12 Желтоқсан, 2011

Алтын ғасыр

2848 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Декларацияның қабыл­да­нуы­ – еліміздегі маңызы зор оқиға

Тәуелсіз ел болып өткізген жиырма жылда қазақ жұртының ержеткендігінің, бейбітшілік бесігін тербеткендігінің айғағындай бо­лып Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің жи­ырма жылдығы декларациясы қабылданып отыр. Қашанда замана талабына сер­гек қарайтын Қазақстан Рес­пуб­­ли­касы Парламенті Сена­ты­ның бейбітшілік пен жасам­паз­дық жыл­да­ры­ның жемісіндей бұл тарихи құжатты қабылдауы елдің сенімінен шықты. Жиырма жыл­дың бедеріндегі бас бар­мақ­пен бағала­на­тын жетістіктеріміз сараланған бұл Декларацияның жөні де бөлек, маңызы да ерекше. Әлі есімде, 1990 жылы 25 қа­занда Мемлекетіміздің егемендігі туралы декларацияны қабыл­да­дық. Сол декларацияда еліміздің келешегін айқын­да­дық. Тәуелсіз ел боламыз деп тәуе­кел­дің қайығына міндік. Көп ұза­май 1991 жылдың 16 жел­тоқ­са­нын­да Тәуелсіздік дек­ла­ра­циясы да қа­былданды. Мұндағы басты мақсат – бүкіл дүние жү­зі­не Қазақстанды дербес тәуелсіз ел ретінде паш ету еді. Біз сол елі­міздің Тәуелсіздігі ту­ралы тарихи декларацияны кешкі сағат 18:14-те қабыл­дасақ, жар­ты сағат өтпей жатып Түркия мемлекеті Қа­зақстан Республикасының тәу­ел­сіздігін таныды. Одан кейін Румыния, ал бір айдан соң Америка Қазақстанды толыққанды тәу­­ел­сіз мемлекет ретінде та­ны­ды. Бұл – отандық диплома­тия­мызда аса жоғары бағаға ие болар тарихи оқиға. Кейбір мемле­кет­тердің өз тәуелсіздігін әлемге 10-20 жылдап жүріп әрең мой­ын­да­та­тынын көріп те жүрміз. Дүниенің төрт бұрышын тіреген, әлемді аузына қаратқан, Мәңгі ел орнатуды мұрат тұтқан, Тәңіріден жаралған байырғы түрк қағандарының аңыртасқа қашап жазған: «Биікте көк Тәңірі, төменде қара жер жарал­ған­да, екеуінің арасында адам бала­сы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Түрк халқының ел-жұр­тын қалыптастырған, иелік еткен. Дү­ниенің төрт бұры­шы соларға қараған, ашты тоқ қылған, жалаңаш елді киіндірген», деген сөздер ел жадынан ешқашан шықпайды. Осыдан он үш ғасыр бұрын бөрілі байрақ көтеріп, күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, Мәңгі ел орнатамыз деп шарқ ұрған бабалар ерлігі үшінші мыңжыл­дық­тың басында қайта жаңғырды. Тәңірі жарыл­қап тәуел­сіздік ал­дық. Бұл бұрын қазақ-қазақ бол­ғалы ел тари­хын­да болмаған оқи­ға еді. «Мың өліп, мың тірілген» халқымызға армандаған азат­тық таңы талық­сытып барып жетті. Бұл жолда талай қан төгі­ліп, бозым боз­дақ­тар қыршы­ны­нан қиылды. Тәу­ел­сіздіктің баға жетпес құнын Елбасы Н.Назарбаев бір сө­зінде: «Қазақстанның тәуелсіздігі азат­тық үшін алысқан мың-мыңдаған аза­мат­тардың қасиетті қаны­ның өтеуі. Бұл бүкіл тарихында өзгелерге қиянат жасау дегенді білмеген халқымның пейілінің қайтарымы», деп әділ бағалап берген болатын. Сан ғасырлар бойғы бабаларымыздың ар­манына бұрын мемлекет орнатудың тәжіри­бесі болмаған елде, даму жолының өнегесі болмаған жерде, бұрын-соңды қазақ басынан кешпеген бақытты кешіп, солар сезіп-білмеген жауапкер­шілікті қалың елдің ішінен суы­рылып шығып мойы­нына алған, өз тағдырын елі­нің тағды­ры­мен тұтастырған, қараша жұр­тының үнемі үзіле берген үмітін жал­ға­ған асыл азаматымыз – халқының қаһарман перзенті Н.Назарбаевтың арқасында қол жеткіздік. Бодандықтан босап, тәуелсіздікпен қау­ыш­қан сол ызы-қиқы кезде мен Н.