12 Желтоқсан, 2011

Ғасырдың ғаламат жобасы

478 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде елдік тұғырымызды асқақтатқан елеулі оқиғалар баршылық. Соның ішінде халқымыздың бүкіл шежірелі тарихына ғажайып құбылыс болып енген ерекше ерлік – елордамыз Астананың салынуы болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен ерік-жігері мен баламасыз батылдығының арқасында Сарыарқа төсінде, ерке Есілдің жағасында ХХІ ғасыр ғажабы – Тәуелсіз Қазақстанның арайлы елордасы бой көтерді. Өз тағдырларын елдің елордасымен берік байланыстырған азаматтар да жетерлік. Біз бүгін солардың бірі – Астананың алғашқы жылдарында қала әкімінің орынбасары болған белгілі өнер қайраткері, Парламент Сенатының депутаты Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.  – Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың ерен ерлі­гінің арқасында Тәуелсіз Қазақ­станның бас қаласы, үшін­ші мың­жылдықтың ға­жа­йып мегаполисі – Астана бой көтерді. Ел­ор­дамызды ғасыр­дың ғаламат жобасы деп те атайды. Осы орайда қиын ке­зеңде елорданы Ақ­молаға ауыс­тырудағы Президен­ті­­міздің ба­ла­масыз бастамасы қақында не айтар едіңіз? – Мен бүгінге көз тоймастай құлпырған Астанамызға қарап, оның алғашқы қадамдарын, өкпені қысқан өтпелі кезеңдегі сол бір ұлы ерліктің бастауын тебірене еске аламын. Жасыра­ты­ны жоқ, ал­ғаш­қыда бұл идеяны естігенде то­сырқай қабылдап, орындалмас арман ғой деген ойда болдым. Оның себебі де салмақты еді. Мен ару Алматыға шын мәнінде ғашық болған жан­дардың бірімін. Алма­ты қала­сына  16 жасымда келіп, сәу­летті шаһардың қайталанбас ты­ныс-тіршілігіне балауса үмітім­ді жал­ғап, осы қалада өмірімді өткіз­сем деген ойда болдым. Консерваторияда оқы­дым, оны бітірген соң жемісті шығармашылық ең­бек жо­лымды да осы қалада бастадым. Шаңырақ құрдым, төрт бөлмелі пәтер алдым. Қыс­қаша айтқанда, азамат ретінде Алма­ты­дан бақы­тымды тауып, ба­рымды баянды еттім. Сон­дықтан менің өмірімде бұдан басқа елі­міздің бас қаласы бола­ды-ау деген ой жоқ еді. 1997 жылы Ақмолада Қазақ­стан халқы Ассамблеясының бас­қосуы болды. Мен Ассамблея мү­шесі ретінде сол жиынға қа­тыс­тым. Осы сапар барысында мен үшін бей­мәлім қаланы көр­мек болып, көше­лерді ұзақ уақыт жаяу ара­ладым. Неге екенін білмеймін, сол жолы болашақ астана менің жү­регіме ерекше сезім ұялатты. Ассамблея қаладағы Жастар са­райында өтіп жатқан болатын. Сол жерде Қазақ радио­сының тілшісі менен сұхбат алды. Осы сұхбат барысында мен болашақта осы қа­ланың тұрғыны боламын деп, ақ­жарылқап сөзім­ді алғаш айттым. 13 желтоқсанда Ақ­молаға тағы келіп, Тұңғыш Пре­зидентіміздің қо­лы­нан «Парасат» орденін алдым. Адам ретінде осы жолы Елба­сының ерен ерлігіне тәнті болып, шамам жетсе барлық күш-жіге­рімді жұмсап, Мемлекет басшы­сы­­ның жаңа жобасын іске асыруға өз үлесімді қосуға серт бердім. Жел­тоқсан айының соңында Президент Әкім­шілігінде қызмет атқа­ратын Иманғали Тасмағамбетов шақы­рып алып, Елбасының тап­сыр­масы бо­йынша мен Ақмола қала­сы әкі­мінің орынбасары бола­тынымды айтты. Алғашқыда жү­рек­сініп қа­былдасам да тәуекел етіп келісімімді бердім. 