12 Желтоқсан, 2011

Бабалардың ақталған аманаты

430 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Егемен мемлекет құруды біздің хал­қы­мыз ғасырлар бойы армандаған бола­тын. Қазіргі кезде қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын парақтары жазылуда. Халқымыздың ең ұлы мақ­сат­тарының бірі – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру бол­ды. 1991 жыл­ғы 16 желтоқсанда «Қа­зақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конститу­ция­лық заңы қабыл­данып, еліміз дербес даму жо­лына түсті. Біз өз Отанымызды, өз та­ри­хы­мызды, өз өмірімізді шын мәнінде қайта түлеттік. Өзі­міздің ішкі және сыртқы саясатымызды дербес жүргізіп, біз үшін мүлдем жаңа әрі ашық қоғамның есігін аштық, дербес мемлекет ретінде демо­кра­тиялық, зайырлы елдің заңдық негіздерін құрдық. Осыдан жиырма жыл бұрын беймаза күй кешкен бұлыңғыр күндердің келбеті бәрі­міздің көз алдымызда. Қазақстан алыс бо­лашаққа бастайтын беташар жолдың ба­сын­да тұрған болатын. Елбасы, Қазақ­стан Республи­ка­сының Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан На­зар­баевтың саяси ерік-жігері мен батыл ше­шім­дерінің арқасында бүгінгі бір­лігіміз ж­а­расқан, ынтымаққа ұласқан күндерге жетіп отырмыз. Тәуелсіздіктің жиырма жылында біздің еліміз елдікті нығайту мен әлеумет ахуалын жақсартуда ауқымды жетістіктерге жетті. Егемендік жолындағы күресте Қазақ­стан басшылығының алға қойған мақсаты – республикадағы барлық халықтардың мейлінше толық саяси, әлеуметтік және рухани дамуын қамтамасыз ету, аза­мат­тардың өмір сүруіне лайықты жағдайлар жасау бол­ды. Бүгінде ол мақсат толы­ғы­мен орын­дал­ғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Дегенмен, біз бір орында тұрып қалуға тиіс емеспіз. «Қазақстан-2030» даму стра­те­гия­сында еліміздің ертеңгі күнге жасалған нақты қадамдары белгіленді. Біз даму қар­қы­нын үдете түсіп, әлемдегі алдыңғы қа­тар­лы ел­дердің са­пынан кө­рінуді мақсат етіп отырмыз. Қа­зақстанның әлемдегі бәсе­кеге қабілетті елу елдің қатарына кіру және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жөніндегі Президенттің халыққа жол­дауларындағы биік міндеттер бәрімізге ортақ межелерді белгіледі. Бүгінде Қазақстан күллі әлем алдында экономикалық қуаты үлкен, болашағы зор мемлекет ретінде танылды. Қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты, келешегі сенімді елге айналған Отанымыздың халқы ең алдымен бірлікті қастерлейді, қоғамдық келісімді құрмет тұтады. Елбасы айқындап берген, дәл әрі жан-жақты ойластырылған стратегиялық бағыт­тың арқасында, тарихи тұрғыдан қысқа мерзімде Қазақстан демократиялық саяси жүйе­сі, тұрақты экономикасы және дамыған азаматтық қоғам институттары бар табысты да қуатты мемлекетке айналды. Әлеуметтік-экономикалық өсудің және халықтың әл-ауқаты деңгейі артуының жоғары көрсет­кіштеріне, ішкі саяси тұрақтылыққа, сон­дай-ақ халықаралық қоғамдастықта еліміз­дің жоғары рейтингіне қол жеткіздік. Жиырма жыл ішіндегі Қазақстанның даму нәтижелерін Отанымыздың жоғары та­быстары барынша айғақтап отыр. Сонымен бірге, өрлеу жолында, демократиялық, шы­найы құқықтық мемлекетті одан әрі ны­ғайту барысында ауқымды шаралар қабыл­данып, түбегейлі реформалар іске асырыл­ды. Осы жылдардағы еліміздің қол жеткен табыстары 10 желтоқсанда Парламент қа­был­даған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы деклара­циясында егжей-тегжейлі жазылды. Бұл Дек­ларация – замандастарымыз бен бо­лашақ ұрпаққа арналған саяси-құқықтық сал­­танатты құжат. Құжатта Қазақстанның дербес даму жо­лындағы қол жеткен ең басты жетістіктері нақты көрсетілді. Яғни, осы жылдары не істелді, қандай жетістіктермен мақтана аламыз, алда қандай міндеттер тұр деген сауалдарға жауап берілді. Декларация жиырма жылда Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылы­ғы­мен қол жеткізген жетістіктеріміздің зор ауқы­мын әр азаматтың сезінуіне ықпал ететін болады. Құжатта Тәуелсіздік алудағы және оны нығайтудағы, экономикалық, саяси даму­лар­дағы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың ерекше рөлі айқындалған. Бұл Декларация біздің тәуелсіздігімізді сақтауға және оны нығайтуға шақырады. Барша қазақстандықтарды өзінің мемлекетін сүюге, сондай-ақ оның игілігіне еңбек етуге шақырады. Дербес даму жылдарында біздің еліміз тәуелсіздікті