Қазақстан • 06 Маусым, 2018

Жеке кәсіпкерлер әлеуметтік жобаларға белсене атсалысуда

472 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Арғы тарихты аударып-төңкермей-ақ, бергі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастағанның өзінде, қазақ даласында халықаралық жәрмеңкелердің көптеп ашылуына орай, малмен айырбас сауда жасап, заманына қарай амалын қолданған қазақ арасынан Маман бай, Мақан Жиенбайұлы, Аппаз және Мырқы Жараспайұлдары, Қуан Әленұлы, Ақайдың Қасені сияқты ірі байлар ірге жайды. Олардың барлығы дерлік мектеп-медреселер ашып, мәдениеттің дамуына қолдау көрсетіп, қазақ зиялыларының газет-журналдар шығару ісіне демеушілік жасады. Бұл сол кезеңдердегі қазақ сахарасының рухани жаңғыруы, келешекке жасалған кемел қадамдардың бірі болатын. 

Жеке кәсіпкерлер әлеуметтік жобаларға белсене атсалысуда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» бағдар­лама­лық мақа­ласында «...Қамқор­лық жасағысы келген кәсіпкер­лерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек», деп өткен тарихтағы өрелі істерді өз кезегінде қайта жаңғыртуға шақырған болатын. 

Дегенмен қомақты қаража­тына мектеп салып, игі істі мемлекеттің болашағына жұм­са­ғысы келетіндердің саны елі­мізде әлі де сирек. Оның басты себебі неде? Мүмкін олар қаражатты қайтарымы жыл­­дам салаға жұмсағанды жөн санайтын шығар? Алайда білім мен медицина саласына құйылған инвестициядан түсетін пайданың үлесі мер­зіміне қарамастан үлкен еке­нін ескергеніміз жөн. 

Жалпы, дамыған елдерге қарағанда дамушы елдерде білім саласына құйылған инвестициядан көбірек пайда түсетіндігі айтылады. Мысалы, Назарбаев зияткер­лік мектептері зерттеу депар­таментінің мәліметтеріне сүйенер болсақ, үздік зерттеу орталықтарының бірі Psacharopoulos (1994) анық­та­ғандай, Сахара шөлінің оңтүс­тігіндегі Африка елде­рінде мектепте алты жыл білім алу мемлекетке құйылған инвес­тицияның 13,5%-ын қай­тарады, Латын Америкасы мен Азия мектептерінде сегіз жыл­дық оқу сәйкесінше 12,5% және 9,5% пайда түсіреді. 

Одан бөлек Montenegro мен Patrinos 2014 жылы әлемнің 139 елінде білім саласына құйыл­ған инвестицияның жеке адам­дардың пайдасына тиетінін салыстырмалы қайтарымдылық көрсеткіштермен талдаған. Есеп нәтижелеріне сәйкес, мектепте білім алудың бір жылына құйылған инвестицияның 10%-ы мемлекетке қайтарылады. Бұл көрсеткіштер білім саласына мемлекет құятын инвес­тицияға ғана емес, жекелеген кәсіп­керлердің болашаққа бөлетін қаржысына да қатысты екенін айта кеткен жөн.

Зерттеулерде талданған елдер­дің барлығында бастау­ыш білім беру саласына жұмсалған инвестициядан қайтарымның көп екендігі анықталған. Бұл тренд жеке кәсіпкерлерді жер-жерде ор­та білім беретін мектептер құрылысын бастап кетуге жетелейтіндей. Қайткен күнде барлық нәтиже білімге құйыл­ған қаржы үкіметке қарағанда жеке адамдарға көбірек пайда түсіретіндігін көрсетеді. 