На­зар­баевтың елді апатқа ұшыратып алмай, аман алып шығудың амал-әрекет­те­рін іздеп шарқ ұрған, елі үшін түн ұйқысын төрт бөлген ма­засыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болған, жан тебіренісін де, күйзелі­сін де көр­ген адаммын. Жан-жақтан анта­ла­ған тұста жа­нында болған, ерліг­ін, қайсар­лығын, тәуе­кел­шілдігін көзіммен көрген, елі үшін ат­қар­ған ерен еңбектерінің куәсі болған адаммын. Шамам келгенше қолғабыс тигізген кісілер­дің бірімін. Арпалысқан, аласапыран кезеңде үйреніскен қалыпты жүйенің астан-кес­те­ңі шығып жатқан, алда не боларын біл­­мей жұрт сасқалақтаған уақытта Н.На­зарбаев қай­мық­пай қол бастады, тар кезең­нен даңғыл жол тапты. Н.Назарбаев ел тізгінін алмағайып, аума­лы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Та­рихтың да, тағдырдың да сыны­нан абы­рой­мен өтіп, халқын да қыл кө­пір­ден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты. Тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры туралы ойлау – Президентіміз туралы ойлаумен са­бақтас. Бағы тайған қазақтың есесін қайта­рып, қабырғалы ел етіп, осыншама құдіретті жасап беріп отырған Елбасының кемең­гер­лігі туралы қалай айтсақ та жарасады. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың мемлекеттігімізді қалыптастыру, оны орнықтырып, баянды ету жолындағы ора­сан зор еңбегін тарихтың еншісінен енді ешкім бөліп ала алмайды. Бұралаң-бұл­та­ры­сы көп шырғалаң жолдан елімізді аман алып шығып, жоқты бар, барды көл қылғандай бүгінге жеткізген Елбасының салиқалы да сындарлы саясаты. Құдайға шүкір, Егеменді, Елбасылы, Елордалы, Ақордалы мемлекет болып, еңсемізді көтергенімізге де 20 жыл­дың жүзі болды. Қазақстан бүгінде әлемнің алғашқы елу мемлекетінің қатарына еркін еніп, дүние жүзіндегі қарқынды дамып келе жатқан экономикалар үштігінен берік орын алып отыр. Міне, осының барлығы Тәуел­сіздіктің 20 жылдығы Декларациясында жан-жақты көрініс тапқан. Кезінде әлемді аузына қаратқан үлкен Буш: «...қазіргі жас саясаткерлердің ішінен На­зарбаевты атар едім. Оның басқалардан айыр­машылығы – көріпкелдік қасиеті бар», деген еді. Қазір осы сөздердің шүбәсіз ақиқат екендігіне көзіміз толық жетіп отыр. Шынтуайтына келгенде, Нұрсұлтан Назарбаев – тарих толғатып туған ғасыр­дың тұлғасы, елінің жанын ұғатын, хал­қын замана көпірінен аман өткізіп келе жатқан қам­қор­шы, еліміздің дарынды ұй­ымдастыру­шы­сы, көреген бас­шысы, нарықтық экономи­ка­ның терең білгірі, кекшіл емес, тек­шіл; жікшіл емес, көпшіл; жұртты сендіре де, иландыра да алатын, өз елім менің – өзегім дейтін Азамат. Назарбаев – әлем мойын­даған бүгінгі за­манның лидері; тумысынан кие дарыған қай­раткер; табанды кү­рес­кер; гуманист, туған халқы­ның Бәйтерегі, Көсемі, Ке­мең­ге­рі, Қа­һар­маны. Көк түрктің кіндігінен жаралған­дар­­дың ішінен озып туғаны да, түрк тектес ха­лықтардың көшбасшысы. Елі­нің аманатын арқалаған тірегі, ал­тын діңгегі. Бәріміз жақсы білетін Елбасы, міне, осындай адам. Бүгінде Қазақстан халық­ара­лық сая­сат­тың жәй қатысушысы ғана емес, белсенді ық­пал жа­сай­тын елдердің қатарына қосыл­ды. Бұрын әлем Қазақстанды көп мемле­кет­тер­дің бірі ретінде ғана білсе, ХХІ ғасырдың оныншы жылынан бастап дүние жүзінің тәуелсіз мемлекеттерінің төрттен бірінің төрағасы ретінде таныды. Міне, Декларацияда осы ай­тыл­ған мәсе­лелер де толығымен қамтыл­ғанын көреміз. Қабылданған Декларацияның еліміздің еңселі елордасын айналып өте алмайтыны да түсінікті. Осы орайда мынаны айтқан жөн. Тәуелсіз мемлекет орнатып, оны әлемге мой­ын­датқан, бір мүшел жастың айналасында Астанасын салып, айдай әлемге әйгілеген Қазақстанның жаһандық саясатта жұлдызы жанып, алты құрлықты алаламай ынтымаққа шақырып, шартарапқа шуақ шашып, үлгі көрсетіп жатқанына күллі әлем қызығып та, қызғанып та қарайды. Тарихқа шегініс жасасақ, Қазақстан үшін өз тәуелсіздігін алар тұстағы халықаралық аренадағы алғашқы елеулі оқиға Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Семей ядро­лық полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту болды. Бұл жаппай қарулануға жан­таласып жатқан заманда ешбір мемлекет басшысының ойына келмеген тең­десі жоқ айрықша шешім еді. Мұндай нар тәуе­кел­ге бір басының бақытын байтақ елінің бола­шағымен бай­ланыстырған кемеңгер тұлға ғана бара алатыны сөзсіз. Жас тәуелсіз мемлекеттің басшысы осы­лайша әлемге адамзаттың жаңа ұрпағы, мүл­дем жаңаша ой­лау жүйесі келгенін паш етті. Сөйтіп, Н.Назар­баев дау-жанжалсыз әлем құру, Батыс пен Шығыс арасында жылы қарым-қатынас орнату, келісімге шақыру идеясын ұсынды. Мұндай құнды идеяның әлемдік қоғамдастықтан қолдау табуы заңды еді. Содан бері бүгінгі күнге дейін Қазақстан адамзат тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш әрі жалғыз ел болып келеді. Мұны халқының болашағы үшін қандай да тәуекелге барып, алтын басын бәй­геге тігіп жүрген Н.Назарбаевтың қайта­лан­бас ерлігі десе болады. Иә, қабылданған Декларацияда да атап айтылатындай, ерте ме, кеш пе, түптің тү­бін­де адамзат баласының ақылы жетіп, жаппай қырып-жоятын жойқын қарусыз өмір сүретін мамыражай заманға да жетер. Ол заманды біз көрмесек те ұрпағымыз көрер. Қай кезде де, қай заманда да осы істің басында қазақ хал­қының перзенті, Елбасы Н.Назарбаевтың тұр­ғанын адамзат әрқашан еске алатын болады. Кез келген мемлекеттің қауіпсіздігі мен ор­нық­ты дамуының ең маңызды факторы – терри­ториялық тұтастық пен шекарасының беріктігі. Тәуелсіздік алған соң біздің де алдымызда мемлекеттік шекарамызды нақ­ты­лау, кезек күттірмейтін мәселе болды. Еліміздің Президенті сыртқы саясаты­мыз­дың тұңғыш тұжырымдамасын жасады. Кең бағдарламалы тұжырымдаманың басты бө­лі­мі – көршілес мемлекеттермен шекарамызды анықтау болды. Мұның қаншалықты ма­ңыз­ды екендігін өзінің сан ғасырлық тарихында ұзына бойы 12 мың шақырымдық шека­ра­сын тұңғыш рет шегендеген қазақ халқы өте жақсы біледі. Қазір Қазақстанның барлық көрші мемлекеттермен шекара мәселесі шешіліп, іргесі қымталды. Сөз ретіне орай Декларацияға жүгінсек, онда қауіпсіздік пен шекара мәселесіне орай былай делінеді: «Республикамыз 20 жыл ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді... Қазақстан өзінің мемлекеттік шекарасын заңдық тұрғыдан ресімдеу мен межелеу жөніндегі мәселелерді түпкілікті шешті... Шекарамыздың шегенделуі мемлекетіміздің дұ­рыс бағыттағы халықаралық саясатының және Қазақстанның Тұңғыш Президенті      Н.­Ә.На­зар­баев­тың тікелей жеке беделі мен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды...». Адам баласы жаралғалы бері дінбасыла­ры, әлемдегі дәстүрлі дін өкілдері бір дас­тар­қан басын­да бас қосқан емес. Н.