Бүгінде тепсе темір үзетін жас жігіттердің арасында екі қолын алдына сыйғыза алмай жүргендер көп. Сылтау бар. Жұмыс жоқ-мыс. Соқталдай болып бала-шағаға берілетін жәрдем, қарт әке-шешесінің зейнетақысынан әжетін айыруды ар көрмейді.
Ал заты мықты жігіттер мұндайды өлім көреді. Біреудің қорасына көзін сатпай-ақ өз ақылымен мал табудың жолын ойлайды. Солардың бірі Жаңақорған ауданы Қыркеңсе ауылының азаматы Серік Мырзабаев. Әуелгіде жұрт қатарлы төрт түлік ұстаған. Мал бағу-оңай жұмыс емес. Жылына бір рет төлдейтін төрт түліктің өзінен артылғанын саудаға шығару ұшпаққа жеткізе бермейді. Басқа тартса етекке, етекке тартса басқа жетпейтін ит тірлік азаматты қарадай жүнжітіп жібереді.
Серік тағдыр салды, мен көндімнің адамы емес.
«Бекарыс ауыл шаруашылығы жолы» серіктестігінің басшысы мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланудың оябын тапты. Асыл тұқымды мал сатып алып, өрісін кеңейтті.
Бүгінде Мырзабаевтың шаруашылығында 600-ден астам жылқы, 700-ден астам мүйізді ірі қара, мыңнан астам қой, жүзден астам түйе бар.
– Бала күнімізде қозы-лақ бағып өстік. Әке-шешеміз еңбекке үйретті. Он жасымнан бастап атқа отырып, үйге көмегімді бердім «Ер қанаты – ат» деп бекер айтылмаған. Жүйрік тұлпарым болса деп армандадым. Шаруа қожалығын құрдым. Мемлекет тарапынан да қолдау көп. «Сыбаға» «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламасының арқасында қаржы алып, асыл тұқымды мал басын көбейттім. Биыл облыс әкімінің бастамасымен аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» жарияланды. Бұл үлкен демеу болды, – деді ол.
Істің ығытын тапқан Серік осы жеткен жетістігіне тоқмейілситін жігіт емес. Шаруашылықты ірілендіру үшін жаңа деңгейге өтіп жатыр. Құны 25 млн теңге болатын мал сою цехын іске қоспақ болып талаптанып жүр. Өзге облыстардағы шаруа қожалықтарының осы бағыттағы жұмыстарымен танысқан жігіт ағасы сонымен қатар мал бордақылау ісін де жолға қояды.
Әрине, дүние жүзінде бар тәжірибе, мемлекет көмегінсіз ауыл шаруашылығы өзінен-өзі өркен жайып кете алмайды.
Серік Мырзабаев осы мүмкіндіктерді барынша пайдаланып жүрген бүгінгінің іскер азаматы.
Мұның неге осыншалықты ежіктеп айттық. Бүгінде өзінің мүмкіндіктеріне сенбейтіндер көп. Үлгі керек болса, мінеки.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биылғы жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялады. Ауыл шаруашылығын қолтықтан қаттырақ демеп жіберсе, жақсы жағына дүмпу болатынын білетін әкім облыс тарапынан кәсіпкерлікті өрістетуге барынша жағдай туғызып отыр.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесі агроөнеркәсіп саласында қатты байқалып жатыр. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы айналымына 274 мың гектар жер телімі тартылған. Осы жылдарда сала кешенінің негізгі капиталына 11 млрд теңгеге инвестиция құйылған. 2013 жылы ауылшаруашылық өнімін өндірушілеріне бар болғаны 215 млн теңге бөлінсе, тек өткен 2017 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5 млрд теңгеден асты. Бұл мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің өнім өндіру және қаржылық мүмкіндіктері бірнеше еселеп артып, дамығанын көрсетеді.
Аймақтың негізгі егіншілік саласында әртараптандыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда дақылдар көлемі 6 мың гектарға ұлғайды.
Ақ күріштің гектар түсімділігі 7,6 центнерге көтерілуі есебінен өнім көлемі екі есе ұлғайды. Өткен жылы 502 мың тонна өнім жиналды. Күрішті экспортқа шығару жұмыстары жалғастырылып жатыр.
Ауылшаруашылық тауар өндірушілері мемлекет тарапынан және ондаған несие қаржы ұйымдарынан тұрақты қолдау көріп отыр. Бір ғана мал шаруашылығын дамытуға соңғы бес жылда салаға тартылған инвестиция көлемі 23 есеге ұлғайған. Ал облыста мал басы өткен ғасырдағы ең көп болған уақыты – 1993 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 29,6 процентке, жылқы 50,4 процентке, түйе саны 52,5 процентке көбейген. Оның ішінде соңғы бес жылда ұйымдастырған шаруашылықтарда ет өндіру 2,8 есеге, сүт өндіру 1,6 есеге артқан. Облыс малшылары мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» және басқа бағдарламалар бойынша төрт түлік санын арттырып, оның өнімдерін өндіруде қолдау тауып отыр.
Қызылорда облысындағы агроөнеркәсіп саласының ерекше екпінмен дамып келе жатқандығын өңірге іссапармен келген «Атамекен» ҰҚП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев та атап айтып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызғаны үшін аймақ басшысына ризашылығын білдірген. Облыстың бұл саладағы жетістіктері өзге аймақтарға үлгі екендігін қадап айтқан. Ал бұл қалай мүмкін болды?!
– Біз 2018 жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялап, тиісті жол картасын әзірледік және барлық қаржыландыру көздерінен 32 млрд теңге жинақтап, оның 3 млрд теңгеге жуығын стартап-жобаларына қарастырдық.
Мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы бөлінуін күтпей-ақ, облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөліп, өңірлік инвестициялық орталыққа орналастырдық. Өйткені онда екінші деңгейлі банктерге қарағанда пайыздық мөлшерлеме қолжетімді, кепіл мүлік және несие беру саясаты ыңғайлы әрі ақша қайтарымдылығы жоғары. Одан бөлек микробизнеске қайтарымсыз грант беру мақсатында 200 млн теңге бөлінеді. Қазірдің өзінде 800-ге жуық өтінім түсіп, комиссия қарауына берілді. Комиссияның құрамында өңірлік кәсіпкерлер палатасының 4 өкілі бар, сондықтан шешім әділетті қабылданатын болады, дейді облыс әкімі.
Жақсы нәтижеге жету үшін әр ауылға жауапты тұлғалар бекітілген. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы 40-тан астам қызмет түрін ұсынып, әкімшілік кедергілердің азаюына оң ықпал етті. Бүгінде шағын және орта бизнес саласында 80 мыңнан астам адам еңбек етеді. Соңғы жылдары бизнеспен айналысушылардың үлесі 22-ден 26 процентке жетті. Енді бұл көрсеткішті 45 процентке дейін ұлғайту міндеті тұр. Аймақ экономикасының әртараптандырылуы, шикізатты экспорттаудан бәсекеге қабілетті өзге де салаларға ауысуы айтулы жетістіктерге бастады.
Облыста жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған бастамаларды қолдау үшін Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы жұмыс жасайды. Мұндағы ерекшелік, несие беруде және мүлікті кепілге қоюда халықтың мүмкіншілігіне мән беріледі. Бұрын қаржы институттары несие алғанда кепілге қою үшін атасының құнын сұрайтын. Ауылдағы қоржын там, ауылшаруашылық жерін місе тұтпай несие құнынан екі-үш есе қымбат тұратын мүлік сұрап, кәсіпкерлерді ерқашты қылатын еді. Қырымбек Көшербаев орталықты 2016 жылдан бастап кәсіпкерлер палатасының сенімгерлік басқаруына беріп бұл мәселені оңтайлы шешті. Бүгінде өңірлік орталық «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасында жетекші орынға ие болып отыр.
Міне, екі жеп биге шығудың ақиқаты. Осылайша, Қызылорда облысы кәсіпкерлерге мемлекеттік жәрдем беруде өзге облыстарға үлгі беріп отыр.
Мақаланың басында тәуекел туралы айттық. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Тағы да халық сөзі. Жақсы кәсіпті ойға алғанымен тәуе-
келдің қайығына мінуге жүрексініп жүргендерге еңбекқорлығымен бүгінде мыңды айдаған бай, күні кеше ғана қозы қайырып, қой құрттаған Серік Мырзабаевтың еңбегі мысал.
Не тұрыс, енді...
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы