Қазақстан • 05 Маусым, 2018

Терминологиялық сөздіктер жасау жолдары

2851 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алдымен, қысқаша ғана, елімізде Салалық тер­ми­но­ло­гиялық сөздіктер топта­ма­сын жасау жұмыстары қа­лай басталғанына тоқталып өт­ей­ін. 

Терминологиялық сөздіктер жасау жолдары

1992 жылы Қазақс­тан Республикасы Білім ми­нистрлігінің ұйым­дас­ты­руы­мен М.О.Әуезов аты­ндағы Шымкент педагогикалық инс­ти­тутында Салалық тер­ми­но­­логиялық сөздіктер жа­сау жұ­мысын ұйымдастыру жө­­нін­де Республикалық ғы­лы­ми-практикалық семинар өт­кі­зілді. Мен ол кезде минис­тр­­­лікте қызмет жасайтынмын. Се­минарды ұйымдастыру ко­ми­­тетінің төрағасы Білім ми­нис­­трі Ш.Шаяхметов болды, министрдің орынбасары Б.Әбді­кә­рімов пен төр­аға­­ның орын­басарлары болып та­ғай­ын­далдық.

Семинарда министр баяндама жасады. Оның жұмысына Әбдуәли Қайдар, Өмірбек Жол­дасбеков, Айтмұхамед Абдул­лин сынды академиктер, А.Бай­тұр­сынов атындағы Тіл білімі инс­­титуты ғалымдары мен көп­те­ген жоғары оқу орындарында қазақ тілінде дәріс беріп, сала терминологиясын жасау­мен шұғылданып жүр­ген профессор-оқытушылар қатысты.

1931-1990 жылдар аралы­ғын­да 89 салалық орысша-қа­зақ­ша сөздік дайындалған екен, бі­рақ олардың көпшілігінің кө­ле­мі аз және олар қайта өңделіп, көп­­теген өзгерістер енгізуді қа­жет ететін сөздіктер екені анық­тал­ды.

3 күнге созылған семинарда қазақ терминологиясын қа­лып­­тастыруға негіз болатын 27 өндіріс пен ғылым саласы анықталып, осы салалар бойын­ша терминологиялық сөз­ді­ктердің сапалы жазылуына жауапты адамдар бекітілді, олар гуманитарлық, жаратылыстану, математика, техника салалары бойынша топтастырылды. Өкінішке қарай, объективті және субъективті себеп­терге байланысты, бұл жұмыс аяқсыз қалды.

1998 жылы «Рауан», қазіргі «Мектеп» баспасына директор болып тағайындалғаннан кейін, осы жұмысты жандандыруды қолға алдым. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен шарт жасалып, 1999-2000 жылдары елі­мізде алғаш рет, 31 том­дық «Қазақша-орысша, орыс­ша-қазақша салалық тер­ми­но­ло­гиялық сөздіктер» топ­та­ма­сы жа­рық көрді. Бұл сөз­дік­тер­ді жасауға 450-ге тарта сала ғ­а­лым­дары мен мамандары атса­лыс­ты. Сөздіктер топтамасы­на Елбасы Н.Ә.Назарбаев жо­ғары баға берді. Бұл еңбекке Мем­­лекеттік сыйлық беріліп, ав­торлар орден, медальдармен марапатталды.

2012-2014 жылдары Педа­го­гикалық Ғылымдар акаде­мия­сында Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамы­ту ко­митетімен жасалған шарт не­­гізінде 30 томдық «Қазақ­ша-орыс­ша, орысша-қазақша тер­ми­нологиялық сөздіктер» топтамасы дайындалып, жа­рық көрді. 1999-2000 жылдары шыққан сөз­діктердің әрқайсысында шама­ман 5 мың термин болса, бұл сөз­діктерде 10-12 мың термин бол­ды.

Бұл сөздіктер топтамалары ме­нің ғылыми жетекшілігіммен дай­ындалды.

