Парламент • 06 Маусым, 2018

Мәжілісте республикалық бюджет есебі тыңдалды

374 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында Үкімет және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыпқа орай Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова баяндама жасады.

Мәжілісте республикалық бюджет есебі тыңдалды

Отырыс барысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өткен жылдың басты жетістігі ел эко­номикасының 4 пайызға артуы деп мәлімдеді. Оған инвестициялық белсенділіктің артуы, сыртқы экономикалық ахуалдың жақсаруы есебінен ішкі сұраныстың біртіндеп қалпына келуі ықпал еткен. «Нәтижесінде, кіріс 100,9 %-ға артық орындалып, бюджетке 9,7 трлн теңге түсті. Салық 2016 жылмен салыстырғанда 13 %-ға өсіп, бюджетке 572 млрд теңге көлемінде қаржы түсті. Шығыс 99,8 %-ға игеріліп, көлемі 11,2 трлн теңге болды. Олардың алдың­ғы жылдан 31,2%-ға ұл­ғаюы дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландырумен тікелей байланысты. Мұндай шараға Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді тарту жолымен «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» сияқты бағдарламаларды іске асыру және банк секторын сауықтыруға байланысты Ұлттық Банкпен бірлескен шаралар жатады. Ал республикалық бюджет тапшылығы 1 трлн 357 млрд теңгені құрады. Бұл жос­пардан 9%-ға төмен және ІЖӨ-ге шаққанда 2,6 %-ды құрайды», деді ол. Министрдің айтуынша, Үкімет есебін талқылау кезін­де бюджеттің салық базасын кеңей­ту және оларды әкім­ші­лендіруді жетілдіру сияқты біраз мәселелер көтерілген. Сонымен қатар бюджет кірістерін нығайту мақсатында 2017 жылы тиісті жоспар қабылданған. Осы жос­парды іске асыру барысында салық түсімдерінің ІЖӨ-ге шаққандағы төмендеу тренді өзгеріп, 1 пайыздық пунктке жоғары орындалған. Сондай-ақ Қаржы министрлігі биыл тамыз айында блокчейн технологиясын қолдана отырып, қосым­ша құн салығы орындалуының айқындығын қамтамасыз ете­тін жоба тұсаукесерін өткізбек. Оның мақсаты – салық төлеуші­лердің қаржылық операцияларын қолма-қол қадағалап, оларға салықты уақытында қайтару. 

Биыл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Оған кіретін көрсеткіштердің бірі – игерілмеу көлемі екі есеге азайса, екіншісі сыртқы және ішкі аудит тексерулері кезінде анықталған заң бұзушылықтар ұлғайған. Ал бухгалтерлік және қаржылық есептерді жүргізудегі заңнаманы бұзу қаржылық бұзушылықтың 86 пайызын құраған. Министрдің пікірінше, бұл мәселе осы мамандардың білік­тілігін арттырумен және олар­ды міндетті түрде кәсіби сертификаттау арқылы шешілмек. 

Былтырғы Бюджет кодексіне енгізілген өзгертулерге сәй­кес енді квазимемлекеттік субъек­тілерге қаражат бөлу қаржы-эконо­микалық негіздемеде анық­талған бюджеттік инвести­ция­ларды жүзеге асыру мер­зімдері бойынша жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ көп қаражат жұмсал­ған мем­лекеттік және үкіметтік бағ­дар­ламалардың тиімділігі, стра­­тегиялық жоспарлау мен бюд­жеттік жоспарлаудың бір-бірінен алшақтығы, олардың индикаторларының сапасыз жос­парлануына себеп болып отыр. Бағдарламалық құжат­тар­­дың орындалуы барысында жіберілген кемшіліктер де бар. Бірақ жетістіктер де аз емес. Мәселен, «Бизнестің жол кар­тасы 2020» бағдарламасы бо­йынша 47 млрд теңге кәсіп­кер­­лерге әртүрлі қолдау көрсе­тілуге берілген. 2017 жыл қорытын­дылары бойынша бағдарламаға қатысушылар 3,5 трлн теңгеге өнім өндіріп, 17,3 мыңнан астам жұмыс орны ашы­лып, бюджетке 217 млрд тең­ге салық төленген. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жал­пы 341,7 мың шаршы метр арен­да­лық және коммерциялық тұрғын үй халық­қа пайдалануға берілді.

Қаржы министрі мемлекеттік борыш мәселесіне де тоқталды. Мемлекеттік борыш көрсеткіші, оның ішінде квазимемлекеттік субъектілердің сыртқы борышы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Былтырғы мемлекеттік борыш ІЖӨ-ге шаққанда 26 па­йызды құраған. Оның 66 па­йызын ішкі қарыз құраса, 34% сырт­қы қарызға тиесілі. Яғни, мемлекеттік борыштың үштен бір бөлігі ғана валюта баға­мы­ның өзгеруіне тәуелді. Бола­шақта бюджет тапшылығын қаржыландыру саясаты ішкі ресурстарға бағытталатын болады. Осы мақсатта мемлекеттің борышын тиімді басқару үшін оның құралдарына диверсификациялау шарасы қабылданбақ. Мәселен, «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында сукук ислам облигация­ларын шығару жоспарланып, орталықпен бірлесе Euroclear банкімен қарым-қатынас орна­тыл­мақ. Бұл жұмыс халықара­лық инвесторлар үшін тең­ге­дегі бағалы қағаздарды орналас­тыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа квазимемлекеттік сектор­дың борыштарын басқару Үкімет тарапынан заңнама жүзін­де бақылауға алынып отыр.

Ал Есеп комитетінің төрайы­­мы Наталья Годунова рес­пуб­­лика­л­ық мемлекеттік кәсіп­орын­дарға тоқталып, олар бойынша 2017 жылғы таза кіріс 6 млрд теңге­ге қысқарға­нын, ал шығыны бір­шама арт­қанын жеткізді. Соны­мен қатар кей мәселелерге бай­ланысты меморгандар мен ұлттық компаниялар сырттан халық­аралық кеңесшілерді тарту­ға қомақты қаржыны жұм­сауды жалғастырып отырғанын атап айтты. «Олардың еңбека­қы­сы жергілікті мамандар­дан 3-4 есе асып түседі. Сонымен бірге олар­дың еңбекақысын рет­­теу бо­йын­ша нормативтік-құ­­қық­тық база жоқ. Осы орайда са­рап­­шы­ларды тарту бойынша бірың­ғай орталықты құру жолы­мен халықаралық кеңесшілер қыз­мет­теріне шығыстарды оңтай­лан­дыру жөн болар еді», деді ол.  

Есеп комитеті келтірген деректер бойынша, бюджеттің кіріс бөлігінің экономиканың шикізат секторына тәуелділігі сақта­лып отыр. Шоғырландырылған бюджетке шикізаттық емес сектордан түсетін түсімдердің өсу қарқыны 2016 жылы 40,7%-дан 2017 жылы 2,6%-ға дейін төмен­деген. Комитет 2017 жылдың қорытындысы бойынша сапасыз салықтық әкімшілендірудің салдарынан келген республикалық бюд­жеттің болжамды шығын­дары шамамен 108,5 млрд теңгені құрайтынын жеткізді. 2017 жылы республикалық бюджет шығыстары 11 572,9 млрд теңгені құраған. Іс жүзіндегі шығыстар 11 550,7 млрд теңге мөлшерінде немесе түзетілген жоспарға сай 99,8% болған, 2016 жылмен салыстырғанда 2 668,8 млрд теңгеге немесе 30,0%-ға ұлғайды. Бұл негізінен банк секторын қолдауға қаражат бөлуге және өңірлерге берілетін субвенциялардың ұлғаюына байланысты. Шығыстар құры­лымында едәуір үлес салмақ шығын 92,4% болып отыр, олар 2016 жылмен салыстырғанда 10 677,5 млрд теңге сомасында орындала отырып, 2 777,7 млрд теңгеге өскен. Үкімет есебінің деректеріне сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарына дебиторлық берешектің жалпы сомасы 300,3 млрд теңгені (2016 жылға қарағанда өсім 88,4 млрд теңгені құрады) құраған.

Парламент Мәжілісінің бар­лық тұрақты комитеті Қаржы министрлігі мен Есеп ко­мите­тінің атқарған жұмы­сына оң қорытынды берді. 

Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында тұрақты комитеттер екінші оқылымдағы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның жобасын мақұлдады.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»