Бұл ретте еліміздегі мемле­кет-жекеменшік әріптестігі қағи­датының орны ерекше. Бүгінде ел экономикасын жа­ңа белеске көтеруге, оны әр­­та­раптандыруға және кәсіп­керлерді ірі инвес­тициялық жоба­ларға тарта отырып, мем­ле­кетпен бірлесе бизнесті жаңа өрістерге шығаруға септесетін үлкен жобалардың бірі мемлекет-жекеменшік әріптестігін қалталы азамат­тардың қаперіне қайта-қайта салып отыруымыз керек. Бюд­жеттің қарымы жете бер­мейтін, әсіресе маңызы зор әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту қажеттігін Ел­басы сөйлеген сөздерінде, өңір­­­лерге сапарлардағы жүз­­­десулерінде үнемі айтып келеді. «Жекеменшік инвести­ция­ларды тарту жөнінен мем­лекет-жекеменшік әріп­тестігі тетігі орасан зор әлеует­ке ие болып отыр. Біз Қазақ­станда бұл тетікті іске қостық, бірақ та ол озық әлемдік прак­ти­каға сәйкес жетілдіруді талап етеді», деген болатын Мем­лекет басшысы. Енді бірде кәсіп­керлермен кездесуінде Пре­зидент «біз сіздерге күр­делі өз кәсіптеріңізді жандан­дырып, аяқтарыңызға тұрып кетуге көмектестік, қол­дау көрсеттік, енді шаруа­ла­ры­ңызды өрістетіп, дәулет­теріңізді молайтқан тұста мем­лекет те сіздерден экономиканы қарышты дамытуға көмектесулеріңізді талап етуге құқылы», деген ұсынысын білдірген еді.

Әрине барлық кәсіпкер бұл сөзге бей-жай қарап жатқан жоқ. Мысалы, былтыр Ақмола облысында Сара Матайбаева есімді кәсіпкер ауылда мектеп құрылысын бастаған. Мек­теп салуға 350 миллион теңге бөлген кәсіпкер жайлы жа­қында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Біздің облыстың тұрғын­дары Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақа­ласын өте жылы қабылдады. Менің ойым­ша, ақмолалықтар  «Туған жер» бағдарламасына ерекше ден қойған секілді. Көптеген адамдар, меценаттар өзінің туған ауылдарына пайда ти­гі­зуге асықты. Мен осыған дейін де біршама сандар мен адам­дарды атаған едім. Ондай адам­дар мені тамсандырады да таңғалдырады», деді өңір әкімі.

Сара Айтжанқызының берекелі бастамасы бұрын­ғы­ның Мамания мектебін еске түсіреді. Оның Қосшы ауылында өндірісі жұмыс істеп тұр. Ең бастысы, С.Матайбаеваны ешкім көндіруге тырыспаған. Ол Президенттің бастамасын іліп әкетіп, «Мен Қосшыда мек­теп тұрғызғым келеді. Қосшы – әлі күнге дейін үш ауы­сымды мектептері бар елді мекен» деген. Кәсіпкер біз жоғарыда айтып өткен мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тігі негізінде өз қаржы­сын ұзақ мерзімге инвести­циялап отыр. «Қазына» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігі директорының бұл қада­мы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық.

Дәл осындай өнегелі істің өзегіне қан жүгіртіп, көпке үлгі болған Германия азаматы Александр Лоренцаның есімін де ел жақсы білуге тиіс. Осыдан бірер жыл бұрын Гер­маниядан тарихи Отанына оралған азамат білім күніне орай 8 млн теңгенің білім ордасын ақмолалықтарға сыйға тартқан болатын. Аталған жо­ба да жекеменшік қаржы есебінен іске асырылды. Ақ­мола облысының тұрғыны, Германия азаматы А.Лоренца тарихи Отанына оралғаннан кейін кәсіпкерлікпен айналысады. Бүгінде ол «Шаңырақ» басқарушы компаниясы» ЖШС директоры, «Capital Projects LTD» ЖШС құрылтайшысы. 

Жалпы, өз қаражатына бала­бақша, басқа да ірі-ірі ны­сан­дар салып жатқан кәсіп иелері аз емес. Десек те, мек­теп­тің орны мемлекет үшін өте өзекті еке­нін біл­ген дұрыс. Әрине бұл жерде өз қа­ражатына білім ошағын коммер­циялық бағыт­та тұр­ғыз­ғандардың жайы бір басқа. Ондай мектептерде оқи­тын оқушылардың да, ата-ана­ларының да контингенттері қарапайым бұқарадан бөлек екені рас. 

Бізге қазіргі таңда қазақтың қарапайым отбасынан шыққан талабы мен таланты зор балаларына дәрісханасы жайлы, оқытушылары озық, ойлы мамандармен жасақталған мектептер қажет. Бұл еліміздің білім сапасының артуына, демо­графияның қалыпты өсуіне бірден-бір платформа болары анық. Аталған үрдіс және қазақ қоғамына бүгін ғана келген келелі іс емес, осы­дан кемі бір жарым ғасыр бұрын Алаш идеясының жолында асыл қазыналарын асқақ мұраттарға жұмсаған қазақ байларының байсалды көшінің жалғасы екені көрініп тұруы шарт.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»