Қазақстан • 05 Маусым, 2018

Ахметжан Ашири. Сексен ғасыр және сексен жыл

1374 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Алпыс жыл бойы қалам тербеп, шығармашылықтың ащы-тұщы дәмін тата жүріп, жазушылықтың игілігіне де молынан кенелген Ахметжан Ашири осы келіп жеткен 80 жасында 8 ғасырды қамтыған әдеби көркем картинаны оқырмандарына ұсынған жапакеш жазушы.  

Ахметжан Ашири. Сексен ғасыр және сексен жыл

Ахметжан Аширидің курс­тас­тары мен замандастары­ да бірегей абзал азаматтар Әбіш Кекілбай, Қаб­деш Жұмәділ, Ораз­ақын Асқар, Марфуға Айт­қожина, Шәр­бану Құмарова, Бек­сұлтан Нұр­жеке. Бұл кісілер ұлы Мұхтар Әуе­зовтің лекция­сын тыңдап, тәлі­мін алған таң­даулы шәкірттер. Студенттік кітап­шасынан ұстаз, академик жазушы М.Әуезовтің қолтаң­басын және сол заманның аты аңызға айналған тұлғалы ұстаз­дардың есімін көре аласың. Аши­ридің қаламынан туған жүз­де­ген әңгіме, повесть, эссе, мақа­лаларды айтпағанның өзінде дәуір керуенінде тасқа ойылған таң­бадай «Нұр-Ана», «Кешпес қөңілім», «Солмас гүл», «Жалғыз жалбыз», «Идиқұт», «Баурчуқ Арт  Текін», «Ділі зия», «Жер ака­демигі» қатарлы сүйекті шығар­малары ұйғыр әдебиетінің ғана емес, Қазақстан әдебиетінің мақ­­­танып айтуға болатын жетіс­тік­тері болып қала береді. Дра­ма­тургия саласы бойынша «Өл­­мес болып туғандар»(1973 ж.), «Мұқамшы»(1981 ж.), «Ди­қан» (1985 ж.), «Епшіл», «Иди­құт» (2009 ж.), «Жалғыз жалбыз» (2014 ж.) пьесалары Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академия­лық Ұйғыр музыкалық комедия театрында қойылды. А.П. Чеховтың атақ­ты «Шие бағы» (2015 ж.), испан ақыны, драматург Г.Лор­каның «Қанды той» трагедия­сын, қазақ ақыны, драматург Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, жігіт­тер» комедиясын ұйғыр тіліне аударып, сахнаға даярлап берді. Осыншалық әдеби жұмыстың өзі бір адамға аз емес. А.Ашири тек қана қаламгерлікпен отырған кісі емес, ол үлкен қоғам қай­рат­кері. Ол ұзақ жылдар бойы Қа­зақстан Жазушылар одағының ұйғыр әдебиеті кеңесін басқарып таланттарды ізденуге үндеп, жұ­мылған жұдырықтай болуы­на септігін тигізіп келе жат­қан ақсақалымызға айналды. Осылайша шығармашылық ұжым­да «Ұйғыр әдебиеті кеңе­сі» күні бүгінге дейін белсен­ді қызмет етіп, ұрпақтар сабақ­тас­тығы жалғасып келеді. Оның өмірі мен шығармашылығы жөнін­де елімізге белгілі қалам­герлер С. Қирабаев, Ш.Елеу­кенов, Ә.Нұршайықов, Қ.Ыс­қақ, С.Мұратбеков, Ә.Қа­диров, Ш.Кибиров, М.Һәмраев, П.Мәх­сәтова, Р.Исмаило, У.Қалижан, Г.Орда, А.Хамраев, А.Қалиева, Г.Мұсағұлова, Н.Ақыш, А.Мұқан, Д.Байтұрсынұлы қатар­­лы жүзге тарта әріптестері бас­па бетінде пікір білдіріп, ең­бек­­терін талдап таразылап шы­­­ғып­ты. Мемлекеттік сый­лық­тың иегері, көркем прозаның үздік өкілдерінің бірі Сайын Мұратбеков телеарнаға берген сұхбатында «Ахметжан Аши­ридің бойындағы жақсы қасиет интернационализм, халықтар арасындағы достық. Әсіресе мы­нау орыс пен ұйғыр, қазақ пен ұйғыр халқының арасындағы дос­тықты дәнекерлеп отырды. Оны өзінің шығармасында ғана емес, күнделікті өмірінде ылғи да насихаттаумен келді. Жәй құрғақ сөз күйінде емес, іс жүзінде көр­сетіп келе жатқан жазушы дер едім» депті, ағынан жарылып.

Ахметжан Аширидің «Ділі зия» эссе-романы осы күнге дейін орыс, қазақ тілдеріне ауда­рылып, кітап болып жарыққа шық­қанда ол турасында үш тілдегі басылымдар жеке-жеке сөз қылып, қызу талқылаған еді. Әде­биетші ғалым Шерияздан Елеу­кенов: «А.Аширидің «Ділі зия» романының бас кейіпкері – «Бент» акционерлік қоғамының президенті Дильмурат Кузиев. Дильмурат Отанымыз­ды көркей­туге үлес қосып жатқан, Отанын шынайы сүйген кәсіпкерлердің жиынтық бейнесі. Дильмурат хал­қына, еліне пайдам тисе дей­тін патриот жан. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «Тәуелсіз Қа­зақ­станға жиырма жыл болды. Ота­нымызды көркейтуге үлкен үлес қосып жатқан кәсіпкерлер бар. Соларды жазу керек. Бірлігі жарасқан тәуелсіз ел халқының өмірін, өзара бірлік, достығын көркем әдебиетте көрсету ләзім», – деген болатын. А.Аширидің атал­ған романы Елбасының әде­биетке қойған осы талаптарына толық жауап беретін шығар­ма» деп дұрыс тұжырым жасапты. Бұл шынында да бүгінгі дәуірімізді толық бейнелеген ро­ман.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Ахметжан Аширидің Қ.Қожамияров атындағы мем­лекеттік академиялық Ұйғыр музы­калық комедия театрындағы қойыл­ған «Жалғыз жалбыз» (Ял­ғуз ялпуз), «Өлмес болып туғандар», «Муқамшы», «Диқан», «Идиқут» пьесалары Қазақстан көрермендері тарапы­нан құр­метке бөленген қойылымдар. Әсі­ресе «Идиқут» спектаклі Орта Азия мемлекеттерінің III Халық­аралық фестивалінің лауреаты атанса, «Жалғыз жалбыз» 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін көп- ұлтты Қазақстан қөрермендеріне үздіксіз көрсетіліп келеді. Қас­қарау мен Сейіт достығы екі ұлт, екі халық арасындағы дос­тық­тың тұлғаланып, бой көтер­генін көрсетеді. Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, режис­сер Ялқұнжан Шамиев қия­лы мен автордың ой әлемінде тығыз сәй­кестік бар екеніне көз жет­кізесің.

