Әдебиет • 07 Маусым, 2018

Таразы басы тең (әңгіме)

677 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қыр басынан қарағанда біздің шағын ауыл әлдекімнің не арбасынан, не дорбасынан түсіп, шашылып қалған асықтай бытырап жатады. Мұндағы үйлердің жал­пы ұсқыны бір-біріне ұқсас болғанымен, барлық жерде­гідей әр шаңырақтың тағдыры әртүрлі, әр басқа. Мұнда небәрі отызға жуық қана түтін бар.

Таразы басы тең (әңгіме)

Сол отыз үйден таңер­тең, кешке отыз түтін будақ­тағанда ауыл үстін кәдім­гідей бозғылт тұман басып, жа­пы­райған жатаған үйлерді көгілдір пердеге орап, көзден тасалайды».

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Тыныштық кү­зет­шісі» атты әңгімесі міне, осындай тамаша суретпен басталады. Әлгі ауылға кенет­тен тап болған жолау­шыдай ерекше бір әсерге бөленесіз.

Рас, кейін осы әңгіменің желісі бойынша жазылған «Кішкентай ауыл» пьеса­сының қойылымын М.Әуезов атындағы әкемтеатрдың сах­­на­сынан талай рет тама­шаладық.

Сонда «қыр басынан қара­ғанда... әлдекімнің не арбасынан, не дорбасынан түсіп, шашылып қалған асықтай бытырап жатқан» ауылдың тыныштығын күзетіп, түнімен кірпік ілмей, жападан-жалғыз айғайлап, аспанға мылтық атып жүретін кеңкелес Деме­сінді өз көзімізбен көргендей болдық.

Алты жасар бала кезінде әке-шешесін ақ бандылар көз алдында атып тастағанда есі ауысып, өмір бойы кеңкелес атанып кеткен бейшара жан­ның ауыр тағдыры аласапыран тіршіліктің ащы шындығы ретінде оқырман жүрегінде біржола қалып қойды.

Бірде күтпеген жерден Дулат ағадан осы әңгіменің туу тарихын сұрап қалғаным бар-ды. Сөйтсем, оның расында да, бізге беймәлім мис­ти­калық сыры, естіп-білген жан­ның есінде ұзақ сақта­ла­тындай тылсым оқиғасы бар екен.

– Ол әңгіме әуелі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды ғой, – деді жазушы ойланып қалып. – Оған көп адам пікір айтты. О кезде мен ауруханада жатыр едім. Сюжетін түсімде көрдім. Оған дейін де сюжетті түстер көретінмін де, түнде тұрып жазып қоятынмын. Бірақ ертесінде оқығанымда олар керек­ке жарамайтын боп шығатын. Бұл жолы олай болмады. Таңертең оқығанымда әлгі сюжет мені бірден жазуға отырғызды. Жаңағы түсім әлі күнге дейін көз алдымда... Мен аурухана палатасының қақ ортасындағы үстел үстінде жалғыз жатыр екенмін-ау деймін (Соның алдында ғана дәрігерлер көңіл күйімді күрт түсіретіндей ауыр диаг­ноз қойып, аса бір жайсыз жағдайды хабарлап еді). Түсімде үстелді әлдекім айналып жүр. «Қорықпа, мен сені барлық бәледен қорғаймын. Қамықпа!» дейді. «Сен кімсің?» деймін. «Мен сенің тыныштығыңды күзетушімін» дейді. Оянып кетіп, осы түсімді жазып қойғанмын. Одан арғысы белгілі...

Осыдан соң, қымбатты оқырман, менің санамда: «Талантты жандарды Таби­ғаттың өзі де қорғайды екен-ау», деген бір ой мықтап орны­ғып қалды. Ал Табиғат деге­німіз – Алланың мың есімінің бірі емес пе!

Бірақ кейде... жұл­дыз­дай жарқыраған жас да­рындардың да бұл пәниден зымырап өте шығатынын көргенде: «Жақсы кісі Аллаға да керек», деп жұбатамыз ғой өзімізді.

Қалай болғанда да, таразы басы тең сияқты...

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»