«Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі бірінші кезектегі міндеттерінің бірі әлемдік стандарттарға қол жеткізу және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін дамыту арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын, әлеуметтік саламаттылығын жақсарту болып табылады. Әлеуметтік қамсыздандырудың конституциялық кепілдіктерін іске асырудағы ерекше орынды зейнетақы жүйесі алып отыр. Мемлекет халықтың тұрмыс деңгейін қалыпта ұстау және арттыру үшін өзіне алған міндеттемелерді өзгеріссіз және толық көлемде экономикалық жағдайда болып жатқан өзгерістерге қарамастан орындап отыр. Мемлекет басшысының зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде зейнеткерлік жасында лайықты өмір сүру үшін зейнетақы төлемдерінің барабарлығын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамада зейнетақы төлемдері мөлшерін инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілей жыл сайын арттыру көзделген. Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасында 2018 жылғы 1 шілдеден базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа 1,8 есе ұлғаяды деп атап өтті. Биылғы жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгереді, барлық қарт адамдарға еңбек өтілі болғанына немесе болмағанына байланысты демогрант қамтамасыз етіледі», деді С.Жақыпова.
Сонымен қатар ол барлық зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға мемлекет бюджеттен төлеп отырған базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтіліне және зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді болатынын тілге тиек етті.
«Егер бүгін барлық зейнеткерлер бірдей ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайыз мөлшерінде базалық зейнетақы немесе 15 274 теңге алып отырса, онда биылғы 1 шілдеден бастап оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу еңбек өтіліне байланысты арттырылатын болады. Өтілі 10 жылдан аз немесе мүлдем болмаған азаматтарға базалық зейнетақының ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызы белгіленеді, ал 10 жылдан кейін әрбір жыл үшін базалық зейнетақы 2 пайызға ұлғаяды. Базалық зейнетақының ең төмен күнкөріс деңгейінің жоғарғы мөлшері 100 пайызы немесе 28 284 теңгені еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болған азаматтар алады. Аталған жаңалықтар келешекте зейнетке шығатын және саны 2 148 318 адамды (а.ж. 1 мамырына) құрайтын бүгінгі күнгі зейнеткерлерге қолданылатын болады», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»