Сөздіктерді дайындау жұ­мыс­­тары мұқият жүргізілді:

– бірінші, салалық тер­ми­но­ло­гиялық сөздіктер дайын­дау, ең алдымен, сала ға­лым­да­ры мен мамандарының ісі бол­ған­дық­тан, бұл жұмысты атқаруға 1999-2000 жылдары шыққан сөз­діктердің авторлары, соны­мен бірге кейінгі жылдары қа­зақ тілінде оқу құралдары мен сөз­діктер жазған ғалымдар тар­­тылды. Жалпы, 52 мекемеде – жоғары оқу орындарында, ғы­лы­ми-зерттеу институттарын­да, ака­демияларда, минис­тр­ліктер мен Парламентте, салалық меке­ме­лерде қызмет ететін 144 ғы­лым докторы, 120 ғылым кандидаты, жалпы 350-ден аса ғалым мен сала мамандары тиянақты жұмыс жасады;

– екінші, сала мамандары мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалым­да­ры бірлесе отырып «Қазақ­ша-орысша және орысша-қазақ­ша (екі тілді) салалық ғы­лыми тер­ми­нологиялық сөздіктер топта­масын әзірлеу принциптері (ұстанымдарын)» әзірленді;

– үшінші, алғаш рет салалық тер­­минология сөздіктерді жасау­­да, А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі инс­ти­ту­ты­ның ғалым­да­ры әр томның автор­лық ұжым мүше­лерімен бірлесе еңбек етті;

– төртінші, авторлық ұжым мү­шелері өз сөздіктерін әзір­ле­геннен кейін бір-біріне жа­қын салалар топтастырылып, ор­тақ талқылау жұмыстары жүр­гізілді. Мұндай ортақ тал­қы­лауға бірнеше баламасы бе­ріл­ген терминдер, сонымен бір­ге авторлық ұжымдар өздері бір шешімге келе алмаған терминдер ұсынылды. Осындай оты­рыстарда 20 мыңға жуық тер­мин мұқият талқыланды. Олар­­ды талқылауға шамамен 1000-нан аса сағат, 8 сағаттық жұ­­мыс күнімен есептегенде, жар­­ты жыл уақыт жұмсалды. Бұл отырыстарда терминжасам мә­с­е­лесінің ғылыми негіздері, са­ла терминдерін қалыптастыру жол­­дары, шетелдік терминдерді дұ­­рыс аудару, көне сөздерді пай­да­лану тәсілдері, қазақ тілі заң­ды­лықтарының сақталуы жә­не т.б. көптеген мәселелер қа­рас­ты­рылып отырды, елімізде сала тер­миндерін жасау мектебі қа­лып­тасты;

– бесінші, жасалған тер­мин­­дерді қабылдайтын да, қабыл­дамайтын да халық. Сондықтан оларды халықтың талқысына кеңінен салу мақсатында «Ана тілі» газетінде «Оқырманмен ойласу» атты айдармен «Тер­мин­­жа­сам: Ұсыныс. Пікір» деген тақырыпта 2500-нан ас­там термин, Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтын­да­ғы «Терминдер» айдарында 1000-ға жуық термин жарияланды, терминдер Педагогикалық ғы­­лымдар академиясының сай­ты­на орналастырылып отырды;

 – алтыншы, дайындалған сөздіктердің сапасын арттыруға Қазақстан Республикасы Үкі­ме­ті жа­нындағы Респуб­ли­ка­лық тер­ми­­нология комиссия мү­ше­ле­рі мол үлес қосты. Әр сөздік Тер­­ми­нкомның алдын ала анық­тал­ған бір мүшесіне тапсырылып, олар сөздіктерді мұқият қарап, мыңдаған терминге қатысты ұсы­ныс-пікірлер білдірді. Олар бой­ынша авторлар тиянақты жұмыс жүргізді.