Оқиға Бартоғай су қоймасын салу жобасының айналасында бас­талады. Төменгі жақтағы аудан, ауылдарды сумен қам­тамасыз етіп, ондағы егіс алқап­тарына, мал шаруашылығы жұ­мыс­тарына су жеткізу үшін тау­дың жоғары жа­ғындағы қысаңнан көлемі ірі, алып су қой­масын салу керек. Қысаңды толтыра тас қалап, цементпен құйып, судың деңгейін көтеруге тура келеді. Ал  ол аңғарда ежелден, ата-бабасынан бері қоныс­танып келе жатқан ауыл, бір қауым халық тұрады. Жердің иесі Қасқарау ақсақал бастаған қазақтар. Ол жерге тө­менгі ұйғыр ауылы Шарыннан Сейіт отбасымен көшіп келіп қоңсы болып қосылған. Олардың да тұрып жатқанына біраз заман болып қалған екен. Сол үшін де дәм-тұзы жарасып, тума­са да туғандай болып кеткен жәйі бар. Өздері көрші, өздері тамыр бол­ған соң ас-табағы ауысып, бір үйдің кісілеріндей бірлігі бар жақындарға айналған еді. Міне өстіп ұйып отырғанда жо­ға­­рының бұйрығымен су ас­тын­­да қалуға айналған шағын ауылдың шырқы бұзылып, ұяла­рынан айрылу қаупі туындайды. Қысқасы, ауылды күштеп көші­реді. Жұрттың бәрін жан-жаққа қуғандай болып жүгін арттырып, ар­қанын тарттырып айдайды. Бұйрық қатты, жан тәтті болған соң ел қоныс аударады да, тек қана қасарысқан қайсар қарт Қас­қарау ғана тапжылмайды. «Тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда боламыз» деген досы Сейіттің шаңырағы ғана көшіп кетпей қасында қалады. Мінеки, жұртынан жылжымаған екі отбасы арасындағы оқиға­лар шығарманы ширата түседі. Қау­саған қариялар қанша бұлқынса да, биік таудан жөңкіле құлаған тас­қынға қалай қарсы тұрмақ?! Заман­ның дауылы, дәуірдің соқ­қан желі өз дегенін істейді. Бір нәрсе анық, ол: сыртқы дүние қалай құбылса да, Қасқараудың қабағы қатулы, еркі мықты, ира­дасы тас түйін. Неге болса да илік­пей тоң-теріс қалпымен қар­сы қарап отыр. Бұл бекім – адам өлсе де, мүлде өлмейтін рух болар?! Міне осындай күрделі образ жасаған Ахметжан Ашири мына нәрсені де ұмытпаған, Қасқараудың қасынан табылып, табан аудармай тұра білетін Сейіт тағдырын тәуір қамтыған. Демек Қасқарау қазақ қайда болса, Сейіт ұйғыр сонда деген сөз! Мінеки достықтың түбі осындай теңіздей терең, таудан биік, көлден көлемді.

Ахметжан Аширидің «Иди­құт», «Баурчуқ Арт Текин» тарихи дилогияның орны бөлек, ора­мы қалың. Оқиға аумалы-төк­пелі, садақтың адырнасындай тартылып, ширыға түскен заманды бейнелейтін көлемді көркем еңбек. Екі ұлы тарихи тұлғаның тулаған өмірінен алын­ған салмақты дүние. Олар «Ұлы қосын», «Тәңір құт», «Ұлы қаған» атанған Шыңғыс хан және даңқты «Құтхан», «Теңдессіз әмір» атан­ған, сондай-ақ Шыңғыс­ ханның «бе­сінші баласы», «Ұлы патша Идиқұт». Осы екі алыптың ара­сындағы тағдырлы тартыстар, таңғажайып оқиғалар сымдай тартылып романның салмағын ауырлата түседі. Баурчуқ Арт Текин өмірден өткеннен кейін Шың­ғыс хан қағанатының билеу­шілері Құбылайхан және оның ұрпақтары, тақ мұрагерлері Оқ­тай­хан, Мөңкехан, сондай-ақ Ша­ғатай әулеті Дауахан, ұрпақ­тары Қайдулардың Идиқұт мем­лекетімен арадағы байланыс­тары, қиян-кескі қақтығыстары баян етіледі.

Тарихи дилогияда Шыңғыс хан ұрпақ­тары құрған «Қағанат» аты­мен белгілі болған күллі қытай, Бейжіңнен Қара теңізге дейінгі алып жатқан аумақтағы, импе­рияның құрамындағы осы бір Идиқұт елінің орны, рөлі, тарихи сипаты тереңінен ашылады. Нанымды көрсетіліп, оқырманды сегіз ғасырға шегіндіріп апарады. Жазушы Ахметжан Аши­ридің бұл еңбегі терең ізденіс­тің, тынымсыз еңбектің, үл­кен қажыр-қайраттың, мол бі­лім, зор таланттың жемісі. «Иди­құт» роман күйінде және спектакль күйінде де әдеби орта­ның қабылдауына ие болып, зерт­теушілердің оң бағасын алды.

Осыған дейін жазушының «Идиқұт» пьесасы және «Идиқұт» ро­маны түрік тіліне аударылып, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйы­мының қолдауында, жазушы, аудармашы, дипломат Мәлік Отарбаевтың ықпал етуімен Еуразия Жазушылар одағы тара­пынан Анкарадағы «Бенгу» бас­пасынан жарық көріп, түрік оқырмандарынан жақсы бағасын алып еді. Ендігі бір айтпаса болмайтын туындысы «Шарбақ» пьесасы. Бұл шығарма өткен 2017 жылы ТҮРКСОЙ және Еура­зия Жазушылар одағы тара­пынан өткізілген түркі дүниесі драматургтерінің халықаралық «Қорқыт ата» байқауында бас жүлдеге ие болып, Анкара қала­сында өткен қорытындыда мара­патталды. Пьеса алдағы жерде түркі тектес ұлттардың тіліне аудары­лып, сахнаға шыға­рыл­мақшы. Қазақстандағы ұйғыр театры­ның репертуарына кіргізу жос­парлануда. Бұл берілген жоғары баға ұйғыр әдебиетінің ғана емес, Қазақстан халықтары әде­биетінің де кесек табысы деу­ге тұрады.

Анау бір жылы «Идиқұт» романын жазу үшін автор өзі­нің туған ауылы Малыбайға кө­шіп барып он жыл жеке шы­ғар­машылықпен шұғыл­дана­ды(мұның өзі түсінген адамға үлкен тәуекел). Бір күні сыйлас дос-ағасы, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов Алматыдан телефон шалып: «Ахметжан інім, ауылға барып үн-түнсіз жатып алуға бола ма екен? Қалың қалай? Мен ауырып қалдым, ұйғыр туыстардың тандыр нанын сағындым, маған ыстық нан әкеліп бере аласың ба?» дейді. Ахметжан ағаның жұбайы, әпкесі, ауыл әйелдері сол күні шұғыл қамыр ашытып, тандырға нан пісіреді. Жаңа піскен ыстық нанды мата дастарқанға орап, таксиге отырған Ахаң Алматыға тартып, күн батпай өзі білетін адреске жетеді. Қатты риза бол­ған Сейдахмет аға ыстық нанды қатты құшырлана иіскеп, бір рахат­таныпты.

Үш күннен кейін телефон шалып «Ахметжан, саған көп рахмет! Ұйғыр халқының ыс­тық нанын жеп аурудан айы­ғып келемін!» деп, алғысын біл­діріпті. Амал не, тура келген ажал­ға тосқауыл болар ма!.. Көп кешікпей Сейдахмет аға бақи дүниеге аттанып кетеді. Бұл Сей­­дахмет ағаның көңілі сүйген ұй­ғыр ұлтына, соның бір ұлы, ақкөңіл перзенті Ахметжанға деген құрметі шығар, мүмкін жақын адамынан жанына дауа іздеген болар!.. Соңғы сағаттарда Ахмет­жан Ашириге телефон ша­луының өзінде терең сыр жатса керек!.. Сол оқиғаны айта отырып Ахметжан аға Сейдахмет Бердіқұловтың бір ерлігін есіне алады. «Жалғыз жалбыз» романы Қазақстанда басылып шығады, өкініштісі редакция редакторлары қайшысына ілініп кесіліп, туралып үштен екі бөлігі ғана кітап деген атпен жарық көріпті. «Бүйтіп шыққанша шықпай-ақ қойсашы!» – деп, көңілі жасып келе жатқанда алдынан сол кездегі «Жалын» баспасының директоры Сейдахмет аға жолы­ғады. «Ахметжан, қал қалай? Қабағың түсіңкі ғой, не болды?» депті қырағы аға бір қара­ғаннан байқап. «Ой, аға, мынаны қараңызшы, романым жү­нін жұлған тауықтай болып шы­ғып­ты, соған мұңайып келе­мін» дейді, Ахаң. Сәл ойланып алған Сейдахмет аға: «Он­да кітапты Мәскеуден орыс тілін­де шығарамыз! Ертеңнен қал­дырмай орыс тіліндегі нұсқасын маған жеткіз!» депті. «Әне, сол кісінің қолдауымен толыққанды роман болып, көркем аударылып шыққан кітабым Кеңестер Одағына тарады», – дейді Ахмет­жан аға сағына еске алып.

Қазақ қаламгерлерінің арасында Ахаңның ондай достары өте көп. Соның бірі курстасы, жер­лес досы, ақын Оразақын Асқаров, енді бірі махаббат тақы­рыбы мен тарихи тақырыпты то­лық қаусырып жүрген жазушы Бексұлтан Нұржеке, тағы бір досы, шығыстың ақ басты шыңдарының бірі, бұл күнде марқұм болып кеткен Қалихан Ысқақ. Олар туралы айтса таусылмайтын қызықтар өз алдына бір төбе... Жалғаса беретін тізімдердің басқы жағынан орын алатын адамның бірі ұзақ жыл көрші отырған, сыры бір, дәм-тұзы жарасқан Әзілхан Нұршайықов. Өмірде тосын оқиғалар көп қой!.. Бір күні Әз-аға телефон шалып «Ахметжан қал­қам, үйге келіп кетші!» деп­ті. Үйіне барса, Әз-аға «Ах­мет­жан, мынаны қара, сен туралы мақа­ла жазыппын, тәп-тәуір дүние екен. Сен осыны «Қазақ әде­бие­тіне» апарып берші!» деді. Ақсақалдың өтінішін құп алып, газетке бердім. Арада бір аптаға Малыбайға барып қайта келсем, газетте Әз-ағаның мақаласы жа­­рық көріпті, қолыма ала салып Әз-ағаның есік қоңырауын бас­тым. Үйден ұлы Арнұр шықты. «Әз-ағаның мақаласы газетке шығыпты, берейін деп келдім» – деймін, бұрынғы әдетімше... «Ой, Ахметжан аға, әке­мізден айрылып қалдық!» – депті, Арнұр. Басына бір шелек су құйып жібер­­гендей бол­ған Ахметжан аға үйге кіріп аға­ның орнына Құ­ран оқып, дұға жасайды. Соңғы минут­тарға дейін салқындамаған достық, үзіл­меген байланыс деп осыны айтуға болатын шығар!..

Ахметжан Аширидің ыл­ғи аузынан тастамай айтып жүре­тін әңгімесінің бірі жазу­шы Жүсіпбек Қорғасбек туралы болып келеді. 1986 жы­лы Желтоқсан оқиғасынан кейін­гі кез... Ахметжан Ашири Жазушы­лар одағы парткомының хатшысы болатын... Партком жиналысы еді. Адамның басына бергісіз толқыған күй, қысылған сәт өтіп жатады... Екі оттың ортасын­да қалған Ахметжан аға қан қы­сы­мы көтеріліп есінен танып құ­лай­ды. Біреуді біреу біліп болмайтын минуты мың жылға тең сол мезетте жазушы Жүсіпбек Қорғасбек ес-түссіз жатқан Ах­мет­жан ағаны балаша көтеріп топ ішінен алып шығып, «жедел жәрдемге» салып құтқарып қалады. «Мені ажалдан арашалап қалған Жүсіпбекті және жайдың отындай жарқ етіп өте шыққан ол күнді ешқашан ұмыта алмаймын» дейді, Ахметжан.

Ахметжан аға 70-ке толғанда арқалы ақын Иран-Ғайып Жазу­шы­лар одағының залындағы жи­нал­ған топтың алдына шығып мінезді, рухты өлең оқыды, оны қазақтың жүрек сөзі, достарының тілегі деуге болар еді. Аға сексенге толып отырған бүгінгі күні мақа­ланың соңын сол өлеңнің мазмұнымен аяқтайын.

Ардақты Ахметжан Ашири, гүлдей болсын көңіліңіз, бейбіт болсын өңіріңіз, ұзын болсын өміріңіз!

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, «Илһам» сыйлығының лауреаты