13 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздікпен бірге түлеген кәсіпорын

347 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Алғашқы өнімін бере бас­та­ға­лы 67 жылға бет алған қазақ мұ­най өңдеу өнеркәсібінің қар­лы­ға­шы – Атырау мұнай өңдеу за­уы­ты ел Тәуелсіздігімен бірге жа­сап келеді. Бүгінде кәсіп­ор­ын­да Қазақ­станда баламасы жоқ жа­ңа за­ман­ғы кешендер жобасы жүзеге асырылуда. Өндірілетін өнімнің түрлері ғана емес, олар­дың сапа көрсеткіштері де еселеніп, бәсе­кеге қабілеттілігі арта түсті. Кә­сіпорынның қол жет­­­кізген та­быстарын «Аты­рау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Талғат Алты­байұлы БАЙТАЗИЕВ ел Тәуел­сіз­дігімен байланыс­ты­ра­ды. Та­ри­хы бай, келешегі кемел өндіріс ордасының кешегісі мен бүгіні туралы әңгіме ба­ры­сында зау­ыт басшысының сөзі­нен осыны түйдік. – Талғат Алтыбайұлы, биылғы жыл қазақ елінің өз алдына дербес мемлекет болып, Тәуелсіздік тізгінін қолына алғалы 20 жыл толуымен ай­рық­ша. Әрине, 20 жыл тарих үшін ай­тарлықтай ұзақ уақыт емес десек те, еліміз үшін елеулі өзгерістермен, айту­лы оқиға, жаңа бетбұрыстармен ерекшеленді бұл кезең. Өткенді екшеп, келер күнді бағдарлайтын осындай сәт­те сіз басшылық ететін зауыт қандай жетістіктерімен мақтана алады? – Өзіңіз айтып өткендей, Тәуелсіз 20 жыл ішінде еліміз көптеген өзгерістерді бастан кешірді. Біз де өзімізді осы мем­лекеттің шағын бөлшегі деп білеміз, сон­дықтан да зауытымыздың даму тари­хын мемлекет тарихынан бөліп қарауға болмайды. Тарихсыз бүгін жоқ. Біздің баянды бүгініміздің негізі сол кешегі өткен күндерде жатыр. Зауытымыз елмен бірге қарқынды дамып келеді. Кәсіпорын жаңаша кейіпке енді, өндіріс көлемі ұлғайды, мұнай өңдеудің жаңа технологиялары игерілді. Атырау мұнай өңдеу зауыты – Қа­зақ­стандағы ірі өнеркәсіп ошақтарының бірі. 1945 жылдың 8 қыркүйегінде іске қо­сылған зауыттың алғашқы жылдық өң­деу қуаты 800 мың тонна мұнай болған еді. Ал ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша біз 4 074,2 мың тонна мұнай өңдедік. Кәсіпорынның Тәуелсіздік жылдарындағы аяқ алысына тоқталар болсақ, тілге тиек етер тұстар жетерлік. Солардың бірі – 1992 жылы Атырау МӨЗ бірінші рет Теңіз мұнайын өңдеуді жүзеге асыра бастауы. Бұл құрамында ашық түсті бөлінділердің үле­сі басым жаңа мұнай түрі еді, со­ны­мен қатар, оның құрамында метил-этил­меркаптандардың болуы үлкен дайын­дықты және бірқатар технологиялық, экологиялық проблемаларды шешу міндетін жүктеді. Сондай-ақ, біздің зауыт елімізде алғашқылар қатарында акционерлік қоғам атанды. Соңғы жиырма жылдың ішінде жаңа өнім түрлері игеріліп, реактивті отын, АИ-80, АИ-96, Регуляр-92, Супер-98, Пре­миум-95 автомобиль бензиндері шы­ға­рыла бастады. 2000 жылы жылдық қуаты 600 текше/сағат техникалық азот өндіретін ал­ғаш­қы қондырғы салынды. Қуаты 1 200 текше/сағат екінші қондырғы 2006 жы­лы пайдалануға берілді. 