Руханият • 07 Маусым, 2018

Мың бірінші мүмкіндік...

638 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ қайтсе қалады қазақ болып?!.  Біз үшін бүгінгінің басты сауалы осы. Елбасының рухани жаңғыруға қатысты мақаласы да  Қазақ елінің болашағымен,  ұлттың рухымен астаса өріліп жатыр.

Мың бірінші мүмкіндік...

Мемлекет басшысының «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» деп айтатыны  да сондықтан.

 «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген. Жөргегімде таныстым мұң тілімен» деп ақиық ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, тарих сахнасына шыққалы бері қазақ жұртының көрген қияметі, бастан кешкен ашаршылық пен қуғын-сүргіні аз болған жоқ. «Мың өліп, мың тірілгені» де сол.  Әйтеуір Жаратқан ием жар болып, «жылағанда жүрегі, күн тұтылған» шақтарының өтеуі ретінде аңсаған арманына – азаттыққа қол жеткізді.  «Қуанғанда, күлкісінен түн түрілген» сәт өткен ғасырдың соңында, 1991 жылдың 16 желтоқсанында туды. Жұбан айтқан «Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең «Қазақ болу – зор бақыт» дер күн тіпті...» деген осы күн!

Одан бергі ширек ғасыр ішінде Қазақ елі төрткүл дүниеге танылды, өзінің бейбіт бастамаларымен жаһан жұртының назарын өзіне аударып, «бәрекелді» сөзін есітіп келеді. Бас қаланың төрінде халықаралық деңгейдегі мәселелер басқосу арқауына айналған талай-талай жиын өтті. Қазақстанның бейбітшілік жөніндегі қағидасына әлемдегі түрлі дін­дер өкілдері ден қойып, ынтымақтастық тұрғысындағы салиқалы да сарабдал сөзіне ұйыды. Астананың «бейбітшілік қаласы» атануы да  осындай  адамзат өміріндегі орны бөлек  шаралармен өрнектеледі.

Әйтсе де, бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен  қорғаған тоғызыншы территорияның һәм азаттықтың қадір-қасиетін толық түсініп, елдің тәуелсіздігін тұғырлы ету үшін алдымызда  атқарылатын шаруа шаш етектен. Тәуелсіздікті алу бар да, оны баянды  ету тағы бар. Кезінде жеке хандық құрып, өз алдына дербес ел болдық. Кейін бодандық бұғауына тап болдық. Алып мемлекеттердің әлімжеттігі осыған мәжбүрледі. Тарихтың сол бір қасіретті шежіресі қайталанбас үшін өткеннен сабақ алуымыз керек.

Ұлт қайраткері Амангелді Айталының төмендегіше айтқаны бар еді: «Ой жүйеміз, дәстүріміз, тілімізді Батыспен өлшеу, бірте-бірте оған сәйкестілік біздің ішкі өлшемімізге айналып барады».  Ұлт менталитеті туралы еңбек жазған ғалым бекер айтпайды ғой, ұлттың қазіргі бітім-болмысынан  жан-жақты хабардар болғасын айтады да. Осы тұрғыдан алғанда Елбасының  рухани жаңғыру туралы айтқан парасатты ойлары әрбір қазақстандықтың  темірқазық ұстанымына айналуы тиіс.  Басқалай айтқанда,  «бола­шақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады». Олай болса,  біздің төл идеологиялық иммунитетіміз басқа мәдениетпен бәсеке барысында қаншалықты оған қарсы төтеп бере алады, елдің тәуелсіздігін нығайту жолында қаншалықты жігерліміз, деген сауалдарға бе­рілген толымды жауап бәсекелестік қабіле­тіміздің биігі болатыны сөзсіз.

Грузиннің атақты  актері Вахтанг Кика­бидзенің елінің басына күн туған, ерлері етігімен су кешкен кезеңде айтқан мынадай сөзі бар: «...Жақсы бола ма, жаман бола ма, ол – сенің үйің. Ертең мен кетіп қалсам, көшеде ел танитын тағы бір өнер адамдары, спортшылар кетіп қалса... Халық есінен танады ғой...» Туған еліндегі қиындықтарға төзбей, «жұмақ» іздеп кеткендердің немесе екі ойлы болып жүргендердің санасына құятын-ақ сөз.  «Халық есінен танбас» үшін бар қиындықты жұртымен бірге көрген Кикабидзенің тағылымы нағыз ұлтын сүйетін тұлға екенін көрсетеді. 

Қазіргідей аласапыран кезеңде, елдің болашағы сынға түсіп отырған тағдыршешті уақытта ұлттың тұтастығы, халықтың бірлігі аса қажет. «Күштілерді  Күш бар ма екен, шіркін-ай, Әділеттің түсіндірер тіліне?» деп ақын Сабыр Адай жырлағандай,  күштілердің әмірі жүріп тұрған әлемде Алаш жұртына өз болмысын, ата жұртын, ділін, тілін сақтап қалу үшін күресу керек. Соңғы кезде әлемде болып жатқан оқиғалар, геосаяси қимылдар осыған мәжбүрлейді. Алаш жұртына алпауыт елдердің  құжат түрінде таңбаланған кепілдігі емес, ұлттың тұтастығы ғана жердің тұтастығына, тәуелсіздіктің баянды болуына  кепіл бола  алады.  Біздің мың бірінші мүмкіндік дегенді айта беретініміз де сол. Ол үшін Елбасы айтқандай: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа  – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне   мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді.

Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да та­рих­тың темір қақпанына түсеміз. Енде­ше, эволюциялық даму қағидасы әрбір  қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуы тиіс».

«Тарихтың темір қақпанына түспес» үшін әрбір қазақ  мың бірінші мүмкіндікті өз деңгейінде пайдаланып, еңселі елдіктің өнегесін көрсетіп, бабалар аманатына адалдық танытып, алаш қайраткерлерінің күрескерлік жолын темірқазық етіп ұстануы тиіс. Әлихан Бөкейханша қайырар болсақ,  «Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына зор жүк!».

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»