Назар­баевтың көрегендігінің арқасында, табанды қайраткерлігінің нәтижесінде бұл тарихи іс те Еуразияның жүрегі атанған Аста­нада жүзеге асты. Адам ата-Хауа анадан тараған әлем халқының өзара түсіністік жағдайында тату-тәтті өмір сүруіне батыл қадамдардың бірі осылайша Астанадан бастау алуда. Әлемдік деңгейдегі дуалы ауыз сая­сат­кер­лердің дені Біріккен Ұлттар Ұйымының қазақстандық үлгісі деп атап жүрген Қа­зақ­стан халқы Ассам­блеясы да өз жемісін беріп келеді. Әлемде баламасы жоқ бұл тәжірибені дүние жүзінің барлық мемлекеттері пайдалану керек деген тұжырымды Батыс пен Шы­ғыстың көптеген саясаткерлері жарыса айтуда. Тілі бас­қа болғанмен тілегі бір, діні басқа болғанмен ниеті бір сан халықтың өкілдерін негізгі мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына топтастырып, ұйыған сүттей ынтымақта ұстап отырғанын Елбасы Н.Назарбаевтың шын мәніндегі кең жүректі кемеңгерлігі деп әлем мойындайды. Діндер шайқалса – әлем шайқалады. Онда дін қасиетіңе емес, қасіретіңе ай­налады. Ас­танада Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­­шы­ларының үш бірдей құрылтайы дүр­кі­реп өтті. Дүние жүзі дін басшыларын Аста­наға жинап, әлем тыныштығын әлпештеп отырған Президентімізден айналсақ та болады. Елбасы адамзат баласының өркениет көшінде өзінің мүлде жаңа даңғыл жолын салды. “Қазақстан жолы” – бұрын-соңды әлем­нің бірде-бір мемлекеті жүрмеген жол. Қарыштап даму жолы әлем сарапшыларына “Қазақстан жолы” деген нақты атаумен та­нымал Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысын да алғашқылардың бірі болып еңсерді. Қазақ елінің Сарыарқа төсіндегі елор­да­сы – Астана бүгінде қордалы мәселелерді талқылайтын ынтымақтастықтың алаңына, бітімгершіліктің ордасына айналды. 56 елдің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының үшінші мың­жыл­дықтағы, ХХІ ғасырдағы Саммиті 2010 жылы Қазақстан­ның төрағалығымен Астанада өтті. Әлемнің небір маңғаз басшылары бо­сағамызға маң­дайын иіп келіп, Елбасы­мыз­ға қол бергенде бәріміздің де көзімізге қуаныштан мөлтілдеп жасқы келді. Астана саммиті жаһандық сая­сатқа «Астана рухы», «Еуразиялық қауіп­сіздік» деген жаңа ұғым­дарды енгізді. Тегінде, халықаралық ұйымдарға төраға­лық Қазақстанға не береді дегенде, тарихшы ғалым, француз академигі Элен Каррер д Ан­костың: “ЕҚЫҰ төрағалығы арқылы Нұр­сұл­тан Назарбаев өзінің еліне жалпыұлттық танымалдылық әкелді және оның сабақ­тастығы мен тұрақтылығына кепілдік берді”, дегенінен асырып не айтуға болады. Иә, расында да, Қазақстанның төрағалығы әлемге ең алдымен – ұлтаралық, дінаралық, тіларалық келісімнің үлгісін паш етті. Биылғы жыл еліміз үшін өз тәуелсіздігі­нің 20 жылдық мерейтойы жылы және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына да байсал­ды төрағалық етіп отырғандығымен ерекшеленеді. Осылайша Батыс пен Шығыс­тың ортасына алтын көпір салып отырмыз. Бұл мәселе Декларацияда да нақты қам­тыл­ған. Еліміздің қысқа уақытта жеткен жетістіктерін басқалармен салыстыратын болсақ, мәселен, табиғи байлығы мол Оңтүстік Америка құрлығындағы елдердің бодандықтан құтылған бір ғасырдан астам уақыттағы даму жолын Қазақстан небары жиырма жылда жүріп өтті. Елбасы саясатының алтын ар­қауы, басты өзегі – ел бірлігін сақтау. Мемлекет рәміз­де­рі­нен бірде-бір кем ұстамайтыны, қайта-қай­та аузынан тастамайтыны – елдің ынтымағы мен бірлігі. Билікті қолына алған сәттен бас­тап осыны саясатының туы етіп ұстап келеді. Президентіміз 2003 жылдың көк­те­мінен ешбір елде жоқ “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Бұл бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі қарқын алып келеді. Дүниенің төрт бұрышына шашылып кеткен, жоғалған, қолды болған, уақыт топыра­ғына көміліп қал­ған, шетел асып кеткен небір ғажайып жә­ді­герлер қайтып оралды. Сақ пат­ша­лары­нан қалған сары алтындар әлем жұрт­шы­лығының көзайымына айналуда. Ұлты­мыздың ұмытылып, жоғала бастаған рухани құндылықтарын іздеп тауып, барын базарлап, жүйеге түзіп, халықтың күнбе-күнгі қа­же­тіне жаратуға тәуекел жасалды. Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының мәлі­меттеріне қарағанда, білім беруді дамыту индексі бойынша біздің еліміз соңғы үш жыл ішінде әлемдегі 129 мемлекеттің ара­сынан 4-орынға шықты. Яғни, осы көрсеткіш бойынша біз ТМД-дағы Беларусь (26-орында), Грузия (30), Қырғызстан (42), Өзбекстан (48), Украина (53) секілді ел­дердің алдына шығып отырмыз. Біз ендігі жерде осынау табысымызды еселейтін, елдің көшін өрге сүйрейтін кадр­лар­­дың намыс­шыл жаңа буынын – нағыз отаншылдарды, мемлекетшілдерді тәр­бие­леп шығаруы­мыз керек. Декларацияда атап ай­ты­латынындай, ендігі жерде бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат тәуелсіздікті қа­лай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайт­сек көгертеміз деп ой-санасын қамшылауы керек. Ел экономикасының қарыштап дамуы – ха­лықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуі­нің кепілі екені анық. Халықтың тұрмысы түзелген сайын ой-санасы мен жетер жетістіктері, арман-тілектері мен алға қояр мақ­сат-міндеттерінің аясы да кеңи түсетіні белгілі. Ал әр адам – Отанының жүрегі, өзінше бір тірегі екенін ескерсек, бүкіл бір мем­лекеттің өсуі, өркендеуі, оның әр азаматына тікелей байланысты екені сөзсіз. Арғы-бергі заманда қазақтың басына мұндай бақ қонған жоқ. Құдайшылығын айту керек, қазақ халқы ешқашан қазіргідей мамыражай өмірді де басынан кешкен емес. Әр халықтың, әр мемлекеттің даму жолында алтын дәуір деген болады. Қазақ халқы қазір сол алтын дәуірді басынан кешіп отыр. Алтынды аяққа теппей, барымыз бен бағымызды бағалай білгеніміз, жақсы менен жаманды саралай білгеніміз жөн. Тәуелсіздікті көрген, оның баянды, жемісті жылдарының куәсі болған біз қатарлы аға ұрпақ та бақытты. Отанымызға қолы­мыз­дан келгенше қызмет етіп келе жатқанымыз да бақыт. Осы бақытты бәрімізге сыйлап отырған – Елбасы, оның теңдесі жоқ қа­һармандығы, заманынан озып туған кемең­гер­лігі. Баянды болсын Ел мен ердің бақы­ты! Ержеткен еліміз, еңселі еріміз аман болсын! Осылай шалқыған көңілім бір сәт Жам­был бабамша жырлатып та жібереді: Заманның таптың амалын, Ескінің бұздың қамалын, Есігін аштың даланың, Қақпасын аштың қаланың, Сәулесін шаштың сананың, Қабағын аштың ананың, Бақытын аштың баланың, Жарқырады жанарым. Жібектей жайнап жамалым, Соғады желпіп самалым, Кіргіздің елдің ажарын. Түзелді, міне, заманым, Бұғаулы жұрттың бұрынғы, Көріңдер еркін адамын. Тарқамасын базарың, Ортаймасын қазаның. Биіктей берсін байрағың, Ерекше туған қарағым!   Ел үшін тыным таппаған, Ел сенімін ақтаған. Ынтымағын сақтаған, Бәйгесін күнде баптаған. Қазақтан туған Қаһарман, Шалдықпайтын ақтабан. Берік болсын босағаң, Қолдай берсін Жасаған! Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.