2003-2006 жыл­да­ры тарихқа жапондық деген атпен енген қайта жаңғырту жұмыстары жүр­гі­зілді. Жапондық Джи Ди Си және Марубени Корпорейшн компанияларымен серіктестікте ауқымды жобалар жүзеге асты. Қайта жаңғырту жұмыстары ая­сын­да бензинді сутекпен тазарту және изомерлеу, дизель отынын сутекпен тазарту және парафинсіздендіру, сутек тазарту және шығару, түйіршіктеу блогы бар күкірт шығару қондырғылары салы­нып, пайдалануға берілді. Бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауыты Еуро-2 деңгейінің талаптарына сәйкес келетін Регуляр-92, Премиум-95, Супер-98 автокөлік бензиндерін шығарады. Қайта жаңғыртудың арқасында жоғары­октанды бензин өндірісінің көлемі де айтарлықтай өсті. Дизель отындары да Еуро – 2,3,4 деңгейлеріне сәйкес келеді. Жапондық қайта жаңғырту жұмыста­ры барысында биологиялық тазарту има­раттары салынып, зауыттың буландыру аумағына жіберілетін сарқынды су сапа­сы айтарлықтай жақсарды. Мысалы, сар­қынды судағы мұнай өнімдерінің кө­лемі 48 мг/л-ден 0,8-1 мг/л-ге дейін төмендеді. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында жаңа қондырғылар мен зауыт ЖЭО үшін дербес су айналым жүйесі салынды. Соның арқасында Жай­ық өзенінің суын пайдалану мөлшері 2007 жылы 1,3 млн. текше метрге дейін азайды. Зауыттың алау шаруашылығы қайта жаңғыртылып, осының нәтижесін­де алау бағандарындағы газ жану көр­сеткіші ең төменгі деңгейге жеткізілді. Мұнай, қарамай, дизель отыны автобензин сақтауға арналған жаңа қазан парк­тері пайдалануға берілді. Кәсіп­ор­ын­ға экологиялық тұрғыда баға беріл­ген­де оның өрт және жарылыс қаупі есепке алынады. Осы орайда зауыт автоматты қадағалау, хабарлау және өрт сөндіру құралдарымен жарақталған. Биылғы жылы АВТ-2 және баяу кокс­теу қондырғыларын қайта жаңғырту жұ­мыстарын аяқтадық. Зауыттың жылу электр орталығын қайта жаңғырту бой­ынша жұмыстар басталды. Жалпылай алғанда, атқарылып жат­қан іс-шаралардың қай-қайсысы да өнім сапасын арттыру міндетінен туындап отыр. Біздің ұстанып отырған саясаты­мыздың басым бағытының бірі де бірегейі – экологиялық қауіпсіздік. Мен санамалап көрсеткен жұмыстардың барлы­ғы да осы мақсатты көздейді. Біз осы­ның арқасында қоршаған ортаға шыға­рылатын қалдықтардың мөлшерін айтар­лықтай төмендеттік. Өндірілетін өнімнің экологиялық көрсеткіші жақсарды. Бұл дегеніміз – біздің өнімдерді тұтынудың экологиялық қауіпсіздігі мейлінше арта түсті деген сөз. Тиісінше біздің кәсіпорын тарапынан қоршаған ортаны ластағандығы үшін тө­ленетін төлемдер бұрынғыға қара­ған­да біраз төмендеді. Бұдан өзге, жергілікті биліктің ұсынысын ескере отырып, ағым­дағы жылы АтМӨЗ-дің аймақтың эко­ло­гиялық жағдайына және тұр­ғын­дар­дың денсаулығына әсерін зерттеу мақ­сатында 50 млн. теңге қаражат бөлінді. «Атырау МӨЗ» ЖШС экология сала­­сын­да ISO 14001:2004, қауіпсіздік және ең­­­­­­­бек қорғау саласында OHSAS 18001:2008 се­рия­лы халықаралық стандарттармен сер­ти­фикатталып, оны 2006-2007 жыл­дары сәтті енгізе алдық. 2009 жы­л­дың жел­тоқ­санынан бастап зауыт сапа және менеджмент саласында ISO 9001:2008 сериялы халықаралық стандартпен сәй­кес­тігі бойынша сертификатталды. – Кәсіпорында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың ба­рысы туралы әңгімелеп берсеңіз. Бұл жобалар еліміздің мұнай өңдеу өнер­кә­сібіне қандай жаңалықтар әкелмек? – 2015 жылға дейін Атырау МӨЗ-да екі ірі жоба жүзеге аспақ: ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен және мұнай өнімдерін ауқымды өңдеу кешен­дерінің құрылысы. Осыдан бір жыл бұ­рын ароматты көмірсутек өндіретін кешен құрылысының жобасы сәтті бастау­ын алды. Қазақстанда баламасыз боп та­нылатын бұл жоба еліміздің мұнай өң­деу саласындағы жаңа бетбұрыс ретінде бағаланды. 2009 жылғы 29 қазанда “Аты­рауМӨЗ” ЖШС мен Қытайдың “Си­нопек Инжиниринг” компаниясы ара­сында ароматты көмірсутектер шыға­ра­тын кешен құрылысының шартына, был­тырғы жылдың 30 шілдесінде «Қа­зақ­станның Даму Банкі» АҚ-пен «Аты­рау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС ара­сын­да 1 млрд. 63 млн. АҚШ доллары кө­ле­мін­де несие беру жөніндегі Бас несие келісіміне қол қойылды. Өткен жылдың 4 қыркүйегінде кешен іргетасының алғаш­қ­ы тасы қаланып, тарихи сипатқа ие бұл шара салтанатты түрде атап өтілді. Бұл – Қазақстан мұнай өңдеу өнеркәсібінің жаңа дәуірінің бастауы. Тек бұл ғана емес, бұл кешен мұнай-химия өнеркә­сі­бінің даму қарқынын үдете түспек. Осы уақыт ішінде бекітілген кестеге сай жұмыстар атқарылып, құрылыс алаң­дары дайындалды. Бөлшектеу жұ­мыс­тары жүргізіліп, құрылыс жұмыс­та­ры басталды. Sinopec Engineering ком­па­ниясының қазақстандық филиалы мердігер «Атырау облыстық геотехникалық орталығы» КҚМК күшімен инженерлік-геологиялық және топографиялық-геоде­зиялық жұмыстардың ауқымды бөлігін атқарып үлгерді. Аталған жоба аясында шикізат бойынша өнімділігі жылына 1 млн. тоннаға тең катализаторды үздіксіз регенерациялайтын каталитикалық риформинг қондырғысы, бензол мен толу­ол­ды экстракциялау қондырғысы, параксилол бөлу қондырғысы, толуол мен ауыр ароматты көмірсутектерді трансалкилдеу қондырғысы салынбақ. Сондай-ақ, жоба аясында жалпызауыттық ша­руа­шылық нысандарының құрылысы да қарастырылған. Жоба 2013 жылдың жел­тоқ­санында пайдалануға берілмек. Бұл дегеніңіз – зауыт жылына 133 мың тон­на­ға дейін бензол, 496 мың тоннаға дейін параксилол өндіруге мүмкіндік ала­ды деген сөз. Қолданыстағы технология бойынша өндірілетін бензиннің құра­мын­да бензол бар және ол автокөлік тү­ті­німен бірге ауаға тарайды. Қазіргі таң­да зауытта өндірілетін бензин құрамын­дағы бензолдың үлесі – 5 пайыз. Ал кешен іске қосылысымен бұл көрсеткіш 1 пайызға дейін төмендемек. Бұл инвести­ция­лық жобаның негізгі мақсаты – өнді­рілетін өнімнің экологиялық сипаттарын жетілдіре отырып, нарықты сапалы мотор отынымен қамтамасыз ету, мұнай-химия өнеркәсібі үшін шикізат өндіру. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқан бұл жоба, ең алдымен, Тәуелсіз Қазақстанды бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосу міндетінен туындаған қажеттілік. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қар­са­ңында, яғни, 15 желтоқсан күні зауы­ты­мызда Мұнайды ауқымды өңдеу кешені жобасы құрылысының «түбегейлі тапсы­ру» шартына қол қою рәсіміне арналған үлкен ресми шара өтпек. АтМӨЗ-де ау­қым­ды мұнай өңдеу кешенін салу өнім­дегі күкіртті, азотты және басқа да қосы­лыстарды төмендету арқы­лы Ееро-4 дең­гейінен кем емес жоғары октанды бензин және дизель отындарын алу, жаңа заман­ғы технологияларды, қа­зан агрегаттарын қолдану арқылы ауаға тасталатын ласта­ғыш заттар көлемін азайту, өңдеуге қара­май мен ваккумды газойлды тарттыру ар­қылы мұнай өңдеу ауқымдылығын арт­ты­ру мүмкіндігіне жол ашпақ. Бұған дейін шикізат базасы болып келген Қазақстандағы ең алғашқы бензин Атырау мұнай өңдеу зауытында ал­ын­д­ы. Зауыт алғаш болып Еуро-2 дең­ге­й­індегі бензин өндірісін, Еуро-2,3,4 дең­гейіндегі дизель отынын өндіруді қолға алды. Елге Еуро-5 деңгейлі автокөлік бензинін де бірінші болып Атырау мұнай өңдеу зауыты беретініне күмән келтірмеймін. – Бағындырылған бұл биіктер зау­ыттықтардың ортақ жеңісі екеніне дау жоқ. Ендеше, әңгіме арнасын аты­раулық мұнай өңдеушілердің әлеумет­тік жағдайына бұрсақ. Жұмысшы­лардың жайлы еңбегіне жағдай толық жасалған ба? – Зауытымыздағы ең басты құнды­лық – зауыттықтар. Біздің зауыт көпұлт­ты ұжым, мұнда 25-ке жуық ұлт өкілдері ең­бек етеді. Ұжымның жылдар бойына қа­лып­тасқан ізгі дәстүрлері жетерлік. Бір кез­дері зауыттың бастауында тұрған аға буын жас толқынмен алмасып, еңбек ту­ын абыроймен жалғаған еңбекші әу­лет­тер қалыптасты. Зауыттықтардың қо­лай­лы еңбек етуі былай тұрсын, жайлы тұр­мы­сына толық жағдай жасалған. Зауыт­тықтардың балалары зауыттың балалар ком­бинатында тәрбиеленеді. Зау­ыт жа­нын­да арнайы медициналық қосын жұ­мыс істейді, оған қоса қызмет­кер­лер­ге жә­не олардың отбасы мүшелерінен бір адамға медициналық сақтандыру кар­­талары беріледі. Зейнеткерлеріміз де назардан тыс қалған емес, ұдайы біздің қамқорлы­ғы­мызда. Жас мамандарға қол­дау көрсетуде де аянып қалып жатқан жоқпыз. Қыз­мет­керлеріміз біліктілігін арт­тыру, тәжірибе алмасу мақсатында алыс-жақын шетелдерге сапарлап тұра­ды. Сондай-ақ, жұ­мыс­шыларды тұрғын үймен қамту мә­се­лесіне де жете мән беріледі. Балаларымыз жыл сайын Алма­ты, Анапа, Көкшетау қа­лаларына барып тынығады. Зауыттық­тар­дың бос уақы­тын тиімді өткізу үшін қы­сы-жазы түрлі спорттық жарыстар, за­уыт­ішілік спартакиадалар өтіп тұрады. Өнерден де кенде емеспіз. Кәсіби мерекеміз қарсаңында зауыт қызметкерлері ара­сында көркем­өнер­паздар байқауын ұйым­дастыру дәс­т­үрге енген. Зауыттықтардың тыныс-тір­шілігін танытатын 60 жылдан астам та­ри­хы бар «Новатор» көп тара­лым­ды газетіміз, тарихымызды баяндай­тын Тарих және еңбек даңқы мұражайы бар. Міне, елдің 20 жылдық тойына ос­ын­дай жетістіктерімізбен қадам басып отырмыз. Алдағы күннің асулары бұдан да биік. Мұны бағындыруға біздің қа­бі­летіміз де, жігеріміз де жетеді. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен  Диас СМАҒҰЛ.

Атырау.