жариялаудан бастап нақты егемендік арасындағы жасампаздық жолынан өтті. Өтпелі кезеңнің барлық қиындықтары мен сынақтарынан сәтті өткен еліміз бүгінде бүкіл әлем құрметтеген қуатты мемлекетке айналды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында Қа­зақ­стан азаматтары осы тарихи оқиғаға куә болғанымен ғана емес, тәуелсіздікті тікелей орнатушысының бірі болғанын да мақтан етуі тиіс. Шын мәнінде, Декларация мәтіні Пар­ламенттің қос палатасы депутаттарының ұжымдық еңбегінің нәтижесі болып табы­ла­ды. Басында оны Палаталардың бірлескен оты­рысында қабылдау жоспарланған бо­ла­тын. Палата Төрағаларының, яғни менің және Орал Мұхамеджановтың тапсырмасы бой­ын­ша Сенат және Мәжіліс депутаттарынан, қос аппарат қызметкерлерінен Жұ­мыс тобы құрылды. Онда негізгі мәселелер қам­ты­лып, құжаттың құрылымдық және маз­­мұн­дық бөлігі әзірленді. Жұмыс ба­рысында мемлекеттік органдардан көптеген ұсы­ныстар түсті, оның ең құндыларын біз ескердік. Мен Декларацияда көрсетілген бірнеше мәселелерге тоқталғым келеді. Бұл, бірінші кезекте, көпұлтты Қазақстан халқының бірлігінің көрінісі. Біздегі ұлтара­лық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің үлгісін халықаралық қоғамдастық мойындап отыр. Біздің елімізде тұратын ұлттардың бейбітшілігі мен келісімі – қоғамның мәдени тұрғыда баюы мен өркендеуінің көрінісі. Одан әрі айтар болсақ, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, оны қорғау және нығайту жүйесі жасалды. Тәуелсіздіктің бастауында Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қа­зақ­станның тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтаудан маңызды міндет жоқ», деп әрқашан қайталап айтып отырды. Қазақстан мемлекеттік шекараны шегендеу және оны заңды түрде рәсімдеу мәселелерін толық шешті. Жалпы ұзын­дығы 14 мың шақырым болатын шека­ра­мызда тату көршілестік белдеуі жасалды. Нарықтық экономикаға көшу бағдар­ла­ма­сы іске асырылды, экономикалық тәуелсіздік­тің негіздері нығайтылды. Мәселен, тек бір ғана мысалды алайық. Осы жылдары ішкі жалпы өнім халықтың жан басына шаққанда 12 еседен астам өсті. Тарихта тәуелсіз дамудың бірінші 20 жылында бірде-бір ел мұндай көрсеткіш­терге қол жеткізбеген. Келесі атап өтуге болатын жетістік – Қа­зақстан әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесіне айналды. Біздің еліміздің халық­ара­лық бастамалары әлемдік қоғам­дас­тықта жоғары баға алуда. Еліміздің 2010 жылы Еуропадағы Қауіп­сіз­дік және Ынтымақтастық Ұйымына та­бысты төрағалық еткені, осы ұйым Сам­митінің Астанада өтуі – Қазақстанның жаңа тарихындағы дәуірлік оқиғалар болып табылады. Енді әлемдік саясатта Еуразия қауіп­сіздігі және Астана рухы деген жаңа ұғымдар пайда болды. Декларацияда тағы бір атап көрсетілген табысымыз – Тәуелсіздік жылдары қысқа мерзімде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың шешімімен және тікелей басшылы­ғы­мен жаңа Елорда – Астана қаласы салынды. Астана – біздің Президентіміздің жүзеге асқан арманы, төл перзенті деуге болады. Қазақстанның болашағы – Астананың келешегімен тығыз байланысты, өйткені ол – барша қазақстандықтардың мақтанышы мен ел бірлігінің айқын белгісі. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланды. Аса маңызды бұл шараның Жалпыұлттық жоспары бекітіліп, мемлекеттік комиссия құрылды. Жалпыхалықтық жауапты іс баршаның біріге қимылдауымен іске асады. Елбасы оны жүзеге асыруда Үкіметке инвесторлардың, бизнес-қауым­дас­тықтарының, қазақстандықтардың кү­шін біріктіруді тапсырды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Жолдауында осы ерекше жылдағы басымдықтар белгіленді. Қазақстан Республикасының жиырма жылдық мерейтойы «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ 20 ЖЫЛЫ» ұра­нымен өтіп жатыр. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жо­лының – БОСТАНДЫҚ, БІРЛІК, ТҰРАҚ­ТЫ­ЛЫҚ, ӨРКЕНДЕУ секілді негізгі құн­дылықтар берік қалыптасты. Қазақстан деген ұлан-байтақ өлкені мекендеп жатқан бар­ша ұлт пен ұлысқа ең қымбатты осы қа­рапайым да қастерлі қағидаларды бүгінгі адамдар да, келер ұрпақ та құрметтеп қарап, қадірлеуі тиіс. Бұл – барша қазақ­стандықтардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, жаңа жеңістерге, жоғары та­быс­тарға, биік межелерге шақырады. Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.