тарихына алтын әріп­­термен жазылып, қазақ халқының мәңгілік жадында қалды. Қазақстан тәуелсіздігімен бірге саяси еркіндікке қол жеткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап дүниежүзілік шешуші ұйымдардың бәріне мүше болып, мемлекеттермен саяси-экономикалық, диплома­тия­лық қарым-қатынастар орнату арқылы іргемізді кеңейттік. Осы мақсатты жолда өр­кениетті елдер сана­тына ұмтыла отырып, әлем елдерімен терезесі тең әріптес бола білдік. Тәуелсіздік пен саяси еркіндік бір­­ге жүретін ұғым­дар. Сол себептен, тәуелсіздік деген саяси еркіндіктің бастауы. Саяси еркіндікке қол жеткізбейінше, ой еркіндігіне ие болу қиын мәселе. Әрбір істің басы алдымен идеядан басталады десек, онда ой еркіндігі жоқ елдің әлемдік деңгейдегі идеяларды тудыруы да күмәнді. 1991 жылға дейін Қазақстан атынан әлемдік саясат мінберінен Ресей мемлекеті сөйлеп келді. Қазақстанның ішкі және сырт­қы саясатын реттейтін орталық, яғни, Мәскеу болатын. Тіпті, Қазақстанның өзге мемлекеттермен сыртқы саяси қатынас орнатуы деген мәселе, күн тәртібінде еш уақытта тұрмаған. Басқаша айтсақ, Қазақстан халықаралық құқық принциптеріне сәйкес халықаралық құқықтың субъектісі қызметін атқарған жоқ. Тәуелсіздігін жариялаған соң, Қазақстан халықаралық құқықтың субъектісі бола отырып, БҰҰ таныған әлемдегі екі жүзге жуық мемлекеттің қатарынан орын алды. Осы бір тарихи сәтте Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп таныған алғашқы ел бауырлас Түркия мемлекеті болатын. Міне, сол бір үмітті үкілеген шежірелі күндерден бері 20 жыл уақыт өтті. 20 жылда Қазақстан сыртқы саясатта өзіндік орны бар мемлекетке айналып үлгер­ді. Әлемнің көптеген елдерімен диплома­тия­лық қатынас орната отырып, өзінің сыртқы саясаттағы позициясын айқындады. Қазақ­станның сыртқы саясаттағы негізгі тұғыры бейбітшілік пен достық қарым-қатынасқа бағытталған. Яғни, әлемге көпвекторлы саясатты басшылыққа алған мемлекет ретінде танылды. Бұл бағытта сыртқы саясатты жүргізген Қазақстан әлемдік саясат сахнасында жаңа бас­тамаларын ашық көтерді. Мәселен, 1991 жылы 29 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Жар­лығымен Семей ядролық поли­гоны жабылды. Осы Жарлық арқылы Қазақ­стан ядролық қарусыз әлем идеясын сөз жүзін­де емес, іс жүзінде ұсынды. Ядролық қа­русыз әлем Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты тақырыбына айналды. Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясына 29 тамызды Ядролық сы­нақ­­тарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы ұсыныс жолдаған еді. Аталған ұсыныс БҰҰ қарарымен қабылданды. Одан өзге, Қазақстанның сыртқы сая­саттағы дінге қатысты ұстанымы туралы айтып өту орынды. Дін – халықтың рухани өмірі. Дінсіз қоғам жоқ. Осыған орай, Астанада үш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтті. Халықтың арасын­дағы достық пен төзімділікті, дінаралық татулықты дәріптеуді мақсат етіп, әлемнің түрлі дін өкілдері лидерлерін бір шаңы­рақтың басына жинау оңайға түскен жоқ. 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған террорлық оқиға әлемдік үш діннің бірі – Исламға деген көзқарасты өзгеше бағытқа өзгертіп сала берді. Әлем Ислам мен Христианға қақ айы­рылғандай күйге түсті. Алайда, бұл террорлық оқиғаның мазмұны Ислам дінінің қағида­ларынан мүлдем өзге­ше болатын. Әлемдік діндердің барлығы­ның басты мақсаты бейбітшілік екенін әлем халықтарына дін өкілдерінің басын қосып, сұхбат арқылы ғана түсіндіру мүмкін. Сондықтан, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу маңызды іске айналды. Осындай күрделі жағдайда әлемдік дін басшыларын сұхбатқа шақыру Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан шыққан идея еді. Қазақстан әлемді дүр сілкіндірген оқиғаға салқынқандылық таны­тып, өзіндік сыртқы саясаттағы тұғырлы ұстанымынан танған жоқ. Бұл – Қазақстан­ның жеке-дара даму жолының барын айқын көрсетіп тұрған оқиғалардың бірі. 2010 жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі кездейсоқ жағдай емес. 1999 жылы ЕҚЫҰ-ның Ыстамбұлда өткен саммитінен кейін араға он бір жыл салып Астана Саммитінің өткізілу себебі, Қазақстан­ның сыртқы саясаттағы беделі деуге болады. Сөз жоқ, Астанада жоғары деңгейде өткен ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен үкіметтер басшы­ларының саммиті ХХІ ғасырдың алғаш­қы онжылдығындағы ең ірі халық­аралық оқиға­лардың бірі болды. Ол бүкіл­әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар қоғамдас­тығының назарын Қазақстан елордасына және оның Көшбас­шысына аудару арқылы іс жү­зінде әлем жұртшылығын дүр сілкіндірді. Астана Декларациясын қабылдаған ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Қазақстанның Орта­лық Азиядағы көшбасшылық рөлін то­лық­тай мойындады. ЕҚЫҰ Саммитінің Қазақстан үшін маңызы айрықша зор, іс жүзінде ол. Тұңғыш Президен­тіміздің Семей ядролық полиго­нын жабу, зымырандық-ядролық арсеналдан бас тартып, ядролық қарусыз болашақты таңдау, біздің еліміздің мемлекеттік шекара­ларының халық­аралық-құқықтық мәртебе­сін реттеп, қазақ халқының тарихта тұңғыш рет өз мемлекетінің елордасын салу сияқты тәуелсіздік жылда­рында қол жеткізген тарихи жетістіктерімен бір қатарда тұратын елеулі оқиға. 2011 жылы Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мына төрағалықты қолына алған Қазақстан бұл ұйымға да тың ұсыныс­тарымен шықты. Қазақстанның сыртқы саясаттағы бағыт-бағдары қашан да бейбітшілік пен достық қатынасқа негізделген. Осы ретте мемлекетіміз болашақта да өз бағытынан таймай, керісінше, оны нығайта береді деп сенемін. Орынбай РАХМАНБЕРДИЕВ, Парламент Сенатының депутаты.