7 қаңтар күні – менің бірінші жұмыс күнім еді, қала әкімі Әділ­бек Жақсыбековпен енді та­нысып, өті­ніш жазып отырға­ным­да, бөл­меге қазақтың көрікті үш келіншегі кіріп келді. Со­лардың бірі Айман Мұса­қожаева болатын. Олар Ақ­молада Қазақ музыка ака­де­миясын ашуды ұсын­­ды. Кейіннен бұл ұсыныс Елбасымыздың қол­дауына ие бо­лып, наурыз айында ресми түрде іс жүзіне асырылды. Осы­лайша елімізге танымал талай өнер май­тал­мандары осы Академия ар­қылы Астанаға көшіп келіп, ел­ор­да­­­­мыз­дың мәдени тарихына өзде­рі­нің қолтаңбаларын қал­дыра бастады. – Төлеген Мұхамеджанұлы, елорда Ақмолаға көшірілген ал­ғашқы жылдар оңай болған жоқ. Сіз сол кезеңдерде көп жыл Астана қаласы әкімінің орын­басары ретінде нақты іс ба­сын­да бол­дыңыз. Сол жылдардың есте қалған елеулі оқиғаларын тілге тиек етсеңіз. – Иә, жұмыс өте қауырт әрі қызықты болды. Біз тәуелсіз елі­міздің болашақ астанасының мәде­ниет, өнер және шығармашылық шежіресін тың жерден құра бас­тадық. Ел­ор­дамызға алғашқы бо­лып көшіп келген ұжым­дардың бірі – Ғазиза Жұбанова атын­­дағы шекті аспаптар квартеті бо­ла­тын. Әлі есімде, мен кезекті сапармен Ал­матыда бол­ғанымда талантты жі­гіттерді көріп, Ас­танаға шақыр­ған­­мын. Бірде сол жігіттер маған қоңы­­рау шалып: «Аға, біз қазір ғана Аста­наға көшіп келдік», деді. Ал мен мұндай шұ­ғыл бетбұрысты күт­­пеп едім. Олар­ға біз баспана да­­йын­дау тү­гілі, жаңа фи­лармо­ния­­мыз да ашы­­­лып үл­герген жоқ. Уа­қыт өте келе барлығы өз орнына кел­­­ді. Қазір бұл квартет дүние жү­зіне әйгілі өнер ұжымына айналды. Мен Астанада Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрылу кезеңін жиі еске аламын. Алғаш осы өнер ұжы­мының дайындық өткізетін орын­дары да бол­ған жоқ. Тіпті репети­ция­ларын қатар-қатар қалаған кір­піштердің үс­тіне отырып өткізген күндері де болды. Олар биік өнер үшін бәріне төзе білді. Оркестр құрамындағы өнер саң­лақта­рының осындай жанқиярлықтың арқа­сында біз 1998 жылдың 15 сәуі­рінде Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің алғаш­қы тұ­саукесер концертін өт­кізуге қол жеткіздік. Осы орайда ор­кестрдің бірінші бас дирижері Мыр­зағали Айда­боловты ерекше ілтипатпен еске ала­мын. Озар елдің арманы бітпейді ғой, біз бірінші жыл­дың өзінде симфо­ниялық оркестрдің концертін қойдық. Бұл да үлкен жетіс­тіктің бірі деп санаймын. Өйткені, алғаш Ақмолаға келген кезімізде қа­лада осындай оркестрдің құра­мында ойнайтын бір де бір музыкант жоқ болатын. Ерекше атап өтетін бір мәселе, Астана қаласын құруға атса­лысқан алғашқы лектегі жігіт­тер­дің патриоттық сезімдері өте жоға­ры бол­ды. Олар ел болашағы, хал­қы­­мыздың ертеңгі игіліктері үшін кез келген қиындықтарға төтеп берді. 1998 жылы Тәуелсіздік мерекесін алғаш рет Астанада басқа өңірлерден, тіпті Алматыдан өнер шеберлерін шақырмай, өз күшімізбен өткіздік. Осы мерекеден кейін қала әкімі Әділ­бек Жақсыбеков маған телефон ша­лып, Елбасының Астанада опера және балет театрын ашуға тапсырма бергенін айтты. Кейбір көбік ауыз «жана­шырлардың» мұндай ауқымды шара­ны іс жүзіне асыру үшін кемінде 10 жыл керек» деген қарсылықтарына қара­мастан, біз бұл істі шұғыл қолға алдық. 2000 жылдың ақпан айында Үкіметтің Астана қаласында опера және балет театрын құру туралы қаулысы шықты. Жеті айдан кейін, яғни сол жылдың қазан айында біз үш классикалық шығармамен К.Байсейітова атындағы опера және балет теа­трының тұсау­кесерін өткіздік. Бүгінде тәуелсіз елімізде екі бірдей айтулы опе­ра және балет театры бар. Елба­сының бастамасы болмаса мұн­дай тарихи құбылыстар мүмкін болар ма еді?! – Бір кездері жергілікті ұлттың өкілдері 17 пайыздан аспайтын Ақ­молада бүгін қазақ жұртшы­лығы басымдыққа ие болды. Бұл ретте атқарылған игі істер хақын­­да не айтар едіңіз? – Еліміз егемендік алған жылдары Қазақстанның солтүстік облыста­рын­да қазақ­тардың үлес салмағы мүлде аз болғандығы жасырын емес. Сон­дықтан Елбасының астананы еліміз­дің орталық аймағының кіндігі – Ақмолаға ауыс­тыруының астарында да осындай ертеңгі ел мүддесін ойлаған үлкен мақсат болған еді. Ақмола еліміздің бас қаласы атанған кезде мұнда жалғыз ғана қазақ орта мектебі болатын. Бір де бір қазақ балабақшасы болған жоқ. Ұлттық мәдениет, өнер орталықтары тура­лы айтуға да болмайды. Біз алғашқы күндерден бастап осындай келеңсіз кемшіліктердің орнын толтыру шараларын шұғыл қолға алдық. Ақмолада ашылған алғашқы №38 қазақ орта мектебі бірінші кезекте бой көтерген жаңа ғимаратта жұмыс істей бастады. Сол жылдары «Аққайың» атты алғашқы қазақ балабақшасы да есігін айқара ашты. Қаладағы кө­шелердің, мейрамхана, сауда орта­лықтары және басқа қоғамдық орындардың атау­ларын қазақша­лауға батыл бет­бұрыс жасалды. Міне, бүгін 700 мың­нан астам халқы бар Аста­намызда қан­дас­тары­мыз­дың құрамы 70 пайыз­дан асты. Қалада 50-ден астам қазақ мектебі бар. Биылғы, Тәуелсіздігі­міздің 20 жылдығы той­ланатын жылы ірге көтерген 30 ба­лабақ­ша­ның барлы­ғы дерлік ұлт­тық тілімізде тәрбие береді. – Тәуелсіздігіміздің сындарлы жылда­рында еліміздің бас қа­ла­сын Ақмолаға көшіру – сөзсіз Ел­ба­сының ерлігі еді. Ал енді Астана Тәуелсіз Қазақстанға не берді? – Астана – Тәуелсіздік символы. Тарих үшін қас-қағым сәт болып саналатын 14 жылдың ішінде Аста­намыз тоғыз жолдың торабында түйіскен экономикалық жетістіктер мен заманауи урбанизациялық ор­та­­лыққа айналды. Бүгінде бәсе­ке­лестік мүмкіндігі мол Астана әлем­дік шең­бердегі маңызды орталыққа айнал­ғанын да жасыра алмаймыз. Астана жетістіктері ел еңсесін биіктетті. Бұрын Есілдің сол жаға­лауында жаңа қаланың салынуы ойға сыймас арман сияқты болатын. Енді, міне, сәулет өнерінің озық үлгілері салтанат құрған керемет ғимараттардан тұра­тын әсем қала көз сүйсіндіреді. Елбасы бас қаламызды көшірген алғашқы кезеңінде «Астана – эко­но­микамыздың локомотиві болады» деген еді. Бүгін бұл тұжырымның ақи­қаттығына да ешкім таласа ал­майды. Қалада ашылған ірі өндіріс орталық­тары экономикамыздың қар­­қынды дамуына өз үлестерін қосты. Бір кезде 200 мыңнан астам ғана халқы бар қалада бүгінде 730 мың халық тұрады. Астананың арқасын­да барлық маман­дықтарға сұраныс артты. Еліміздің әрбір өңі­рінен келген мыңдаған мұға­лімдер, дәрігер­лер, инженерлер, өнер шеберлері өз бақытын бас қаламыздан тапты. Бұл да Астананың ел игілігіне қосқан ерен үлесі болса керек. Ертеректе мен Парижде болға­нымда Луврға қарап, осындай сұлу­лықты біздің ұрпақтарымыз көрсе ғой деп армандаушы едім. Жаһан­дық сәулет өнерінің озық үлгілерін бойына жинақтаған Астанадағы бү­гінгі біздің айтулы ғимараттарымыз кімнен кем?! Мен осы бір сұлу­лыққа қарап «Апыр-ай, Тәуел­сіз­дігіміздің арқасында Лувр бізге келіпті ғой», деп толғанамын. Астана – тәуелсіз Қазақстанның тарихи жеңісі, ерен жетістігі. Елбасының ерлігінің арқа­сында өмірге келген шын мәніндегі ғасырдың ғаламат жобасы. Бір адамның арманының ар­қауы ретінде өмірге келген Аста­наның, ақырында миллиондаған адам­ның арманына айналуы сол адамның ұлылығының айғағы дер едім. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.         Парламент Сенатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығы Декларациясы қабылданғаннан кейін сол тарихи оқиғаға қатысушылар естелік суретке түсті.   Лебіздер Нұрлан СҮЛЕЙМЕНОВ, Парламент Сенатының депутаты: – Парламент Сенаты ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы қарсаңында елдігімізді білдіретін, халқымыз­ды ұйыстыратын тарихи маңызды құжат қабыл­дады. Мен осымен екінші рет заң шығарушы ор­ганның декларациялар қабыл­дауына қатысып отыр­мын. Біріншісі – 1991 жыл­ғы 16 желтоқсанда Жо­ғар­ғы Кеңес қабылдаған тә­уелсіздік декла­рациясы болса, екіншісі – еліміздің Мемлекеттік тәуел­сіздігінің жиырма жылдығы декларациясы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауын­да биыл­ғы жылы атқарылуы тиіс негізгі бағыттар мен міндеттер ай­қын­далып, соның ішінде Тәуелсіздіктің жиырма жылдығын ел болып жоғары деңгейде атап өту мәселесіне ерекше мән берілген болатын. Бұл құжаттың қабылдануы да осыған байланысты болып отыр. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, хал­қымыздың мәңгілік құндылығы. Қазіргі кезде ата-баба­ларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігінің арқа­сында егеменді ел болып, етек-жеңімізді жинап, әлемнің жетекші елдерімен терезесі тең мемлекет құрып, экономикасы ең жылдам дамып келе жатқан үш елдің қатарына кіріп отырмыз. Мұнда, әрине, Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың үлкен еңбегі бар екенін атап өтуіміз керек. Асхат КҮЗЕКОВ, Парламент Сенатының депутаты: – Сенбі күні елімізде үлкен тарихи оқиға болды. Пар­ламенттің жоғарғы палатасы бір­ауыздан еліміз­дің Мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығы декла­ра­циясын қабылдады. Қазір дүние жүзінде саяси, экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан елдер көп. Ал біздің елде мүлдем басқаша жағдай. Бұл біздің 20 жылдағы ең басты жетістігіміз деп білемін. Мұның бәрі Елбасының тәуелсіздік алған кезден бері жүргізіп келе жатқан саясатының арқасы. Жалпы, бұл құжаттың мәні мен маңызы зор. Декларация арқылы біз өтпелі кезеңдегі барлық қиыншылықтарды жеңіп, дамудың жаңа даңғылына түскенімізді көрсетіп отырмыз. Біз бәріміз осыдан 20 жыл бұрын еліміздің әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі қандай болғанын жақсы білеміз. Ал қазіргі елдің әлеуметтік жағдайын сол кездегі халықтың жұмысымен салыс­тырсақ, арасы жер мен көктей. Осының бәрі – Тәуелсіздіктің арқасы, Елбасының сындарлы саясатының жемісі. Біздің Парламент – 100 пайыз Мемлекет басшысының командасы. Елбасы қай істі қолға алса да, біз оның дұрыстығын жақсы сезінеміз. Сондықтан Декларацияның қабылдануы өте керек нәрсе деп есептеймін.