– жетінші, барлық сөздік­тер­ді Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметі жа­­нындағы Респуб­ликалық тер­ми­нология комиссиясы мақұл­да­ды.

Латын әліпбиін қоғамдық қол­данысқа енгізуде осы әліп­бимен жазылған термино­ло­гия­лық сөздіктер ерекше рөл атқа­ратынын ескере отырып, олар­ды әзірлеуде ғылым мен тех­никаның, экономика мен мәде­ниеттің жүзге тарта салала­рын қамтыған осы 30 томдық «Қазақ­ша-орысша, орысша-қазақша тер­­минологиялық сөз­дік» топ­тама­сын негізге алу қажет деп есептейміз. Бұл жұ­мыс­ты тө­мен­дегі ретте жүр­гізуді ұсы­на­мыз:

– бірінші, осы сөздіктер ­ осындай 30 томдық немесе әр томда 70-80 мыңдай термин бо­латын, техника, жаратылыс­тану және гуманитарлық сала­лар бойынша – 3 томдық сөздіктер дай­ындау жөнінде шешім қабыл­дануы керек;

– екінші, сөздік авторлары қатарына кейінгі жылдары сөз­дік­тер мен қазақ тілінде оқу­лық­тар жазған, әсіресе таңдап алынған шетелдік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару жұмыстарын ат­қарып жүрген ғалымдар мен ма­мандарды тарту керек;

– үшінші, сөздіктерді дайындау үшін қажетті қаржы бөлу және бұл сөздіктердің автор­ларының құқықтарын сақтау мәселесі шешілуі керек;

 – төртінші, бұл сөздіктерді дайын­дағанда жоғарыда айтыл­ған 30 том сөздік жасауда атқа­рыл­ған жұмыстар жасалуы қажет деп есептейміз;

– бесінші, дайындалған сөз­діктер Республикалық термино­ло­­гия комиссиясында мұқият тал­­қылануы үшін, комиссия мү­ше­лерін қаржыландыру мәселесі шешілуі керек;

– алтыншы, Республикалық терминология комиссиясының жауап­кершілігі мен мәртебесін көтеру үшін оны Қазақстан Рес­пуб­ликасы Премьер-Министрі басқарғаны дұрыс болар еді деп ұсыныс айтқымыз келеді;

– жетінші, Республикалық тер­­минология комиссиясы өз оты­рыстарында сала тер­мин­д­е­рін жасау жұмыстары ұзақ жыл­дардан бері тиянақты атқа­рылып келе жатқанын еске­ре отырып, ұсынылып отыр­ған тер­миндердің ішінде қалып­тас­­қан және халық қабылдаған са­ла терминдерін бекіту мәсе­ле­­­сін қарастыруы керек деп ұс­ы­­­ныс айтқымыз келеді. Бұл аса маңызды іс болар еді. Осы ұсы­ныс қабылданса, он­да сөз­діктерде алдымен бекі­тіл­­ген тер­миндері, содан кейін ма­құл­дан­ған терминдерді жазуға болады (ақылдасу керек).

Осындай жұмыстардың нәти­же­сінде латын әліп­биінде сапалы салалық тер­мино­логиялық сөз­­діктер дайындалып, 150 мың­нан аса терминді бекі­туге бола­ды.

Жалпы, термин жасау жұ­мыс­­тары аса ауыр және көп уақы­тты қажет ететін жұмыс еке­­нін ескере отырып, оны уа­қыт өткізбей бастау керек. Ла­­­тын әліпбиі қабылданып, оның бар­лық жазылу ереже­л­е­рі бе­кі­тіл­ген жағдайда, дайын­дал­ған те­рминдерді жаңа әліпбиде жа­­зу көп уақыт алмайды. Бас­ты мақ­сат, дұрыс терминдер қалып­тас­тыру болса игі.

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

31 томдық және 30 томдық терминологиялық сөздіктер

топтамаларын дайындау жобаларының ғылыми жетекшісі,

академик, Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті