12 Желтоқсан, 2011

Өңірлердің өркенді өрісі

285 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Биылғы жыл біз­дің Отанымыз үшін белгілі кезеңнен асқан айрықша жыл болып отыр. Өткен 20 жыл қоғамдық-саяси тұрақтылық ая­сын­да эконо­микалық серпінді даму мен қазақ­стандықтардың ерен жетістіктерге қол жеткізген ке­зеңі болды. Бұл кезеңде Қазақ­стан барлық бағытта да маңызды табыстарға қол жеткізді. Алды­мен – экономика, сосын – саясат, экономикалық даму негізінде қо­ғамды либерализациялау, соны­мен бірге, осы жолда әлеуметтік теңсіздікті жою, яғни дамумен қатар, тұрғындарды әлеуметтік қолдау жүйесін қалыптастыру – міне, осының бәрі «қазақстан­дық жол» деп аталған біздің асқан асуымыз болды. Осы маңызды оқиғаны ай­рық­ша атап өту мақсатымен Пар­ламент 20 жылдық Декла­рациясын қабылдады. Осынау, саяси-құқықтық маңызды құ­жатта қазіргі замандастар мен бо­лашақ ұрпаққа Тәуелсіз Қазақ­станның 20 жылдағы ең үлкен табыстары аталып көрсетілді. Қазақстандықтардың зор та­бысқа жету сыры 1991 жылғы сайлауда ел өз тағдырын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың қолына сеніп тапсыруынан басталды. Содан бері ол Конс­титуцияның кепілі, Мемлекет бас­шысы ғана емес, іс жүзінде Ұлттың көшбасшысы және Қа­зақстан табысының қазіргі және болашақтағы символы ретінде танылды. Тұңғыш Президент өзінің ал­дында тұрған мемлекеттік міндеттерді шешіп қана қоймай, барлық аймақтар мен экономиканың сала­ла­рын жаңғыртқан өте кең ау­қым­дағы экономикалық реформаларды іске асыра алды. Соның ішіндегі бүкіл қазақстан­дықтар­дың мақ­та­ны­на айналған тамаша табыс – Қа­зақстанның жаңа символына айна­лып, халықтың қуаты мен күшін, қарқындап дамуын паш еткен жаңа елорда – Астана. Ол – біздің айбынымыздың, мүм­кіндіктеріміздің, қабіле­тіміз­дің және еңбексүйгіштігі­міз­дің тамаша көрінісі. Бүгінгі күні осының бәрі 20 жылда ғана іске асқанына таңыр­қамай қарай алмайсың. Біз экономикалық күрделі қиын­дықтарды артқа тастап, қазір­гі за­мандағы жаһандық әлем­ге үйлесе алған тиімді эко­но­мика жасай алдық. 2010 жылдың қо­ры­тындысы бойынша жан басына шақ­қандағы ІЖӨ 9 мың АҚШ доллары кө­леміне жетіп, 1994 жылғымен салыс­тыр­ғанда 13 есеге жуық өсті. Сөй­тіп, соңғы жылдарда Қазақстан эконо­микалық өсім­нің жоғары қарқынын Қытай, Үндістан және АСЕАН елдері көлемінде жоғары деңгейде сақтай алды. Қазақстан экономикасына соңғы 19 жылда 130 млрд. АҚШ доллары көле­міндегі инвестиция құйылды. Егер 1995 жылы Қазақстанның экспорты 5,3 млрд. доллар болса, 2010 жылы ол 60 млрд. долларға жетті. Бұл – 11 есе өсім деген сөз. Дүниежүзілік банктің сарабы бойын­ша Қазақстан инвестиция тарту клима­тының тартымдылығы және бизнеске жақсы жағдай тудыру жөнінен әлемдегі алдыңғы саптағы 20 елдің қатарына енген. Елде аймақтық даму мен жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару институттарының құрылуына Мемлекеттік егемендік туралы декларация мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң негіз болды. 1995 жылы қабылданған Конституция жергілікті өзін-өзі басқару­дың құқықтық жолдарын көрсетіп, олар­дың белгілі өкілеттік шеңберіндегі дербестігіне кепілдік берді. 2007 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­ма­сымен жағдай күрт өзгеріп, Консти­туцияға енгізіліген өзгерістер мен толық­тырулардың нәтижесінде жергілікті өзін өзі басқарудың негізі жергілікті мәсли­хаттар болып белгіленді. Елдің және аймақтардың стратегия­лық бағыттағы дамуы тиісті заңдық негіздермен қамтамасыз етілмесе іске аспайды. Осыған байланысты тәуелсіздік жылдарында қуатты заңнамалық базаның қалыптасқанын айта кету керек. Тек соңғы жылдары ғана Парламент жеке кәсіпкерлікті қолдау мен олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын реттейтін бірнеше заңдар қабылдады. 1997 жылғы «Қазақстан-2030» Даму стратегиясының қабылдануына орай еліміздің аймақтарын тұрақты дамыту­дың ұзақ мерзімді мақсаттары мен басымдықтарына жету жолындағы үдеріс басталып кетті. Президент Н.Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында елдің алдағы онжылдыққа арналған дамудың стратегиялық бағыттары мен мақсатта­рын айқындап берді. Қазір елімізді индустриаландыру үдерістері қарышты қадаммен өсіп келеді. Тек былтыр ғана елімізде 900 млрд. теңгені игерген 234 нысан, ал биыл 600 млрд. теңгенің 122 нысаны пайдалануға берілді. Елбасының үстіміздегі жылғы 28 қаң­тардағы Жолдауын іске асыру мақсаты­мен 2020 жылға арналған елдің аумақтық дамуының болжамды сызбасы қабылдан­ды. Бұл аймақтар дамуының жаңа бағ­дар­ламасы болып табылады. Онда даму әлеуеті жоғары елді мекендер атап көр­сетілді. Сонымен бірге, онда бюджет­аралық байланыстардың тетіктері жетілдірілген. Ол тұрғындардың барлығына бірдей сапалы мемлекеттік қызметтер көрсетуді де қарастырады. Осы болжамды сызбада елдің барын­ша перспективалы агломерациялық орта­лықтары көрсетілді, олардың қатарында Алматы, Астана, Ақтөбе және Шымкент қалалары бар. Сонымен бірге, артта қал­ған аймақтарды экономикалық жағынан ынталандырудың жаңа, икемді тетіктері әзірленген. Жуырда Елбасы Н.Назарбаев Қара­ған­ды облысында жұмыс сапарымен бол­ды. Бұл облыс – елдегі көшбасшы ай­мақтардың бірі. Тәуелсіздік жылдарында мұндағы аймақтық жалпы өнім 3 млрд. теңгеден 2 трлн. теңгеге дейін өсті. Соның ішінде өнеркәсіп өнімі төрт есе артты. Шағын және орта бизнестің жұмысы жанданды, олардың шығарған өнімдері 22 есеге ұлғайды. Жұмыспен қамту барысы екі есе өсті. Шығыс Қазақстан облысы да еліміз­дің аса ірі өнеркәсіпті, қуат өндіруші, аграрлы және әлеуетті көлік саласы бар аймағы. Мұнда да биыл АЖӨ 1 трлн. теңгеден асып, 2001 жылмен салыстыр­ғанда 5 есе өсті. Облыста 70 мыңнан ар­тық шағын және орта бизнес субъектілері бар. Бұл – осыдан 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда 10 есе артық деген сөз. Ақтөбе облысы да еліміздің серпінді даму жолына түскен аймақтарының бірі. Мұнда 2010 жылғы АЖӨ 1993 жылмен салыстырғанда 822 есе артты. Өнеркәсіп өнімінің үлесі жөнінен облыс республи­ка­дағы алдыңғы қатарлы бестіктің қатарына енді. Соңғы жеті жылда 400-ге жуық инвестициялық жоба іске асты. Бұл 25 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдарында Ақмола об­лысы экономикасының барлық саласы да серпінді дамыды. Мұндағы аймақтық жалпы өнім 1993 жылғы 2,3 млрд. тең­геден 2010 жылы 255 есе өсіп, 586 млрд. теңгеге жетті. Индустриялық секторда өнеркәсіп өнімдері осы мерзімде 837 млн. теңгеден 180 млрд. теңгеге жетті. Индустриаландыру бағдарламасы бой­ын­ша 92 млрд. теңгенің 33 жобасы іске асырылды. Алматы қаласы біздің елімізде ғана емес, жалпы Орталық Азиядағы көшбас­шы орындағы мегаполис болып есептеледі. Бұл қала еліміздің барлық ІЖӨ-сінің 18 пайызын бере отырып, мемлекеттік бюджет кірісінің 25 пайызын қам­тамасыз етеді. Тәуелсіздік жылдарында Алматы АЖӨ-сі 1993 жылғы 1,4 млрд. теңгеден 2010 жылы 430,4 млрд. теңгеге дейін өсті. 2001 жылдан 2011 жылға дейін денсаулық сақтау саласының 31 ны­са­ны және 35 мектеп жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Атырау облысы да еліміздің аса ірі индустриялы аймақтарына жатады. Елімізде өндірілген ІЖӨ-нің 13 пайызы осы облыстың еншісінде. Ал АЖӨ-нің жан басына шаққандағы үлесі бойынша об­лыс елімізде бірінші орын алады. Тәуел­сіз­діктің 20 жылында аймақта 81 мыңнан артық жұмыс орындары ашылды. Шағын және орта бизнес саласының өнімдері 2000 жылы 7 млрд. теңге болса, 2010 жылы ол 465 млрд. теңгеге жетті. Маңғыстау облысы да Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне үлкен табыс­тар­мен келді. 2010 жылдың қорытындысына жасалған рейтинг бойынша облыс аймақ­тар арасында бірінші орын алып, әлеуметтік-экономикалық даму дең­гейі бойынша алғашқы үштік­тің қатарына енді. Мұнда жан басына шаққандағы АЖӨ 19 мың дол­ларды құрап, республикадағы ең алдыңғылардың бірі болып отыр. Тәуелсіздік жылдарында Оң­түс­тік Қазақстан облысының АЖӨ-сі 1991 жылғы 7 млрд. тең­геден 2010 жылы 1,1 трлн. тең­геге дейін өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 225 есе артты. Облыс бюджеті 25 есе өсті. Облыста 280 жаңа кәсіп­орын ашылып, 17 мың жұмыс орны жаңадан пайда болды. Үде­мелі индустриялық-инновация­лық мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 57 жоба іске асты. 2011 жылы 832 млрд. тең­генің 192 индустриялық және инфрақұрылымдық нысандары­ның құрылысы аяқталатын бола­ды. Соның ішінде Ақтөбе облы­сында 113 млрд. теңгенің 24 жобасы, Павлодар облысында 112 млрд. теңгенің 13 жобасы, Шығыс Қазақстан облысында 150 млрд. теңгенің 12 жобасы бар. Жылдың алғашқы жарты­сында 284 млрд. теңгенің инвестициясы игерілді. Денсаулық сақтау саласында әлеуметтік маңызы бар (жүрек-қан тамырлары аурулары, туберкулез, қатерлі ісіктер) дерттер, ана мен бала өлімдерінің үлесі азайып келеді. Мәселен, туу 2010 жылы 2004 жылмен салыс­тырғанда 25 пайызға артты, ал жалпы адам өлімі 11 пайызға, ана өлімі бір жарым есеге, сәбилердің шетінеуі 15 пайызға төмендеді. Туберкулезбен ауыру 2004 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге, ал осы дерттен көз жұму екі есеге азайған. Мұның бәрі – соңғы жылдар­дағы денсаулық сақтау орында­ры­ның материалдық-техникалық базасының нығаюына байланыс­ты қол жеткізілген табыстар. Соң­ғы алты жылда 400-ге жуық ден­саулық сақтау нысаны салынды, соның ішінде 7 қан орталығы бар. Республикалық бюджеттің есебінен ғана 75 млрд. теңгеге меди­циналық жабдықтар сатып алынды. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық мектептері компьютерлендірілді. Сонымен бірге, мультимедиялық кабинеттермен, интерактивті құралдармен қамтамасыз етілді. 12 жылдық білім беру жүйесі енгізілуде. Жоғары білім беру саласында да қол жеткізілген табыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Назарбаев Университеті базасында жоғары білім берудің жаңа, инновациялық үлгісі жасалды. Соңғы он жылда мемле­кеттің әлеуметтік жәрдемақысы­ның орташа көлемі 3,4 есеге артты. Соңғы жиырма жылда зейнетақының ең аз көлемі 5,1 есеге көбейді. Ал зейнетақының орташа көлемі 5,7 есеге өсті. Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының 20 жылда қол жеткізген табыстары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда Қарағанды облысында болғанда айтқан сөздерінің әділеттігін дә­лел­дейді. Президент: «Күшті мем­лекеттің негізі – күшті аймақ­тар. Нақ индустриялық тұрғыдан жан-жақты дамыған аймақтар мемлекеттің гүлденуіне, азамат­тардың әлемдік деңгей қамтама­сыз етілуіне мүмкіндік беріп, қоға­мымыздың ең басты жетістігі сақ­талуына кепіл болады», деген еді. Талғатбек АБАЙДІЛДИН, Парламент Сенатының Экономикалық даму  және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы.