Медицина • 07 Маусым, 2018

Киберқауіп әлемдік сын-қатерлердің көш басында

1416 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өзгермелі әлемде жа­ғым­ды жаңалықтармен қа­­­тар­ласқан, қауіп-қа­те­­рін көлденең тарт­қан түр­лі мәселелер жет­кі­лік­ті. Солардың арасында кибер­қауіпсіздік түйт­кіл­дері адамзат назарын өзі­не ерекше аудартып отыр. Соңғы уақытта ки­бер­­қауіпсіздіктің проб­ле­ма­лары жаппай қырып-жоюға бағытталған ядро­лық қарудан төнетін қауіп-қатерлермен теңес­тіріле айтыла бастады.


Киберқауіп әлемдік сын-қатерлердің көш басында

Бүгінгі «цифрланған» әлемді қанша жерден жағымды етіп сипаттағың келгенімен, оған көңілің шаба қой­майды. Өйткені әлем цифрланған сайын ол ұқыпсыз, өзіне сенімсіз жан­ның қолындағы сиқырланған, кез кел­ген кезде үгітіліп түсуі қиын емес шы­ны шарға айналып бара жатқандай кө­рі­неді. Осы орайда бірінші кезекте әлем­дік қарым-қатынастарда, оның ішін­де, әсі­ресе күш қолдану, әл­сізге тізе батыру, әскери-саяси қы­­сым жа­сау бағыттарында кибер­не­­ти­­ка­лық тә­сіл­дерді қолдану үрдіс­те­рі­нің ке­ңі­нен тарап бара жатқаны ойға оралады.

Қазір «Киберәскер», «Ки­бер­қару», «Кибербарлау» «Ки­бер­қорғану» тәріз­ді сала­лар­дың пайда болуы, ки­бер­­қыл­­мыскерлердің мүмкін­дік­терін көр­сеткен вирус­тық шабуылдардың шулы оқиға­лары қорғанудың немесе қар­сыласудың жаңа, заманауи деңгейіне көшуді талап ететіні белгілі. Сондықтан біздің елі­міз мемлекеттің ақпараттық қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге, қоғамның тұрақтылығын ны­ғай­туға, азаматтардың ақпа­раттық-ком­муникациялық технология­ны (АКТ) қолданған кезде құпия­лы­лығын сақтауға бағытталған «Кибер­қалқанды» құру ісіне баса назар аударып отыр. Өйткені Қазақстан та­рапы мемлекеттік шекараларды есеп­ке алмайтын кибер­қыл­мыс­кер­лер же­ке тұлғалар мен сенімді қол­дағы мем­лекеттік ақпараттық жүйелердің өзіне қауіп төндіретіндей әлеу­­ет­ке ие болып отыр­ғанын терең тү­сі­нуде. Со­нымен қатар біздің елі­міз кибер­қыл­мысқа, со­ның ішінде кибер­­тер­рор­из­мге қар­сы күрестің тиім­ділігін арт­ты­ру­да мемлекеттер ара­сындағы сені­м­ді әріптестіктің алар орнын жоғары ба­ғ­а­лайды.

Киберкеңістіктің мүмкін­діктері аз ғана уақыттың ішін­де мыңдаған адамды жинап, митинг ұйымдастыруға, қа­лып­тасқан мемлекеттік жүйеге қау­іп-қатер төндіруге, шығын­дары көп­­теген адам өмірімен өлшенетін проб­­лемалар туды­руға қабілетті екені та­лайларды шындап ойландыруда. Сондық­тан бүгінде мемлекеттер өзі­нің ұлттық киберкеңістігін қор­ғау мақ­са­тында шаралар ке­ше­нін құруға баса назар аударуда.

Жалпы, киберкеңістіктің дәстүрлі қауіп-қатерлері болып табылатын алая­­қтық, троллинг, арандату сынды жағымсыз әре­кеттердің қатарына қазір­гі таңда терроризм және діни экс­тремизм қосылды. Оның үстіне, өмі­рі­мізден тыс, виртуалды саналатын қау­іпқатерлер шынайы бола түсті, бізге тікелей әсер ете бастады.

Сәл шегіне сөйлесек, Еуро­па­лық ке­ңес бірінші рет 2001 жылы кибер­ке­ңіс­тіктегі қыл­мыс­тың анықтамалары мен жіктелуі, мемлекеттердің ынты­мақтастық механизмдері, құқық қор­ғау саласы органда­рының өзара іс-қи­мыл тәртібі және интер­нет қыз­­метін ұсыну­шылардың ақ­па­рат­­тарды сақ­тау мәселелері нақ­ты­­ланған «Ки­бер­қылмыс туралы кон­­венция» қа­былдады. Конвенция 2004 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді және оған 2005 жы­­лы отыз мемлекет қо­сылды. Бұ­лардың ішінде Еуропа елдері, АҚШ, Канада, Жапония және ОАР конвенцияны ратификация-
ла­ды.

Бұл конвенцияны қабыл­даудағы не­гізгі алғышарт ХХ ғасырдың соң­ғы жылдарында орын алған ки­бернетикалық қауіптер болды. Ол қол қойған ел­дердің бір-біріне ақ­парат бе­руіне және техникалық қол­жетімділіктің ерікті қағидат­та­рына негізделді. Конвенцияға қо­сыл­­ғандардың барлығы тығыз эко­номикалық қарым-қаты­настар орна­т­қан, көпшілігі НАТО-ның әскери бло­гына кіретін елдер болатын. Ал НАТО-мен әскери-саяси байланыстары жоқ мемлекеттер өздерінің ішкі іс­теріне араласуы, тәуелсіздік пен ұлт­тық қауіпсіздікке нұ­қ­сан келтіруі мүм­кін деген қауіп­пен конвенцияға қол қоймады. Кон­венцияға атал­ған себептерге байланыс­ты қосыл­маған елдер­дің арасын­да Ресей де болды.

Бұл жағдайлар ки­берқауіпсіздік бағы­тын­дағы сенімді әрі ауқымды ын­тымақтастық әлі орнай қой­мағанын білдіреді. Дегенмен аталған саладағы әріптестікті дамыту ісін ілгерілету шаралары жүзеге асырылуда. Мәселен, бүгінде киберқауіпсіздік сала­сындағы бір­лескен ынты­мақ­тастық комп­ью­терлік төтенше жағдаяттарға жауап беру қызметі (Computer еmergency response team – CERT) аясында өрістеп келеді.

ХХ ғасырдың соңғы онжыл­ды­ғында компьютер қауіп­сіздігіне қа­тысты төтенше жағ­дайлар туын­да­ғанда оларға лайықты жауап беруді көздейтін қызметтер құрыла бастады. Мәселен, осы бағыттағы FIRST қауымдастығы (The Forum of Incident Response and Security Teams – www.first.org) бүгінде 90-ға жуық елден 400-ге тарта орталықты біріктіріп отыр. Негі­зінде компьютерлік төтенше жағдаяттарға жауап беру қызметі (CERT) компьютерлік оқыс оқиғалар жөніндегі ақпараттарды жинау, талдау, қолданушыларға қолдау көрсету мақсатында құры­лады.

Сондай-ақ АҚШ-тың ұлттық қауіп­сіздігіне кері әсерін тигіз­ген, ха­лық­аралық қоғам­дастықтың назарын өзіне аударған Э.Сноуден төңі­регіндегі дау-дамай да кибер­қауіп­сіздік сала­сындағы аты шулы оқиға ретінде тарихқа тіркелді. АҚШ-тың Кибер­кеңістік саласындағы аса құпия деректерді жариялап жіберген Э.Сноуденнің іс-әрекетінен тек АҚШ емес, көптеген басқа да елдер жапа шекті. АҚШ-тың Орталық барлау қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігінде қызмет еткен ол елдің құпия мәліметтерінің кең ауқымын сыртқы шығарды. Біреу үшін қаһарман, біреу үшін сатқын саналатын Сноуден оқиғасынан кейін АҚШ және басқа да елдер өздерінің ақпарат­тық кеңістігін және мемлекеттік құры­лымдарын қорғау үшін тиісті шараларды қолға алды.

Ақпараттық қоғам құру саласында нақты қадамдар жасап, мемле­кеттік қыз­меттерді электронды пішінде бе­руді жолға қойған, мемлекеттік де­ректер базасын құрған, мем­ле­кет­­тік жүйесі цифрлы формат бой­ын­ша қалыптасып, тұрғындары ақ­па­раттық қоғамның пайдасын көре бас­­таған Қазақстан киберқауіпсіздік саласындағы әлемдік деңгейдегі төтенше оқиғаларға немқұрайлы қара­майтыны белгілі. Өйткені кибер­кеңіс­тік­тегі сын-қатерлер барлық елдердің ұлт­тық қауіпсіздігіне тікелей әсер ете­тіні дәлелденуде.

Астанада 2011 жылғы 15 маусымда өткен ШЫҰ саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық құқыққа «элек­тронды шекара», «электронды егемендік» тәрізді жаңа түсініктерді енгізетін кез келгенін айта отырып, «Киберпол» мін­детін атқаратын ШЫҰ-ның арнайы органын құру туралы ойластыру қажет сияқты», деген болатын. Бүгінде осыдан 7 жыл бұрын айтылған бұл ұсыныстың өзектілігі айқын көрінуде. Өйт­­кені киберкеңістіктегі же­дел өзгерістер, жетекші мем­лекет­тердің қорғану әрі өз үстемдігін қамтамасыз үшін осы бағытта бағдарламалар қабыл­дауы, киберәскер қатерінің шындыққа айналуы «электрон­ды шекара», «электронды еге­мендік» мәселелеріне сергек әрі байыппен қарауды талап етуде.

Кейбір деректерге қара­ғанда, бір­қатар елде «кибер­әскерлер» бөлім­ше­лері жұмыс істейтін көрінеді. Мәселен, 2009 жылдан бері АҚШ-та тіке­лей Пентагонға бағынатын ки­бер­­нетикалық күштік құры­лымдар пайда болған. Мұндай бөлімшелерді құру мәселесін қолға алып жатқан мем­лекеттер де баршылық. Әрине «Киберәскер» құру оңай шаруа емес. Оған көп қаржы, ғылыми потенциал қажет.

Осы орайда «Киберәскер», «Киберқару» сынды күштерді құр­ма­сақ та «электронды шекаралар» түз­іп, «электронды егемендік» құру­дың ма­ңыз­дылығы айқын көрінеді. Қазақ­стан бұл бағытта қол қусырып қарап отырған жоқ. Бұған дәлел ретінде Үкіметтің 2017 жылғы қаулысымен элек­тронды ақпараттық ресурс­тар, ақпараттық жүйелер және телекоммуникация желіле­рін қорғау са­ла­сындағы мемле­кеттік саясатты іске асыру­дың негізгі бағыттарын айқын­­­дайтын киберқауіпсіздік тұ­жы­­­рым­дамасы («Қазақстанның кибер­қал­қаны») бекітілгенін айтуға болады. Ха­лықаралық тәжірибелер еске­ріле отырып әзірленген бұл құ­жат «электрон­ды» шекараларды құру мен да­мытудың стра­тегиялық мақ­сат­та­рын айқын­дайды, ақпараттық қауіп­­сіз­дік оқиғаларының алдын алу және жедел әрекет ету тетіктерін әзір­леуді қамтамасыз етеді. Бұдан біз цифрлы әлемге жылдам еніп бара жатқан Қазақстан үшін ки­берқауіпсіздік саласы басым бағыттардың бірі болып отыр­ғанын ұғамыз.

Қорыта айтқанда, Қазақстан үшін киберқауіптерден қорғану мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сондықтан саланың нормативтік құқықтық базасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүр­гізудің маңызы зор. Осы орайда қазірдің өзін­де көптеген құжат­тар, нормативтік құ­қық­тық актілер, заң жобалары түзілді.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»