13 Желтоқсан, 2011

Өлеңін өмірімен өрнектеген

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Ерінбеген етікші болады» деген­нің кері келіп, бүгінде өлеңнен енші ал­­ғысы келетіндердің қарасы тым кө­бей­іп барады. Екі ауыз сөздің басын құ­­­­­­рап, ұйқас қуатындар ақын атанып, жамау-жасқау жырларын жинақ етіп шыға­ру­ға ептіленіп алды. Ақиқатында, поэзия әлемінде аты таңсық Қуанбек Абдулла­ев­тың жыр-жинақтарын да осы са­нат­тағы көп кітаптардың бірі ме деген бір күдік, бір үмітпен қолға алдық. Отқа оранған ордаңда Отырарым, Ойға батып мен ұзақ отырармын. Тұяқтары таптаған Отырардың Уыстаймын қолға алып топырағын. Шымыр шумақ, шырайлы ой еріксіз шаужайға жармасып, Қуанбек шы­ғар­маларының шыңырауына тартып әкетті. Жүректен шыққан ғана жүрекке жетеді. Сезім қылын шертер мұндай жыр жолдары шын ақынжанды жүрек­тен туса керек. Тек өлеңді өнердің тө­ресі санап, көңілінің төріне қондыра­тын­дар ғана өзгенің санасын өрнекті оймен баурап, жыр әлемінің киелі сах­насына сескенбей шығады. Сабақтасып ұлы өмір үзілмеген, Қуат-жігер аламын өзіңнен мен. Игі жақсы адамдар ішіндегі, Көрінесің әкежан тізімдерден. Міне, өлең дүниесін мезгілінен кеш ашқан Қуанбек Абдуллаев әке туралы осылай толғанады. Шынайы шындық­ты тап басқан бұл шумақтың да оқыр­манын бей-жай қалдырмайтыны анық. Осы жыр кітаптарының біріндегі алғы сөзде Қуанбек «Қай тірліктің болса да алғашқысы ыстық, жаныңа жақын тәт­ті болары сөзсіз. Өлең жазу бала кезден еркімді баурап алды. Алғашқы өле­ңім 1958 жылы аудандық газетте жа­рық көрді. Кейін студент болған тұс­тарда республикалық басылымдарда бірді-екілі өлеңдерімнің шыққаны бар. Тек соңғы 10-15 жыл көлемінде өнді­ріп жаза бастадым», деп ағынан жары­лады. Иә, егде тартқанда өлең әлеміне еркін бойлап, төрт құбыласы тең терең туындылар туғызу екінің бірінің қо­лынан келе бермейтін құб­ы­лыс екені даусыз. Бірақ, ол бойдағы дарынын ке­ңінен ашып, қаламынан шыққан әрбір шығармасында түйсікті ойларын түйін­дей толғанады. Әр қазақтың төрінен орын алып, Жатыр сенің арманың орындалып. Архив те емес, жүректе тербетілген, Жырларына тәу етем, қолыма алып. Міне, Қуанбек өзінің ақиық ақын Мұқағалиға деген жүрекжарды сезімі мен сүйіспеншілігін осылай сездіреді. Қайың біткен көнбедің сен айырбасқа, Адам болып тұрсаңдар жарамас па? Мұқағали тербеліп тұрар еді-ау, Таң атқанда, қайың боп, қарбаласта. Қуанбек, жалпы, шығармаларында өзінің кең ауқымды ақын болғысы келетіндігін өзінің ой-өрісінің биіктігі­мен-ақ көрсетіп тұрғандай. Оның ту­ған жерге, өскен ортаға деген ыстық ықыласы, тарихқа, тағылымға деген шы­найы сезімдері көзі ашық әрбір оқырманның жүрегіне жол тауып зердесіне ой тастайтыны сөзсіз. Оңтүстік өңіріне, Сыр өлкесіне ке­ңінен танымал Отырар аймағының төл перзенті Қуанбек Абдуллаев 1946 жылы Отырар ауданы, Талапты ауылында дү­ниеге келген. Негізгі мамандығы мал­дә­рігерлік саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, шағалалы Шардара ауда­нын­да зор құрметке бөленген ел ағасы. Ол өлең әлемін өнімді өлең­де­рімен кеш­теу аттаса да жырсүйер қауым ара­сынан өзінің оқырмандарын тауып, лайықты жырларымен көпшілік көңі­лінен шығып келеді. Таулар биік таласады аспанмен, Биіктікпен санасатын қасқаң – Мен. Жырларыңды ақ жауын боп төгілген, Қатар қоям мазмұны мол дастанмен. Иә, бұл ақын Қуанбек Абдуллаев­тың өлең дүниесінің биік сахнасына шық­қандағы жазған шынайы сезімі. Ақын­ның бұл жыр жолдары өзіне деген сенімділіктің әлеуетін көрсетіп, ешкімге тәуелді болмай, жалтақтамай шына­йы өмір сүрудің қажырлы еңбек­пен, тынымсыз күрестің ғана жетістікке жеткізетінін паш етеді. Ақын өлең­де­рінің зор рухы да осында. Марат АҚҚҰЛ.